Алғашында әлеуметтік желіде Нұр-Сұлтан қаласындағы бір ауданның әкімі парамен ұсталды деген ақпарат тарады. Артынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Байқоңыр ауданының әкімі Асқар Есіловтің пара алды деген күдікке ілінгенін растады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Тергеу комитетінің бас тергеушісі Данияр Бекайдаров Асқар Есіловтің күдікті екенін мәлімдеді. Қазір іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. «Байқоңыр ауданы әкімі жайындағы ақпарат рас. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Байқоңыр ауданы әкімінің пара алу фактісіне қатысты ұсталғанын растайды. Ол ауданды абаттандыру және жалпы қамқорлық бойынша қосалқы мердігерлік жұмысты алуға көмектескені үшін жеке компания өкілінен iPhone ұялы телефонының соңғы нұсқасын пара ретінде алды деген күдікке ілінді», – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Тергеу комитетінің бас тергеушісі Данияр Бекайдаров. Бұған дейін Асқар Есілов Алматы ауданы әкімінің орынбасары, сондай-ақ «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы корпоративтік басқару департаментінің директоры қызметін атқарды. 2019 жылдың сәуірінде Байқоңыр ауданының әкімі қызметіне тағайындалды. Айбике ЖАНАСЫЛ