Биыл Ақтауда 50 мың шаршы метр аумақты көгалдандыру жоспарланып отыр. Бұл жаңа бастама болмақ. Осы уақытқа дейін шаһарда көктем айларында жас талдар мен гүлдер ғана егілетін.
«2019 жылы қала аумағында 1 150 дана ағаш, 3 000 дана раушан гүлі, 12 000 дана бұта, 218 000 дана бір жылдық гүл отырғызылды. Биыл талды аз отырғызып, бұрынғыны сақтау мен барлығын күтіп-баптауға ерекше көңіл бөлінеді. Жаңадан суару құбырларын шағынаудан периметрлері, саябақтар, скверлер және әуежай жолына орнатылуда. Қаланың орталық жолдарында арнайы суару техникаларын жүргізбей, шағынаудан іштеріне жұмылдырады. Одан бөлек, шағынаудан периметрлері, саябақтар, скверлерге органикалық тыңайтқыштар төселуде. Қалаға осы жылы тек 200-ден астам шырша тәріздес талдар мен орталық көшелерге бір жылдық гүлдер мен раушан гүлдері отырғызылуда», – деді Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Ақыбаев.
Сонымен қатар биыл жасыл желекті уақытылы суаруға да ден қоймақ. Шаһардың жасыл желегін жайқалту мақсатында суару үшін үнемді тәсілдер енгізілуде. Әр ағашты түп-тамырымен суарудың өзіндік арнайы, жаңа технологиялық әдістері пайдаланылмақ. Гүл мен көгал егілген жерлерге спринклерлік, яғни шашыратып суару әдісі қосылған. Алдағы уақытта бүркіп шашу әдісі, яғни автоматикалық су жүйесі барлық саябаққа қойылады. Таңертең және кешке суаратын болады.
Қала аумағында 3 және 5 текше метрлік құтылар орнатылуда. Оларға үнемі су толтырылып, соның арқасында көк шөп пен гүлдестелер әрдайым суға қанып тұрады. «Мүгедектерді қолдау қоғамы «Атамекен» ҚБ жақында ғана әуежай жолына осындай екі су бөшкесін орнатты. Ал қала ішіндегі шағынаудандардағы талдарды су тасымалдаушы көліктермен суарады», – дейді Қайрат Ақыбаев.
Жазира ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ