1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні! Бұл күн – балалар үшін ерекше мейрам. Ол күні мерекеге орай арнайы ойын-сауық кештері, салтанатты шаралар өткізіледі. Алайда біз балаларды тек мерекесінде ғана қорғауымыз керек пе? Бала мейірімге бөленіп өсуі тиіс. Олардың бақытты балалық шағы үшін ата-ана ғана емес, қоғам да жауапты. Қорғансыз сәби, бейкүнә бүлдіршін зәбір көрмеуі үшін не істеген жөн? Біз балаларға қаншалықты қамқорлық көрсетіп жүрміз? Олар қиянат көріп жүрген жоқ па? Біз бүгін осыны бағамдап көрсек.
Үлкендер жасаған әлімжеттік
Бұрын балаларды зорлау қылмысы бойынша жаза мерзімі 15-20 жылдан басталып жоғары кете беретін. Енді 20 жыл және өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы болады. Бала өлтіргені үшін де сондай жаза қарастырылған. 2019 жылғы қыркүйек айындағы есеп бойынша ішкі істер органдары 1 350 педофил мен 2 831 зорлаушыны тіркеген. Ал кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны үшін сотталған 1 575 адам түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатыр. Одан бөлек, судьялар балаларға жасалатын азғындық та жыл сайын 1-2 пайызға артып келе жатқанын айтады. Сорақылығы сол, кейбір ересектер науқас балалардың әлсіздігін пайдаланып, оларға ойына келген ісін жасайды. Көп жағдайда баланың анасы қылмысты біле тұра, отбасының тыныштығын сақтау үшін ол туралы құзырлы органдарға шағымданбайды екен. – Мәселен, былтыр сал ауруына шалдыққан қыздың шешесімен 10 жылдай бірге тұрған өгей әкесі үйіне мас болып келіп, қыздың бөлмесіне кіріп кеткен. Ол үйде ешкімнің жоқтығын пайдаланып, кәмелет жасқа толмаған қызға азғындық жасамақ болған. Бұл жағдайды қыздың анасы терезеден байқап қалған. Жәбірленуші болған жайды бүкпесіз анасына айтып береді. Сосын полицияға хабарлап, тергеу жүргізіліп, өгей әке сот шешімімен 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды, – дейді Шымкент қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Дәурен Сайханов. Сонымен қатар педофилия бойынша айғақтарды бұрмалағаны, жасырғаны үшін, жасырып қана қоймай, біліп тұрып хабарламағаны үшін де жауапкершілік көзделген. Бұл әрекеттер ауыр қылмыстар санатына кіреді. Мысалы, баланың зорланғаны туралы хабар бермегендер 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.300 адам ата-ана құқығынан айырылды
Қазақстанда 12 мың бала берекесіз отбасында тәрбиеленіп жатыр. Бұл туралы ІІМ Ювеналды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау басқармасының басшысы Әсет Оспанов Білім және ғылым министрлігінің Facebook желісінде өткен брифингте айтты. – Қазіргі таңда ішкі істер органдарының есебінде 8 мың берекесіз отбасы бар. Онда шамамен 12 мың бала тәрбиеленіп жатыр. Бірақ жыл сайын ондай отбасылардың саны азайып келеді. Мысалы, осыдан 2-4 жыл бұрын олардың саны шамамен 9-10 мыңдай болды, – деді. Оның айтуынша, мектепте оқу жылы аяқталып, балалар жазғы каникулға шыққан кезде далада жиі жүреді. Осы уақытта полиция кәмелет жасына толмағандарға алкоголь, темекі өнімдерін заңсыз сату, олардың түнгі уақытта көңіл көтеру орындарында, адам тұруға жарамайтын үйлерде жүру фактісін анықтауға кіріседі. Аталған фактілер бойынша биыл әкімшілік жауапкершілікке 1 500-ден астам кәсіпкер, 500-ге жуық көңіл көтеру мекемесінің иесі тартылған. Сонымен қатар 2 мыңға жуық ата-ана баласына қарамағаны үшін ескерту алса, 300 адам ата-ана құқығынан айырылған. «Бала – болашағымыз» дейміз, бірақ өзіміз солардың тәрбиесіне көп мән бере қоймаймыз. Қылмыс жасап немесе зорлық-зомбылықтың құрбаны болып жатса ғана «аһ» ұрамыз. Олай болса, жылдың бір күнін ғана емес, әр күнін балаларға арнасақ құба-құп!