Сіз өзіңіз тұратын өңірдегі мәслихат депутаттарын танисыз ба? Өзіңіз тұратын облыс, қала немесе аудандағы күйіп тұрған мәселені мәслихат депутаттарына айтып көрдіңіз бе? Көпшілігіміз жоқ деп жауап береміз. Себебі сіз бен біз мәслихаттың міндетін толық білмейміз. Оның үстіне, мәслихат депутаттары әкімге қарсы шығып, мына мәселені шешуге атсалысыпты деген әңгімені құлағымыз шалған емес. Сондықтан да олардан өз міндетін атқаруды талап етпейміз, олардың қолынан ештеңе келмейді деген пікір қалыптастырып алғанбыз. Ол аздай, мәслихатқа әкім өзінің сөзін сөйлейтіндерді ғана жинайды деп ойлаймыз. Шынында, солай ма? Елімізде мәслихаттар институтының құрылғанына ширек ғасыр болса да беделі бір көтерілмеген бұл институттың рөлі қайтсе күшейеді?
Білімін көтеру артық болмайды
«АРДА» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, қоғам белсендісі Мейрамбек Камаловтың айтуынша, мәслихат туралы теріс пікір әділ сайлау өтпеген кезде пайда болады. Себебі мәслихат депутаты атану түгілі сайлауалды науқанға үміткер болып тіркелу – көп адамға бұйыра бермес бақ. Сайлауалды науқанға тіркелгеннің өзінде додаға түсіп, жеңіске жету оңай емес. Ұшқыр ойлы, өзіне тиесілі аумақтағы сайлаушылардың назын арқалай алатын азаматтар кездейсоқ жағдайда ғана өте алады. Мұндай кезде халық өз депутатын қайдан танысын? «Халық депутаттарға жүгінгенімен, оның мәселесін мәслихат депутаты әкімнің алдында қоя алмайды, биліктің шамына тиіп кетем деп ойлайды. Жекелеген бір мәселе шешілгенімен, дәл осындай мыңдаған мәселе назардан тыс қалып жатады. Өз округіндегі сайлаушыларымен тығыз қарым-қатынас орната алмаған депутат халықтың мұң-мұқтажынан бейхабар болуы заңды. Себебі оны халық қалап сайламаған соң, ол депутат та өзін халық алдында есеп беруге міндеттімін деп ойламайды. Әрине, көпке топырақ шаша алмаймын, халыққа қызмет етіп жүргендері де бар, бірақ олар өте аз», – дейді. Оның пікірінше, мәслихаттың рөлін күшейтудің бір ғана жолы бар, ол – әділ сайлау өтіп, мәслихатқа нағыз халық сайлаған депутаттар баруы керек. Атырау қалалық мәслихатының депутаты Салтанат Рахимованың айтуынша, халық депутатын іздейді, көмек сұрайды. Бірақ олар «мәслихатқа барамын» демейді. Олар үшін мәслихат та, ондағы депутаттар да – бір партиядан. Себебі аудандық, қалалық мәслихаттардағы депутаттардың басым бөлігі осы партиядан. Облыстық партияда ғана өзге партиядан өкілдер бар. Салтанат Рахимованың пікірінше, мәслихат депутаттарының беделін көтеру үшін олардың білім-білігін арттыру қажет. Мысалы, негізгі мамандығы құрылыс саласынан алыс депутат құрылыс саласына қатысты бюджетті талқылағанда жоба авторларына тойтарыс бере алмайды. «Мысалы, мына үйге тым көп қаржы салынып тұр деймін, басқа өңірдегі бағамен салыстырып айтамын, бірақ сіз құрылыс саласынан хабарсыз адамсыз деген жауап аламын. Сол сияқты бюджет жобасын талқылағанда да қаржы саласынан бейхабар депутат белсенділік таныта алмайды. Сондықтан оларға бюджеттің нәзік тұсын оқыту керек деп ойлаймын. Оның үстіне, бізге әкімдік бюджет жобасын кеш ұсынуы мүмкін. Егер жобаны 10-15 күн бұрын әкеліп берсе, жобаны әр саланың сарапшыларымен зерттеп алар едік», – дейді. Ал басқа мәселенің бәрі мәслихат депутатының өзіне байланысты. Себебі оларға заңда өкілеттіктер берілген, тек соны тиімді пайдаланса болғаны.Қоғамдық кеңесті мәслихат құрса...
Мәжіліс депутаты Нұрлан Дулатбеков мәслихат депутаттарына қатысты қалыптасқан пікірді жоққа шығармайды. Кезінде Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы болған ол өз жұмысын адал атқаратын депутаттар барын айтады, бірақ сайланып алған соң, сайлаушыларынан қол үзіп кететін депутаттардың да болатынын мойындайды. Сондықтан сайлаушыларға сайлау кезінде мұқият болуға кеңес береді. Оның айтуынша, бұл мәселе алдағы уақытта өз-өзінен шешіледі. себебі жаңа заңға сәйкес мәслихаттағы депутаттар құрамы жаңарады. «Бұдан былай мәслихат депутаттары да партиялық тізіммен сайланатын болды. Мұның бір жақсылығы, енді депутаттар жауапкершілігі өзі мүшесі саналатын партияның бақылауында болады. Екіншіден, жергілікті жерлерде партиялардың барлығы бірдей белсенді жұмыс істемейді. Ал енді жаңа талапқа сәйкес партиялар мәслихатқа партия беделін көтеретін үміткерлерді ғана бәйгеге қосуға мүдделі болады. Яғни, әр партия мәслихатқа қолынан іс келетін адамдарды ұсынады», – дейді ол.Демократия қағидатына қайшы ұсыныс
Мәслихаттардың мәртебесін көтеру мәселесі Мәжіліс депутаттарын да алаңдатып жүрген сыңайлы. Тілеубек Мұқашев бастаған Мәжілістің бір топ депутаты Үкімет басшысына мәслихат депутаттарының мәртебесін айқындау туралы депутаттық сауал жолдауы соның мысалы. Бір қызығы, Премьер-Министр Асқар Мамин депутаттар ұсынысының басым бөлігін қабыл алмаған. Тек екі ұсынысты ғана қолдапты. Таратып айтсақ, Үкімет депуттардың облыстық деңгейдегі мәслихат хатшысының мәртебесін облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімінің бірінші орынбасары деңгейіне дейін арттыру туралы ұсынысын қолдады. Бұл орайда, барлық деңгейдегі мәслихат хатшыларының жалақысын арттыру мәселесі пысықталып жатыр екен, тиісті ұсыныс Мемлекет басшысының қарауына енгізіледі. Сонымен бірге облыстық деңгейдегі мәслихаттардың әлеуметтік мәселелер, қаржы және бюджет жөніндегі тұрақты комиссиялардың төрағаларын тұрақты негізде жұмыс істейтін лауазымды тұлға ретінде заңдастыру туралы ұсыныс та қабылдануы мүмкін екен. Бұл ұсыныс Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысының 2019 жылғы 21 тамыздағы хаттамасын іске асыру жөніндегі жол картасы шеңберінде пысықталып жатқан көрінеді. Ал мәслихат хатшыларына өз өкілеттігі кезеңінде мәслихат сессияларының барлығына төрағалық ету құқын беру туралы ұсынысты Үкімет «демократия қағидатына қайшы» деп санайды. «Мәслихат халық сайлайтын және оның еркін білдіретін сайланбалы орган болғандықтан, әрбір депутат өз сайлаушыларының мүддесін білдіруге тиіс, осыған байланысты қолданыстағы тәртіпті өзгеріссіз қалдыру орынды деп санаймыз», – дейді А.Мамин. Айта кетейік, қолданыстағы тәртіп бойынша, мәслихат сессияларының төрағалары сессия сайын ауысып отырады. Облыстық деңгейдегі мәслихаттағы мемлекеттік қызметшілердің санын бүгінгі бес депутатқа бір қызметкерден үш депутатқа бір қызметкер етіп қайта қарау туралы ұсыныс та қолдау таппады. Себебі Мемлекет басшысы 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауында мемлекеттік қызметшілер штатын 25 пайызға оңтайландыруды, тиімсіз бюджет шығыстарын қысқартуды тапсырған. Оның үстіне, бүгінгі тұрақсыз сыртқы экономикалық жағдай мен пандемияның таралуымен күресу үшін енгізілген шараларға байланысты мәслихат аппараттарының мемқызметшілер штатын ұлғайту әсте мүмкін емес. Мәслихат депутаттары Тексеру комиссиясының атауына «Мәслихат» деген сөзді қосып берсін деген екен, бұл ұсыныс та қағаз жүзінде қалатын түрі бар. Себебі бұл ақылға қонымсыз ұсыныс. Мұндайда ұсыныс жасаған депутаттардың ойында не бар деген сұрақ туындайды.Өйткені «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңға сәйкес өз қызметін босатылған негізде жүзеге асыратын мәслихат депутаттары бизнеспен айналысуға, жалақы төленетін қызметпен айналысуға құқылы. Ал мәслихатқа дәл осы контингент сайланады. Егер тексеру комиссиясы мәслихат құрылымына кірсе, онда мемлекеттік аудит нәтижесінің объективті боларына сенім қалмайды. Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу кезінде мәслихат депутаттары мен тексеру комиссиясы органдары арасында мүдделер қақтығысына жол бермеу үшін тексеру комиссияларының атауын өзгерту орынсыз-ақ...