Өткен ғасырда Батыста ерлердің көбі трубка мен сигара тартып, шылымға сұраныс аз болыпты. Содан АҚШ заңының олқылығын пайдаланған American Tobacco қожайыны Джеймс Дьюк басқа бағытты тапты: темекіні әйелдер мен балаларға жарнамалай бастады. Сөйтіп, дегеніне жетті: нәзік болмыс иелері көкшіл түтінді түйдек-түйдек бұрқыратуды – ерлермен тең болудың, ал жасөспірімдер – ересек көрінудің нышаны деп қабылдады. Бұл әлемде ауыр дерттің белең алуына соқтырды. «Тарих қайталануда», – дейді сарапшылар. Жарнама арқасында әйелдер мен жастар арасында электронды темекі шегу өркен жайды. Елордалық 15 жасар Алан болашағынан мол үміт күттіретін жас спортшының бірі болған. Республикалық және халықаралық жарыстарда жүлде алып жүрді. Кейін спортпен қош айтысуына тура келіпті. Себебі темекінің түтініне уланған ағзасы оған мүмкіндік бермейді. Ентігеді, тез болдырады. Тамаққа, жұмысқа, жаттығуға және басқаға зауқы жоқ. Ол шылым шегуді электронды темекіден бастағанын айтады. «Сыныптастарымның бірі кішкентай құтысы бар, фломастерге ұқсас нәрсе әкелді. Вейп екенін кейін білдім. Ол кезде «парилка» деп таныстырды. Түтін емес, бу жұтасың деп мақтады. Ақыры ол қолдан-қолға өтіп, бәріміз татып көрдік. Және оны барлық жерде шегуге болатыны анықталды. Заңмен тыйым салынбапты. Мектептің бұрыш-қуысында, киім ілгіште еркін шегіп жүрдік. Соңынан жолдастарыммен бірге шын темекіге көштік», – дейді Алан. Қазақстанда шынында кереғар, парадоксты жағдай қалыптасты. Балаларға темекі сатуға қатаң тыйым салынған. Алайда олар үшін синтетикалық никотин толтырылатын электронды темекілер, вейптер, сондай-ақ IQOS («айкостар») әбден қолжетімді: интернет және әлеуметтік желі арқылы оқушылар арасында кеңінен жарнамаланады. Салдарынан жастардан темекі тұтынушылардың жаңа легін де дәл осы электронды темекі нарығы тәрбиелейді.
Электронды темекі
Қауіптісі сол, біріншіден, электронды темекілер мен айкостар шылымға қарағанда зияны аз деп насихатталады. Шынында олай емес екенін зерттеулер дәлелдеді. Екіншіден, әсем безендірілген кішкентай құтыға, қорапшаға толтырылған бұл өнімдер әлдебір инновация, сәнді тауар ретінде ұсынылады. Мәселен, вейптерда батарея заряды, картридждегі өнімі қанша қалғанын көрсететін индикатор-лампа қарастырылған. Нәтижесінде, жастар оны девайс, гаджет деп таниды. Үшіншіден, бозбала түгіл, бойжеткендер де туған күнге бір-біріне вейп сыйлайтын жаман дәстүр қалыптасуда. Демек, бұрын қызықпаған қыз бала сыйлық ретінде алған соң әрі достарының көңілін қалдырмау үшін оны татып көруі, сөйтіп тұрақты тұтынуға көшуі ғажап емес. Осындай қауіпті көре отырып, мемлекеттің оған үн қатпауы, тосқауыл мен шектеу қоймауы – болашаққа балта шапқанмен бірдей болар еді. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі Парламентке табыстаған «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа кодекс жобасына ұлт жанашырлары асыға күткен өзгерістер енді. Оған сәйкес, электронды темекі дәстүрлі шылыммен теңестірілді. Тиісінше, оны да ғимарат ішінде будақтатуға тыйым салынады. Бұған қоса, «дәстүрлі» және электронды темекілерді ашық сөреде сатуға жол берілмейді. Олар арнайы жабдықталған сөреде шымылдырық артына жасырылуы тиіс. Шылымқор сұраса ғана сатушы әлгі жабық пердені түріп жіберіп тауарды алып береді. Бұдан бөлек, Қазақстанда темекі өнімдерін тек жасы 21-ден асқан адамдарға ғана сату көзделіп отыр. Бұған дейін 18-ге толғандар сатып ала беретін. Осы жаңалықтарды қарастыратын Денсаулық кодексі жобасын Мәжіліс екі оқылымда мақұлдап, Сенатқа жолдады. Егер Сенат қолдаса, Мемлекет басшысы қол қойса, жаңа кодекс өмірге жолдама алмақ. ДСМ тұжырымдауынша, темекіге қарсы жаңа шаралар 5 жыл ішінде әлгі жаман әдеті бар қазақстандықтардың санын 5%-ға азайта алады. – Кез келген гипермаркетке, ірі дүкенге кірсеңіз, темекі өнімдері касса алдындағы биік орналасқан әдемі сөреде қаз-қатар тізіліп тұрады. Кассаға кезегіңізді күткенше соны тамашалауға мәжбүрсіз. Бұл әсіресе, жастардың оған деген ынта-ықыласын тудырады. Министрлік әзірлеген жаңа кодекс жобасы бойынша бұл тауар енді жабық сөреге жасырылуы керек. Онда сигареттің қандай түрлері бары алфавиттік ретпен арнайы тізімде жазылады. Шылымқор адам соны оқып, өзіне керектісін таңдап ала алады, – дейді депутат Зәуреш Аманжолова.Бу мен шу
Жалпы, IQOS-тегідей темекіні қыздыратын немесе темекісі картриджге сығымдалған электронды темекілерді балаларға сатуға біраздан тыйым салынған. Снюс секілді шайналатын темекі де, насыбай да тыйымға ілікті. Ал вейптер және оны толтырғыштар заңның олқылығын пайдаланып нарыққа жол тартты. Ол қандай олқылық? 2009 жылы қабылданған қолданыстағы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс тек темекі (табак) жапырағынан дайындалатын өнімдерді ғана реттейді. «Темекі бұйымдары – шегу, сору, шайнау немесе иіскеу үшін пайдалануға дайындалған шикізат материалы ретінде толық немесе ішінара темекі жапырағынан жасалған өнімдер» делінген онда. Ал жастар буландыратынына қарап, «парилка» деп атайтын вейптарда темекі-табак жоқ, ол синтетикалық никотинмен (СН) толтырылады. Ұлттық заңнамада СН туралы ештеңе айтылмаған. Дәл осы кемшілікті «никпэк» сатушылар да өз орайына қолданады. Никпэк дегеніміз – снюстың орнын басқан, темекісі жоқ елітуші қоспалардан тұратын фильтр-пакет. Кейінгі кезде ТМД көлемінде, соның ішінде Қазақстанда жастардың вейп пен никпэктен зардап шегіп, улану деректері кездесуде. Бұлар, тіпті қарапайым темекіден қауіпті болып шықты. Себебі оларда никотин дозасы синтетикалық никотиннің шоғырлану көлеміне байланысты. Кейбір вейптер 300 рет соруға арналған. Бұлардың барлығы бекітілген мемлекеттік стандартсыз, бақылаусыз жасалатындықтан, онда нақты қанша никотин бары беймәлім. Мәселен, бір дана шылымда орташа есеппен 1-2 миллиграмм никотин болса, бір никпэкте оның көлемі ондаған есе асып түсуі мүмкін. Соның кесірінен оны тұтынған жастардың ауыз қуысы – толған жара. Үнемі уланып, құсып жүргені. Дәрігерге қаралмаған соң улану дерегі тіркелмейді. Тіпті, емханаға жүгінгеннің өзінде ата-анасы білмеуі үшін уланудың басқа себебін айта салады. Осы өнімдерді блогерлер жарнамалайды. Қынжылтатыны сол, темекі магнаттарының шашпауын кейбір қоғам белсенділері де көтеріп жүр. «Аман-саулық» қоғамдық қорының президенті Бақыт Түменова бірнеше жылдан бері электронды темекінің зияны аз екенін айтумен әлек. Ал экс-депутат, Қазақстан тұтынушыларының ұлттық лигасының басқарма төрағасы Светлана Романовская кодекс жобасындағы 21 жасқа дейінгі жастарға темекі сатуға тыйымды «жас азаматтардың жағдайын нашарлататын, Ата заңға қайшы түзету» деп бағалады. Сонда Романовская ханымға сенсек, онкологиялық ауруларға, жүрек-қан тамыр дерттеріне шалдықтыратын, ерте өлуге соқтыратын шылым шегу «жас азаматтардың жағдайын нашарлатпайтын» болғаны ма?АҚШ бас тартқан өнім
Батыс Қазақстан облысымен шектесетін ресейлік Самара облысындағы «Южный город» білім орталығының директоры Владимир Кильдюшкин бір қызықты тәжірибесін ортаға салды. «Бұл күрестен мектептердің тыс қалатыны дұрыс емес. Біз мысалы, бірден қатаң ұстанымда табандадық: мектеп аумағында тек оқушылар ғана емес, мұғалімдер де шылым шеге алмайды. Бұл талапты бұзған мұғалім не шәкірт орталықтан қуылады. Сабақ үстінде сұранып кетіп, аулақта синтетикалық никотин тұтынатындар болды. Оларды анықтау үшін қулыққа бардық: стоматолог маманды жалдап, 8-9-сынып оқушыларын тегіс тексердік. Маман балалардың аузына үңіліп, тістерінің саулығын бағалады. Сонымен бірге кімнің тілі жасылға боялғанын белгіледі. Әшкереленген фактілерді ата-аналарына, олар үн қатпаса, балаларға қамқорлық саласына жауапты органдарға хабарладық», – дейді Владимир Кильдюшкин. Ресей МемДумасы таяуда электронды темекілер мен вейпті темекіге теңеп, оны қоғамдық орындарда тұтынуға және кәмелетке толмағандарға сатуға тыйым салатын заң қабылдады. Бұл синтетикалық індеттен дамыған елдер де зардап шегуде. Вейпингтің кең таралуы АҚШ-та адамдардың өкпесінің зақымдалуына және өліміне әкеліп соқтырды. Коронавирус пандемиясы басталғанға дейін Құрама Штаттарда вейп пайдаланғандардың «өкпенің ауыр кеселіне» шалдығуының 2 500-ден астам оқиғасы тіркелді. 50 адам қайтыс болған. Осыған орай Америка президенті Дональд Трамп бұл өнімді шектеу ісін қолға алды. Нью-Йорк штаты 2019 жылдың қыркүйегінде бірінші болып, электронды темекілерге тыйым салды. 2020 жылдың басында бүкіл АҚШ-та электронды темекілерді арналған жұпар толтырғыштары бар картридждердің көп түрін сатуға тыйым салынды. Шектеу жастар көп тұтынатын жалбыз, жеміс-жидек, кәмпит дәміне ие сұйықтықтарды қамтыды. Тек сұранысы шамалы темекі және ментол иісі шығатын толтырғыштар нарықта қалды. Мамандардың түсіндіруінше, никотинсіз қоспаның құрамы глицериннен және этиленгликолден тұрады. Олар шектен тыс қызғанда аса улы альдегидтер пайда болады. Электронды темекілерді өндірушілер өз девайсінде температура қадағаланатынын жариялап жатады. Алайда журналистер мен сарапшылар мұның тек шоуға арналған экспонат екенін, саудаға түсетін вейптарда қыздыру шамасы бақыланбайтынын анықтады.Елдос СЕНБАЙ