Nur Otan партиясы кейінгі кезде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде салынып жатқан әлеуметтік нысандардың уақытында іске қосылуы мен сапасын, олардың қаншалықты отандық құрылыс материалдарын пайдаланатынын және жергілікті жұмысшыларды жұмысқа тарту мәселесін назарда ұстап келеді. Бұл жолы партиялықтар Алматы қаласындағы Көкжиек шағынауданындағы құрылыс нысандарының жайымен танысты. Аталмыш бағдарлама шеңберінде әлеуметтік маңызы бар 200-ден астам нысанның құрылысы жүргізілуде. Барлығы да партияның назарында. Осыдан сәл бұрын арнайы комиссия Түрксіб ауданындағы үш нысанда болған. Ендігі кезек Көкжиек шағынауданындағы бөбекжай-балабақша мен алаңға келді. «Жұмысқа тарту мәселесіне келгенде қалалық жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтардың жайына көбірек мән береміз. Сондай-ақ ел аумағында өндірілген құрылыс материалдарының сатып алынуына да назар аударамыз. Бұл – осы бағдарламаның басты талабының бірі. Мақсат – отандық өндірушілерді қолдау. Мұнда абаттандыру жұмыстары бойынша өткен жылдарда көптеген іс тындырылды. Партияның аудандық бөлімшесіне тұрғындар жиі хабарласады, біз олардың талаптары мен өтініштеріне дер кезінде ден қоюға тырысамыз. Осындай тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеудің арқасында алаңды абаттандыру шілде айында аяқталмақ. Бұл алаң жергілікті тұрғындардың демалатын және сеурен құратын сүйікті мекеніне айналады деп ойлаймын», – дейді Nur Otan партиясының Жетісу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұрат Омаров. Абаттандыру жұмыстарына аз қаражат жұмсалған жоқ. Алаңды абаттандыру мен спорттық ойын алаңының бюджеті 39 миллион теңгеден асады. «Жолдың асфальт-бетон жабындылары төселген тастармен көмкеріледі, ескі шамдар заманауи шамдарға ауыстырылады. Мұнда 20 орындық, 20 қоқыссалғыш қойылады. Таяу маңдағы спорттық ойын алаңы жарақтандырылады. 11 мамыр күні тапсырысты орындауға кіріскенбіз, нысанды шілде айында тапсыруды жоспарлап отырмыз. Барлық талаптар қатаң ескеріліп отыр. Мәселен, құрылыс-жөндеу жұмыстарына пайдаланылған материалдардың 90 пайыздан астамы қазақстандық өнім», – дейді жұмысты жүргізіп жатқан мердігер Қайрат Айдарбеков. Партиялықтардың бет бұрған тағы бір нысаны – балабақшалар. Бұл нысандар іске қосылған, дегенмен мердігер компания орындауға тиіс бірқатар ескертулер болған. Nur Otan партиясының Алматы қалалық филиалы төрағасы, қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде іске асырылып жатқан құрылыс нысандарына мониторинг жасап жатырмыз. Біздің ауданда да мұндай бірқатар нысан бар. Барлығы да партияның бақылауында. Бүгін үш нысанда болдық. Оның екеуі тапсырылған. Мысалы, №171 бөбекжай-балабақшаның ойын алаңы 27 мамырда тапсырылған. Балалардың қауіпсіздігі үшін кейбір кемшіліктерге ескерту жасалды. Мердігер компания таяу күндері бұл олқылықтарды реттейді деп ойлаймын», – деді Жетісу аудандық Nur Otan партиясы филиалының партиялық бақылау комиссиясы хатшысы Николай Резников.