Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова коронавирус індетімен күрес кезіндегі өзінің айлығы туралы сұраққа жауап берді. Әлеуметтік желідегі онлайн баспасөз мәслихатында эпидемия кезінде құзыреті артып, жұмыстың көбеюіне байланысты Бас мемлекеттік санитар дәрігердің және өңірлердегі бас санитар дәрігерлердің жалақысы қаншалықты өзгергені туралы сұрақ қойылды. «Президент тапсырмасы бойынша қауіп дәрежесіне қарай санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мамандарына еңбекақыға 5 айлық есептік көрсеткіштен бастап үстемеақы төлеу қарастырылған», - деді А. Есмағамбетова. Осы орайда ол өңірлердегі дәрігерлер тиісті төлемді алғанын айтты. «Өңірлерде алды. Менің айлығым өскен жоқ», - деді Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер.