Елбасы Жолдауында денсаулық сақтау саласына үлкен көңіл бөлініп, халыққа көрсетілетін медициналық қызмет сапасын арттыру жөнінде нақты тапсырма берілді. Жолдауда медициналық қызмет сапасын арттыруға қатысты қойылған міндетпен қатар, маңызды салаға жаңа тәсілдер енгізген қызметкерлердің жалақысын арттыру жағы да қарастырылған. Енді қызмет сапасын күшейтіп, халықтың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау керек. Отандық денсаулық сақтау жүйесі қымбат ем-домға емес, аурудың алдын алу, қоғамдық денсаулықты басқару жұмыстарына көп көңіл бөлуі тиіс. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінде бұл бағытта қандай шаралар атқарылуда? Келесі жылы жүзеге асырылатын МӘМС-ке дайынбыз ба? Денсаулық сақтау жүйесіндегі соңғы жетістіктер қандай? Ведомство басшысы, министр Елжан Біртанов бұған не дейді?
– Елжан Амантайұлы, ең алдымен, Қазақстандағы денсаулық сақтау саласындағы соңғы жетістіктермен бөліссеңіз?
– Елбасының халыққа Жолдауларында ұлт денсаулығы ел болашағының негізі ретінде қарастырылған. Сондықтан Министрлік, ең алдымен, қазақстандықтардың денсаулығын жақсартуға, қолжетімді медициналық көмекке көп көңіл бөлуде.
2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік «Денсаулық» бағдарламасы бойынша атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 3 жыл ішінде еліміздегі медициналық-демографиялық жағдай жақсарды: азаматтардың өмір сүру ұзақтығы 73,15 жасқа дейін ұзарды; жалпы өлім 3 %-дан аса төмендеді; ана өлімі 9 %-ға төмендеді; нәресте өлімі 6,5%-ға, туберкулезден қайтыс болғандар саны 29 %-ға төмендеді.
Медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) шеңберінде скринингтік бағдарламада ересектер мен балаларға арналған 7 түрлі жедел зерттеу қарастырылған. Өткен жылы 12,2 млн адам зерттеп-қараудан өтті, нәтижесінде 826,4 мың науқас анықталып, 409,4 мың азамат тіркеуге алынды.
Медициналық көмекті жетілдірумен қатар жоғары технологиялық медициналық қызметі де дамуда. 2018 жылы 1 200 транспланттау жүргізілді. Қазақстан жасанды жүрек қарыншасын ауыстырып қондыратын мемлекеттердің қатарына кіреді. Елімізде осындай өте сирек кездесетін 43 операция жасалды. Былтыр отандық хирургтер сымсыз зарядты бионикалық жүректі сәтті импланттады.
Инфекциялық емес ауруларды басқару бағдарламасы сәтті жүзеге асуда, бүгінде бұл жүйеге 220 мың пациент қатысуда. Нәтижесінде, елімізде сырқаты асқынып ауруханаға түскендердің саны 2,5 есеге азайды.
МСАК-қа арналған 165 жаңа нысан мен 1 мыңнан астам жалпы практика дәрігері учаскесі және 79 педиатриялық учаске ашылып, медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін дәрігерлердің жүктемесі жеңілдеді. ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) шеңберінде жан басына шаққандағы тарифтің 20 пайызға артуының есебінен МСАК-қа бөлінген қаражат 40 пайызға артты. Ал МСАК цифрлы жүйеге көшкен соң емханалардағы кезек 2 есеге азайды. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде медициналық қызметтің қолжетімділігі жоғарылап, сапасы артты.
Сонымен қатар 2018 жылдан бастап жедел медициналық көмек жаңа стандартқа көшті. Жедел жәрдем автокөлігінің 83 пайызына GPS-навигация орнатылды. Қызметкерлер халықаралық стандартқа сәйкес шұғыл көмек көрсету курсынан өтті. Автокөліктердің 33 пайызының дизайны қайта жасалды. 2018 жылдан бастап жедел жәрдем науқас шақырған жерге 15 минуттың ішінде жетеді. Осы өзгерістердің нәтижесінде жазатайым оқиғалардан, улану мен жарақаттан қайтыс болғандардың саны 3,2% төмендеді. Ал ауруханалардағы қабылдау бөлімдері триаж жүйесіне өтті де, «жедел жәрдем дәрігері» деген мамандық пайда болды. Осының арқасында Қазақстанда ауруханаға жетпей қайтыс болғандардың саны 0,4 пайызға қысқарды. Елімізде 30 медициналық ұйымның қабылдау бөлімдерінде пилоттық режимде триаж жүйесі енгізілді.
– Халықты қолжетімді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін қандай жұмыс атқарылуда?
– Ағымдағы жылғы 9 сәуірде ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне барлық дәрі-дәрмектің бағасын реттеуге рұқсат ететін норма күшіне енді. Бағалар Денсаулық сақтау министрлігінің, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау комитетінің және Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығының интернет-ресурстарында жарияланды және арнайы мобильдік қосымша әзірленді. Бұған қоса, Денсаулық сақтау министрлігі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің шеңберінде науқастарға үздіксіз әрі уақтылы дәрі-дәрмек жеткізу үшін кешенді жұмыс жүргізуде. Дәріні сатып алу орталықтандырылған соң 39 млрд теңге үнемделіп, артылған қаржы қосымша дәрі-дәрмек сатып алуға жіберілді. Қазір еліміздегі медициналық ұйымдарға 33,5 млрд теңгеге дәрі-дәрмек жөнелтілді. Осы жылдың 1 тоқсанында еліміз бойынша 14 млрд теңгеге 2,1 миллион рецепт жазылса, оның 13 млрд теңгесіне алынған тегін дәрі-дәрмек науқастарға таратылды.
Ал сатып алуды цифрландырудың есебінен 14,5 млрд теңге үнемделіп, ол қаржы өзге науқастардың қосымша еміне жұмсалды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жанынан Дәрілік ақпараттық-сараптамалық орталық ашылғанын да айта кету керек. Азаматтар 1439 нөмеріне хабарласып, мемлекеттің есебінен тегін таратылатын препараттар туралы ұсыныстары мен шағымдарын қалдыра алады.
– Медициналық нысандардың қазіргі жағдайы, жалпы денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымы қандай?
– Еліміз бойынша медициналық ұйымдардың 60 пайызы тозған, оларды қайта жаңарту үшін 1 трлн теңгеден астам қаражат қажет. Осы мәселені шешу үшін 67 нысанның құрылысына 7,5 млрд теңгеге жеке инвестиция тартылды. Жалпы, былтыр 165 медициналық нысан салынды.
Екі айда бүкіл өңірге іссапармен барып, 70-тен астам медициналық мекемені аралап шықтым. Олардың жартысынан көбі – ауылдық жердегі ауруханалар. Өңірлерде тозығы жеткен, медициналық техникасы да ескірген нысандар аз емес. Сондықтан алдағы үш жылда, әсіресе, шалғайдағы елдімекендердегі ауруханалардың, емханалардың ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, жылжымалы медициналық кешенмен, жедел жәрдем көлігімен қамтамасыз етеміз. Әкімдіктермен бірлесе отырып медициналық мекемелердің құрылысына қатысты 2026 жылға дейін жоспар құрдық.
Елбасының тапсырмасына сәйкес, астанамызда заманауи онкология орталығы салынуда. Орталықта жылына 6 мың науқас ем алады, амбулаториялық жағдайда 30 мың пациент қаралады деп жоспарлануда. Сәулелік терапия, оның ішінде Орта Азияда баламасы жоқ протон терапиясы болады.
Денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымды жетілдіру үшін 2021 жылға дейін медициналық-санитариялық көмек көрсететін 600 нысан ашылады деп жоспарлануда.
Елбасының тапсырмасына сәйкес, астанамызда заманауи онкология орталығы салынуда. Орталықта жылына 6 мың науқас ем алады, амбулаториялық жағдайда 30 мың пациент қаралады деп жоспарлануда. Сәулелік терапия, оның ішінде Орта Азияда баламасы жоқ протон терапиясы болады.
– Цифрлы жүйеге көшудің жаңа әдісінің ерекшелігі неде?
– Жаңа әдістің мәні – ауруды асқындырмай, медициналық көмекке зәру азаматтарды алдын-ала анықтау. Бұл ең басты міндет. Тиісінше, денсаулықты қалай жақсартып, сақтауға болады, ауырған жағдайда – сапалы медициналық көмекті қайдан аламыз деген сияқты сауалдарға жауап, салауатты өмір салты мен денсаулық саласына қатысты ақпарат алу.
Елбасы өз Жолдауында заманауи денсаулық сақтау саласы аурудың алдын алуға негізделуі керек деп атап көрсетті. Осылайша, денсаулықтың экожүйесі пациенттің қызығушылығы мен төрт бағытқа сегменттелген: аурудың профилактикасы және емдеу; ауруды ерте анықтау; медициналық көмек көрсету; оңалту мен созылмалы ауруларды басқару.
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға дайынбыз ба? Жүйе жарты жылдан соң жүзеге асады емес пе?
– Елбасының тапсырмасына сәйкес министрлік Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу бойынша белсенді жұмыс атқаруда. Қазір Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 177 млрд теңге аударылды. Жинақталған қаражаттың 95%-ын жұмыс берушілер, қалған 5%-ға жуығын жеке кәсіпкерлер мен Азаматтық-құқықтық келісімшарт негізінде еңбек ететін азаматтар аударған. Жарна төлеу жағынан Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары мен Қарағанды облысы көш бастап тұр.
Медициналық сақтандыру қоры медициналық мекемелердің арасындағы бәсекелестікті арттырып, медициналық қызметтің сапасын жақсартуға үлес қосып отыр. Үкімет арнайы қаулы қабылдап, жекеменшік медицина мекемелерінің мемлекеттік тапсырысты орындауға қатысуына жағдай жасады.
Бұған қоса, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген 770 мың адамның мәртебесін жаңарту және МӘМС жүйесі бойынша қоғамда түсіндіру шаралары жалғасады.
– Қоғамдық денсаулықты басқару жүйесін құру жолындағы жұмыстар жайлы не айтасыз?
– «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 83-ші қадамына сәйкес сапа бойынша жаңа стандарттар мен медициналық қызметтің технологиясын енгізу үшін Бірлескен комиссия құрылды. Сапамен қамтамасыз ету мақсатында бірегей технология енгіздік. Ол 1 мыңнан астам науқасқа медициналық көмек көрсете алады, 150 медициналық мекеменің ұлттық сапа стандартына сәйкестігі бойынша тіркеуден өтті.
Министрлік қоғамдық денсаулық сақтау институтын құру жолында да белсенді жұмыс істеуде. Орталық және өңірлік деңгейде қоғамдық денсаулық сақтау қызметінің жұмысы басталды. Президенттің тапсырмасымен Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті ашылды. Ұлттық скринингтік бағдарламаны жетілдірудеміз, тиімсіз зерттеуді қысқарттық.
Алғашқы медициналық-санитариялық көмекті жаңарту мақсатында өткен жылы жалпы практика дәрігерлері бар учаскелерді 12 пайызға арттыру арқылы отбасылық медицинаны күшейттік. Жалпы практика дәрігерлерінің саны көбейді. МСАК бағдарламасы қайта қаралды.
Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту аясында диспансерлеу Ауруларды басқару бағдарламасына беріледі деп жоспарлануда. АББ науқастардың ауруды өзінің басқаруын баулуға бағытталған. Науқаспен бірлесіп 29 созылмалы ауруды динамикалық түрде басқару көзделген.
Жалпы, біздің алдымызда аз міндет тұрған жоқ. Айта кету керек, шұғыл медициналық көмекті халықаралық стандартқа сәйкестендіру мақсатында жедел медициналық көмектің бірыңғай диспетчерлік қызметі құрылады, шұғыл көмекке мұқтаж емес науқастар емханаға жіберіледі, реанимация бөлімшесіндегі және өзге де дәрігерлер кезең-кезеңмен әлемдік стандартқа сәйкес оқытылады. Министрліктің ұсынысымен стационарлардың қабылдау бөлімінде жаңа триаж жүйесін енгізді және көпбейінді стационар кез келген науқасты қабылдауға дайын.
– Елжан Амантайұлы, аурудың алдын алу, азаматтардың денсаулығын жақсартуға қатысты іс-шараларды ойдағыдай орындау үшін техникалық мүмкіндіктер ғана маңызды емес. Солай емес пе?
– Әрине, бәрін мамандар шешеді, бұған көп көңіл бөлініп отыр. Елбасының 2019 жылғы 1 маусымнан бастап денсаулық сақтау жүйесінің барлық қызметкерлерінің жалақысын көтеру туралы тапсырмасына сәйкес, дәрігердің, медбикелердің, санитарлық қызметкерлердің еңбекақысы 30 пайызға артты. Ол үшін биыл республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлінді.
Дәрігер тапшылығын жою мақсатында да көптеген жұмыс атқарылуда. Министрлік заң жобасына медициналық жоғары оқу орындарын мемлекеттік грантпен тамамдаған жас мамандарды өңірге, ауылға барып үш жыл жұмыс істеуге міндеттейтін өзгеріс енгізді. Осы орайда өңір басшылары ауылға келген жас дәрігерлерге дұрыс көңіл бөлуі тиіс. Қазір Қазақстанда 7 мың дәрігер жетпейді. Ал мамандарды өңірлерге Enbek.kz. порталы арқылы бөлеміз.
2018 жылы өңірлерге 1 906 маман барған. Ауылға келген 500-ден астам жас маманға әлеуметтік көмек көрсетілді. Медициналық кадрлардың сапасын жақсарту мақсатында клиникалар мен медицина университеттерін интеграциялау жалғасуда. Сондай-ақ университеттік клиникалар құру үшін ғылыми-зерттеу институттары мен ұлттық орталықтар бірқатар медициналық ЖОО-лармен интеграцияланады: С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде, Қарағанды медицина университетінде, Семей медицина университетіне студенттерді, резиденттерді даярлаудың 6 жылдық бағдарламасы енгізілді. 2019 жылғы 3 мыңнан астам резидент өңірлердегі клиникаларға жіберіледі.
– Елімізде қоғамдық денсаулық сақтау институтын құру үшін және салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін заңға өзгерістер енгізу керек пе?
– Елбасы тапсырмасы бойынша денсаулық сақтау жүйесін жаңарту мақсатында «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің жаңа жобасы дайындалуда. Жаңа кодекс бірқатар тапсырманы шешуге бағытталған. Бұл ұлттық денсаулық сақтауды жақсарту, халықтың өмір сүру ұзақтығын ұлғайту және медициналық технологияны дамыту; аурулардың профилактикасы; қоғамдық денсаулықты басқаруды күшейту; цифрлы жүйе мен жасанды интеллектіге қатысты мәселелер.
Президенттің инагурацияда сөйлеген сөзіне байланысты кодекстің жаңа жобасына дәрігерлердің мәртебесін көтеру туралы өзгеріс енгізіледі.
Жаңа Кодекс 2020-2025 жылдарға арналған жаңа бағдарламаны жүзеге асыруда министрліктің, орталық және жергілікті атқарушы органдардың міндеттерін айқындап береді.
Биыл Денсаулық сақтау министрлігінің алдында мынадай міндеттер тұр: МӘМС жүйесін енгізуге дайындық және саланы цифрландыру, медициналық ұйымдарды кем дегенде төменгі стандартқа сай жабдықтау, сондай-ақ халыққа МСАК қолжетімді ету іс-шаралары да жалғасатын болады.
Жоғарыда айтылған шаралардың барлығы толық жұмыс істеу үшін азаматтардың түсінігін түбегейлі өзгерту керек. Адамдар аурудың асқынғанын, созылмалы түрге айналғанын күтіп отырмай, профилактикаға көп көңіл бөліп, скринингтен өтіп, спортпен айналысқаны жөн. Елбасының тапсырмалары мен Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысы осыған бағытталған. Біз Қазақстанның табысты болашағы – дені сау ұлт қалыптастыру үшін барлық жағдай жасаймыз.
Әңгімелескен
Айна ХАСАН