Мәжіліс депутаты, Nur Otan фракциясының мүшесі Ф.Қаратаев еңбек жолын 1981 жылы Жамбыл тері шикізаты зауытында таразы өлшегіш болып бастаған. Кейін «Жанубий Қозоғистон» облыстық газетінің бас редакторы қызметін, жергілікті атқарушы органдарда бірқатар лауазымды қызмет атқарды. Біз депутатпен партияның қоғамдағы және қазіргі жаңа замандағы рөлі жайында тілдестік. – Фахриддин Әбдинәбиұлы, Nur Otan Саяси кеңесінің 2019 жылғы 21 тамыздағы кеңейтілген отырысында партия Төрағасы – Елбасы Н.Назарбаев берген тапсырмалар қалай орындалып жатыр? – Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында көтерілген мәселелер қазіргі кезде де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сол жиында Елбасы халықтың қолдауына ие болу үшін партиямыз әлеуметтік көкейкесті мәселелерді шешудің нақты жолдарын ұсыну керек деді. Сонымен қатар партияның қоғамды жұмылдыру үдерісінде маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, биліктің барлық деңгейінде жауапкершілікті арттыруды тапсырды. Кейінгі кезде әлемдік деңгейдегі дағдарыс және пандемия салдарынан Қазақстанда да батыл әрі жедел шешімдерді қажет ететін күрделі жағдай қалыптасты. Осы орайда, Nur Otan партиясы, Үкімет және жергілікті атқарушы органдар бірлескен тиімді жұмысымен көзге түсуде. Еліміздің барлық өңірінде жаңа серпілістің лебі сезіледі. Отырыста қабылданған «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – Nur Otan партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасы да жаңғыруға өз септігін тигізіп келеді. Бағдарламаға сәйкес, алдағы уақытта партияның белсенді мүшелерін топтастыру, жемқорлықпен күресті күшейту, лайықты емес мүшелерді партия қатарынан шығару, барлық деңгейде партия органдарының әлеуетін толыққанды жүзеге асыру бағытында іс-шаралар жүреді. Бұл жұмыстың жемісін жақында көреміз деген сенімдемін. – Кеңейтілген отырыс барысында қарқынды ақпараттық-идеологиялық жұмысты ұйымдастыру мәселесі көтерілді. Соның егжей-тегжейіне тоқтала кетсеңіз? – ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры. Өкінішке қарай, қоғам тыныштығын бұзу, елдің тұрақтылығын шайқалту мақсатында шындыққа жанаспайтын, арандатуға соқтыратын ақпараттар тарату көбейді. Мемлекеттіліктің, тәуелсіздіктің ұстындарына нұқсан келтіретін осындай қауіптің алдын алу мақсатында Nur Otan төл ақпараттық стратегиясын түбегейлі қайта қарауы қажет деп баса айтылды. Соған байланысты қарқынды ақпараттық-идеологиялық жұмысты ұйымдастыру жүктелді. Елбасы партияның бұқаралық ақпарат құралдары объективті және жедел ақпарат көздеріне айналып, халықтың сеніміне ие болуы шарт деген міндет қойды. «Заман өзгерді. Жағдай өзгерді. Еліміздің жетекші күші ретінде саяси басшылықты бекемдеу, стратегиялық бағыттан ауытқымау үшін Nur Otan бүкіл қоғамды жұмылдыруы тиіс», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл құр әншейін айтыла салған сөз емес. Біз Қазақстанның, халықтың алдыңғы қатарынан табылып, елді ілгері жетелейтін, жаңа заманның беталысын, мемлекет алдындағы маңызды міндет-мақсатты елге түсіндіретін ұйым екенімізді ұмытпауымыз керек. Егер ондай рөлді орындай алмасақ, онда орнымызға басқа партия келеді. Сондықтан жауапкершілікті нақты түсінгеніміз жөн. Бас партияның басты миссиясы – сайлаушылардың сенімін ақтау болмақ. – Осы мақсатта жүзеге асырылған жұмыстарды да тілге тиек етсек? – Атқарылған жұмыс аз емес. Nur Otan партиясының және оның Мәжілістегі фракциясының қолдауымен былтыр, яғни 2019 жылғы 1 сәуірден бастап атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) мөлшері өсті. Шілдеден бастап мүгедек балалар күтіміне арналған жәрдемақы артты. «Нұрлы жер» бағдарламасы Қазақстанды алып құрылыс алаңына айналдырды. Премьер-Министр Асқар Маминнің мәлімдеуінше, жылдың соңына дейін «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы 53 ауыл жаңғырады. Ауызсумен қамтуға 127 миллиард теңге бөлініп, 2023 жылы Қазақстанның барлық ауылы 100% таза сумен қамтылады. Сонымен бірге билік пен билеуші партияның халыққа тағы да бір табан жақындай түскені байқалады. Айталық, мемлекет коронавирус пандемиясы кезінде үйде оқшауланып, тіршілік көзінен айырылған, кәсібімен айналыса алмай қалған тұрғындарды қиындықпен жалғыз қалдырмады. Барлығы салыстыру арқылы танылады ғой, іргедегі Орталық Азия елдеріндегі жағдайға қанықсаңыз, бұған айқын көз жеткізесіз. 4,5 миллионға жуық қазақстандық 42 500 теңге көлемінде көмекке қол жеткізді. 2 миллионға жуық тұрғынның коммуналдық шығындарын мемлекет өтеп берді. Кәсіпкерлік нысандары салықтан босатылды, жеңілдіктер алды. Бұл – шағын және орта бизнеске ауадай қажет шара. Парламент Мәжілісіндегі Nur Otan партиясы фракциясының таяуда өткен отырысында дағдарысқа қарсы шаралар жан-жақты талқыланды. Өзекті мәселелер мен ұсынымдар Үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайыловқа жолданды. Жуырда бұл шаралардың біз күткендей нәтиже береріне сенімдіміз. Өзбекстанның Сардоба су қоймасының бұзылуы салдарынан Мақтаарал ауданында су астында қалған елді мекендер тұрғындарына Nur Otan партиясының жетекшілігімен көмек көрсетіліп жатыр. Партия Төрағасының Саяси кеңес жиынында берген тапсырмаларының қаншалықты жүзеге асып жатқанын осыдан-ақ бағалай аламыз. Алғашқы эвакуациялау кезеңінен бастап бүгінгі құрылыс жұмыстарына дейін Nur Otan партиясының өкілдері белсенділік танытуда. Төрағаның бірінші орынбасары Б.Байбек өңірді аралап, қажетті шараларды қолға алды. #BizBirgemiz қоры ұйымдастырған гуманитарлық көмек зардап шеккен тұрғындарға қомақты қолғабыс болды. Ең бастысы, тізе қоса қимылдаған партия мен биліктің тиімді жұмысы елге игілік әкеліп отыр. – Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Айхан ШӘРІП