Петропавлда итін төртінші қабаттан лақтырған әйел айыппұл төлейді. Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 29 сәуір күні Петропавлдың 45 жастағы тұрғыны итін төртінші қабаттың терезесінен лақтырып жіберген. Әйелдің сорақы қылығын көрген көршілері бірден полицейлерге хабарлаған. Тәртіп сақшылары Хименко көшесіндегі көпқабатты үйдің жанында жатқан итті ветеринарларға жеткізгенімен, спаниельдің өміріне араша түсу мүмкін болмады. «Жануарларға қиянат жасау» дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Иттің иесі – әйел сол күні мас болған. 1 маусым күні Петропавл қалалық соты оған 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салды. Бұл - шамамен 27 мың теңге. Айыппұлды бір айдың ішінде төлемеген жағдайда әйел қоғамдық жұмыстарға жегіледі немесе қамауға алынады», - деді СҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Еңбек Сембин.