Шымкентте тойхана әкімшілері мен шоу-бизнес өкілдері бас көтерді. Олар қаланың Бас санитар дәрігерінің қаулысына қарсылық білдіріп, карантин талаптарына өзгертулер енгізілсін деп етіп отыр. Екі-үш айдан бері жұмыстары кенжелеп қалған олар, күнделікті табыстан қағылып, тұрмысымыз күннен-күнге кері кетіп барады дейді. Ал, 1 маусымнан бастап ашылатын нысандар қатарында тойхана мен той салондары жоқ екен. Амалы таусылғандар әкімдік алдына жиналды. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
"Тойхана ашылсын, тойхана ашылсын!".Жиналғандардың бәрі той бизнесімен айналысып, күнін көріп жүрген жандар. Бірі тойханада әкімші болса, өзгесі жас-жұбайлардың киімдерін сататын салонның иесі. Той-думанның қызығын келтіріп жүрген продюсерлік орталықтың қызметкерлері де бар. Карантин енгізілгелі бері барлығы қиындыққа тап болғандарын айтады. Шарипа Нұрбекова, тойхана әкімшісі:
"Қазір барлығы жұмыссыз. Себебі, біздің өзімізде жұмыс жоқ. Ашылады дейді, сабыр қыламыз, е жарайды, жақында ашылады екен дедік, 1 маусымнан ашылады дедік. Әлі жоқ, тағы жүреміз".Шымкентте 100-ден астам тойхана бар. Күзетшісінен бастап, қожайынына дейін орта есеппен 50-60 адам жұмыс істейді. Сәулеті мен дәулеті келіскен ірі бизнес нысандарында еңбеккерлер саны одан да көп. Солардың бірі - Сандуғаш Темірбаева. 15 жылдан бері аспаз болып жүрген ол тойхана жабылғалы бері кіріс көзін таба алар емес. Күнделікті ас-ауқаттың жәйі бір басқа, пәтер ақысын да төлей алмаған. Жалғызбасты ана болғандықтан, үйдегі 4 баланың ас-ауқаты да өзінің мойнында. Сандуғаш Темірбаева, аспаз:
"Осы тойханамен мен 4 баламды асырап отырмын. Менің қазір үйімде ешқандай азық-түлігім де жоқ. Біз біргеміз дейді. Қане, кім-кімге көмектесіп жатыр?".Тойхана жұмысының тоқтауы продюсерлік орталық пен асабаларға, жас-жұбайлардың киімдері сатылатын салондарға да кері әсерін тигізіп жатыр екен. Әсіресе, той киімдерін сатумен айналысып жүргендер шығынға батып жатқандарын айтады. Мәселен, Марал Жұмакелді 3 млн теңгеге киімдер тіккізіпті. Бірақ, алатын клиент жоқ дейді. Марал Жұмакелді, той салнының иесі:
"Той көйлектері екі ай құр тұратын болса, қарайып кетеді. Жәй тастардың өзі қарайып, киюге жарамсыз болып қалады. Біздің жаңа киімдеріміздің барлығы киюге жарамсыз. Яғни, біз жаңа тапсырыстар ала алмаймыз. Қарыздан құтылу үшін тойханалар ашылсын!".Ал, жергілікті биліктегілер той бизнесі уақытша тұралады екен деп халықтың денсаулығын қатерге тіге алмайтындарын айтады. Карантин талаптары біртіндеп жеңілдетіліп жатыр, бірақ қауіпсіздікті қатаң сақтау қажет дейді. Сондықтан бүгіннен бастап қоғамдық тамақтану орындарында клиенттер саны 50 адамнан аспайтын дәмханалар ғана жұмыс істеулеріне болады. Тойханаларға әзірге рұқсат жоқ. Ал миллиондап шығынға батып жатқан той салондарына әкімдік былайша көмектеспекші. Мақсұт Исахов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары:
"Арендаларыңызды сөйлесіп берейік, біріншіден. Екіншіден, дәл қай банкте кредиттеріңіз бар, осы жерде қалыңыздар. Банктермен тікелей жұмыс жүргізейік, банкке хат берейік, сіздердің кредиттеріңізді тойханалар басталғанша, уақытын созу туралы".Әкімдік тойханаларға тек күндізгі уақытта ғана жұмыс істеуге рұқсат етуді ойластыратын болды. Ол үшін жобаны сәрсенбі күні өтетін штаб отырысында көтермек ниетте. https://www.youtube.com/watch?v=EwAVOfx0Sq8&feature=emb_logo