Шеттен келіп, қылмыс жасады
Шеттен келіп, қылмыс жасады
263
оқылды
Қазақстанға еңбек етуге келген шетелдік азаматтар арасында қылмыс жасаушылар тіркеле бастады. 22 ма­мыр күні Жамбыл облысында өзбек азаматы екі әйелді өлтіріп кеткен. Бірақ тәртіп сақшылары күдіктіні әлі таба алмай жатыр. Ал бір ғана Алматы қаласында 2020 жылдың алғашқы 4 айында шетелдіктер 117 қылмыс жасапты. Еңбек етуге келіп, қанды қол атанған оларға нендей жаза қолданылады? Кім қадағалайды?  

166 адам елден неге шығарылды?

2019 жылғы дерекке сенсек, Қазақстанда 19 мың шетелдік азамат тұрақты жұмыс істеп жүр. Бұдан бөлек, Ішкі істер ми­нистр­лігі хабарлағандай, елімізде 523 босқын өмір сүріп жатыр. Бас прокуратураның Құқықтық ста­тистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректе­ріне сенсек, 2019 жылы Қазақ­стан­да 243 462 қылмыс тіркелген. Оның 2,6 пайызын, яғни 6 330 қылмыс шетелдік азаматтар қо­лы­нан болыпты. Сонда бұл деге­ні­міз – «елде жүрген шетел­дік­тердің 30 пайызы заң бұза ма» деген сұрақ туындатады. Оның үстіне, мемлекет аумағына жыл сайын 5,5 млн шетелдік кіріп-шығып жүргенін де ескерген жөн. Сондай-ақ былтыр 76,2 мың шетелдік әкімшілік жауапкер­шілікке тартылып, 9 мыңы елден шығарылған екен. Ал 110 адам елден шығарып жіберу туралы ше­шімге көнбей, қарсылық білдіріпті. Былтыр 2018 жылмен салыс­тырғанда, шетелдіктер қылмысы түбегейлі жойылмаса да айтар­лықтай азайған. 2018 жылы тір­келген 292 286 қылмыстың 3 па­йызын, 8 768-і шетелдіктерге тиесілі екен. Қазақстанда қылмыс жаса­ғандардың 83,2 пайызы жұмыс­сыздар. Демек, былтыр тіркелген 243 462 қылмыстың 202 560-ы еңбек етпейтін жандар қолынан болған. Ал шетелдіктер қылмысы­ның басым бөлігін Қазақстанға жұмыс іздеп келген өзбек азамат­тары жасайды. Мұны Алматы қа­лалық Полиция департамен­ті­нің басшысы Қанат Таймерденов те растаған болатын. – Әкімшілік тәртіппен 166 шетелдік азамат елден шығарыл­ды. 57 жұмыс беруші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жыл басынан бері 47 млн-нан астам айыппұл салынды. Қылмыстың ең көбін Өзбекстан Республи­ка­сының азаматтары жасайды, – дейді генерал-майор.  

Түйткілді қалай шешеміз?

Кезінде Алматы қаласында Түркиядан келген Демир Эбузер Али атты азамат Жедел жәрдем көлігінің жүргізушісін соққыға жыққанын ел әлі ұмыта қойған жоқ. Сол кезде «бұл қай басын­ғандық?» деп, қоғам биліктен шетелдіктер тәртібін қадағалауды сұрады. Одан кейін зардап шеккен жүргізуші кешірім берді. Түрік азаматы да халықтан кешірім сұ­рап видеоүндеу жолдады. Құқық қорғау органдары Түркия азама­тын республикадан жер аударуды талап етті. Артынша іс бітті. Еліміздің батыс аймақтары мұнайлы екенін білеміз. Былтыр мұнай компанияларына еңбек етуге келген қытай азаматтарының тәртіпсіздігі жайлы сөз болған. Сол кезде Парламент Мәжілісінің депутаты Асылбек Смағұлов қыл­мыс жасаған шетелдіктер жайлы мәселе көтеріп, оларға қатысты заңның да кем тұсын баяндаған еді. – Елімізде қылмыс жасаған миг­ранттарды бақылау керек. Заң­намада жазасын өтеген шет­елдіктерді бірден елден шығарып жіберетін баптар жоқ. Сосын олар елде жүріп тағы да қылмыс жа­сауы мүмкін. Сондықтан шетел­дік аза­маттарды қадағалау үшін арнайы ақпараттық база жасақ­тау қажет, – деген халық қалаулысы. Осыған орай біз «Шетел­дік­тердің құқықтық жағдайы туралы» заңға шолу жасап көрген едік. Мысалы, 3-бапта «Шетелдiктер өздерiнiң құқықтары мен бос­тандықтарын пайдалануы Қа­зақ­стан Республикасының мүдде­ле­рiне, оның азаматтары мен басқа адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiне нұқсан келтiр­меуге тиiс және мұны олардың Қазақстан Республикасының заң­дарына белгiленген мiндетте­рiн орындауынан бөлiп алуға болмайды» депті. Яғни, заң бәріне бірдей. Осы заңның 22-бабы 3-тар­мағында «Бұрын Қазақстан Республикасынан шығарып жi­берiлген шетелдiктерге соттың шығарып жiберу туралы шешiмі орындалған күннен бастап бес жыл бойы Қазақстан Республи­касына келуге тыйым салынады» депті. 5 жыл бойы ел аумағына кіре алмады делік, одан кейін олар ел аумағына келіп қайта қылмыс жасамасына кім кепіл?! Осыған орай заңгер маманның пікіріне құлақ асқанды жөн санадық. – Бұл жерде екі мәселе бар. Біріншіден, біз қылмыс жасаған шетел азаматтарын соттай алмай­мыз. Еліне қайтарып жіберіп, жа­залауды сұраймыз. Ал елімізде сот­тау үшін мемлекетаралық ке­лі­сім керек. Екіншіден, шекара­мыз әлсіз. Өзбекстан азамат­тары неге емін-еркін елге кіріп, қыл­мыс жа­сай береді. Себебі шекара нашар. Жөнді тексермейді. Рұқ­саты жоқ адамдарды да өткізіп жібереді. Яғни, шекара қызме­тінде пара­қор­лықтың жайлағаны. Әуелі осы екі дүниені нақтылаған жөн. Со­сын үшінші мәселе шы­ғады. Бұ­рын ел аумағында қылмыс жа­сағандардың ізіне түсіп, бәрін та­уып, лайықты жазасын берген дұ­рыс. Осылар жолға қойылма­йын­ша, шетел­дік­тердің қылмысы тыйылмайды, – дейді заң ғы­лым­дарының док­то­ры Арықбай Ағыбаев.   Түйін:

Бұл құқық қорғау орындары­ның әлсіздігінен болған іс пе немесе басқа себебі бар ма, белгісіз, бұ­лыңғыры көп жайт. Өз жерінде өзгеден опық жемеу үшін шетел­діктер мәселесін жолға қойған жөн сыңайлы. Әлде, оларға біздің қа­уіпсіздігіміз ақшамен шешіле салар түйін бе?

 

 width=Мадияр ТӨЛЕУ