Ауыл түлектеріне грант бөлінеді
Ауыл түлектеріне грант бөлінеді
194
оқылды

Қарағанды облысында журналистика маман­дығына түсетін ауыл түлектеріне грант бөлінеді. Бұл туралы аймақ басшысы Ерлан Қошанов «Өңірлік БАҚ. Даму векторлары» атты форумда мәлімдеді. Сондай-ақ облыс орталығында медиа-коуоркинг құрылып, орталықта журналистер мен баспасөз хатшылары үшін шеберлік сыныптар, тренингтер мен семинарлар өтеді. Журналистерге арналған арнайы алаңда баспасөз конферен­цияларына арналған жабдықталған зал болады.

– Біз ол жерде жұмыс істеуге қажетті құрал-жабдықтар қоямыз. Жылдамдығы жоғары ғаламтор желісі де қосылатын болады. Мұнда баспасөз конференция­ларын өткіземіз. Сонымен қатар шеберлік сыныптарын да ұйым­дастыруға мүмкіндіктер болады. Бейресми түрде түрлі тақырыпта ой бөлісеміз, талқылаймыз. Өзімде сол іс-шараларға қуана-қуана қатысар едім, – деді Ерлан Қошанов.

Форумға шақырылған спи­керлер өңірлік журналистердің қалай дамуы мен өзгеретіні ту­ралы айтты. Олардың қатарында белгілі журналистер мен медиа-менеджерлер – Kazakh TV ТК директоры Майя Бекбаева, Informburo.kz ақпараттық порта­лының бас редакторы Михаил Дорофеев, Ulys цифрлы журна­лының бас редакторы Ержан Қалымбайұлы, Ortalyq Qazaqstan облыстық газетінің бас директоры Қамбар Ахметов, Бұқар Жырау ауданы «Бұқар жырау жаршысы» газетінің бас редакторы Әлия Жұмақаева болды.

– Өңірлік БАҚ – бұл біздің қоғамның жүйке жүйесі деуге болады. Егер олар инертті немесе жабылатын болса, онда xалықпен байланысты жоғалтамыз. Аймақ­тық журналистика әрқашан халыққа жақын болуы керек. Әкімнің аузынан билік диалогқа ашық екенін естуге қуаныш­тымыз. Тек өртті сөндірмей, оны болдырмауға болады, – деп атап өтті Майя Бекбаева.

Спикерлер сондай-ақ қазіргі журналистика мәселелері мен сын-қатерлері туралы айтты. Олардың бірі мессенджерлер мен әлеуметтік желілердің кері әсеріне тоқталды. Дәйексіз не­месе тексерілмеген ақпаратты тарату туралы Іnformburo.kz ақпараттық порталының бас редакторы Михаил Дорофеев айтып өтті. Спикер сондай-ақ журналистердің басты міндеті объективтік, қысымға төтеп беру және шын мәнінде маңызды нәрсе туралы айтуға қабілеті болу еске салды.

Сонымен қатар форумда қазақ журналистикасының дамуы туралы сөз қозғалды.

– Шынында да, Қарағанды – қазақ журналистикасындағы кадрлардың ұстаханасы болды. Облыс басшысы атап өткендей, оған қарағандылық журналис­тердің тек елімізде емес, ше­телде де жемісті еңбек етіп жат­қанының дәлелі. Қазақ журналисти­касы­ның рөлі еліміздің қалып­тас­уында, Тәуелсіздікті нығайтуда өте маңызды деп мақтанышпен айтуға болады. Қазақ журналисти­касы стратегиялық институттың рөлін атқарады. Мен де Қара­ғанды журналистикасының мек­тебінен өттім. Бүгін журналисти­каның аға буынын, құрдастарым мен әріптестерімді көргеніме өте қуаныштымын, – деді Ержан Қалымбайұлы.

Бұл күні облыс әкімінің «Алтын Сұңқар» сыйлығы табыс етілді. Бұл марапат кәсіби мереке қар­саңында жыл сайын БАҚ үздік қызметкерлеріне кәсіпқойлығы, шығармашылық көзқарасы және қоғамдық танылуы үшін беріледі. Салтанатты рәсімге Қарағанды облысының барлық қаласы мен ауданының журналистері қа­тысты.

– Президент айтқандай, бізге қазір халықпен ашық және өнімді диалог құру маңызды. Біз өз тарапымыздан өзара диалог құруға әрдайым дайынбыз. Сіз­дерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Барлығыңызға шығарма­шылық табыс тілеймін. Сіздермен одан ары ынтымақтастық ор­натуға үміттенемін, – деді аймақ бас­шысы.

«Алтын Сұңқар» сыйлығы облыста 2006 жылы бекітіліп, содан бері жыл сайын табыс­талады. Облыс әкімінің сый­лығына әртүрлі номинациялар бойынша жергілікті және рес­пуб­ликалық БАҚ өкілдері ие болды. «Мамандыққа адалдығы үшін» номинациясында журналистика саласының ардагері Аман Жан­ғожин, «Белсенді өмірлік ұстаны­мы үшін» номинациясында – Atameken Business Channel ай­мақтық тілшісі Олег Гусев, «Объек­тив шебері» номинация­сында – «Взгляд на события» газетінің фотографы Дархан Мусин, «Ауыл тақырыбын үздік жариялау» номинациясында – «Қарқаралы» аудандық газетінің тілшісі Бану Мұқашева, «Әлеу­меттік тақырыпты үздік жария­лау» номинациясы бойынша – «5 канал» телеарнасының жур­налисі Бақытгүл Матуова, «Өндіріс тақырыбын үздік жа­риялау» номинациясы – «Бірінші Қарағанды» телеарнасының бас редакторы Алмас Мұсабеков, «Алғашқы табыстары үшін» но­ми­нациясында – «Жаңаарқа» аудандық газетінің тілшісі Мөлдір Қасымова, «Жылдың үздік шы­ғармашылық жұмысы» номи­нациясы бойынша – «Қазақстан» АҚ РТРК ҚОФ режиссері Айжан Абдрахманова, «Мәнер мен ат­қарымдылық үшін» номинация­сында – Ortalyq Qazaqstan облыстық газетінің жауапты хат­шысы Нұрқанат Қанафин, «Еңбек адамы» тақырыбын үздік жариялағыны және насихат­та­ғаны үшін» номинациясы бойынша – «Қазақстан» АҚ РТРК ҚОФ Жаңалықтар қыз­метінің шеф-редакторы Жанар Алпысбай иеленді. Сондай-ақ биыл­ғы жылы «Дін саласындағы мемлекеттік саясатты үздік жа­рия­ла­ғаны үшін» жаңа номина­циясы енгізілді. Бұл номинация бойынша облыстық «Индус­триальная Караганда» газетінің ұжымы жеңімпаз атанды.

Облыс әкімінің 1 млн теңге кө­леміндегі басты сыйлығы биыл­ғы жылы Жезқазған қаласының «Дидар» телеарнасы ұжы­мына берілді.

 

Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА,

Қарағанды облысы