Сыр елінің ауыл шаруашылығы мен индустрия-инновация саласындағы жұмыстары мардымсыз. Қызылорданың күріштен кейінгі брендіне айналады деп сендірген шыны зауыты сол жағалаудағы жаңа қала құрылысындағы ауыз толтырып айтатындай жаңалық еді. Құрылысы он жылға созылған «сақалды зауыт» әлі пайдалануға берілген жоқ. Зауыт құрылысының басталғанына қанша уақыт өтті десеңізші?! Алғаш жұмысты қолға алған компания жұмыс істеуден бас тартып, екінші компанияға өтті. Бүгінде құрылыс жұмыстары баяу жүруде. Шыны зауыты, бұдан соң театр, неке сарайын саламыз деген бастаманың барлығы аяқсыз қалды. Бұл Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспары болатын. Екіншіден, Қызылорда облысында төрт су шаруашылығы жобасын іске асыру көзделген. Мәселен, «Қара өзек», «Күміскеткен», «Қызылорда су торабы» мен «Көкарал» бөгетін сақтау және Сырдария өзенінің сағасын қалпына келтіру бойынша су қоймаларын салу. Соның ішінде «Әйтек» су торабын жөндеу де өзекті болып тұр. Су торабы құлап, су шайып кеткен еді. Сондықтан бұл жерлерге бекіту жұмыстары жүргізіліп, түпкілікті жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарының жоба-сметалық құжаттамасы жасалды. Оған су ресурстары комитетінен 48 млн теңге қаржы бөлінді. Экс-әкім Қ.Досмайылұлы 2020 жылы Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін сақтау жобасын енгізген еді. Қызылорда су торабын қайта жаңарту жұмыстары биыл басталуы керек еді. Жұмыс істеп тұрған гидротехникалық Қызылорда су торабы өткен ғасырдың 50-жылдары салынған. Қазіргі жағдайы мүлдем сын көтермейді. Су торабы бұзылған жағдайда 400 мыңнан астам адам қоныстанған үш аудан мен Қызылорда қаласы аумағында 250 мың гектар шабындық пен жайылым, 110 мың гектар суармалы жерді сумен жабдықтау жүйесі бұзылып, 38 елді мекенді су басу қаупі бар. Осыған орай Қызылорда су торабына реконструкциялау жұмыстарын жүргізу қажет. 1964 жылы «Қызылорда жылу электр орталығы» мекемесінің жабдықтары да әбден тозған. Қызылорда қаласында 700-ге жуық көпқабатты тұрғын үйлер жылумен жабдықталмай қалуы мүмкін. Тіпті, ең төменгі көрсеткішке ие болып отырған жалпы өңірлік өнімнің көлемін алдағы 3 жылдықта көбейтетінін жеткізді. Осыдан бірнеше жыл бұрын ашылған өндірістік кәсіпорындардың кейбіреуі іске қосылмағанын айтпады. Оның бәрін реттеуге облыс әкімінің қауқары жете ме? Ол – уақыт еншісінде.
Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы