Полицейдің портреті
Полицейдің портреті
Баяғыда Қытайдан оралған бір досым: «Біз ана жақта сақ­шы көрсек, оны қорған тұтып, қуанып кетуші едік. Ал сендер ештеңе бүлдірмесеңдер де, орынсыз қуыстанып, неғұрлым ауаша жүруге тырысады екенсіңдер. Неге?» деп таң­ғалып сұраған. Рас, неге? Полиция қоғам санасында төңі­регін түгел қыл­мыс жасауға оқталған күдікті ретінде танитын, дөрекі сөй­лесетін, халықтан ақша соратын жемқор есебінде қалып­тасып қалғандықтан ба? Ал өзгенің өмірі үшін өз басын бәйгеге тіккен, ерлікпен қаза тапқан, адамдарды ажалдан құтқарған полицейлерді қайда қоямыз? Ішкі істер органының имиджі неліктен мұнша түсіп кетті? Тағы бір эпизод. Қайбір күні әлеуметтік желіде бір жігіттің по­лиция қызметкерін сабаған ви­деосы тарады. Астындағы пікір­лерді оқысаңыз, жағаңызды ұс­тай­сыз. «Шоқ, шоқ» деп айызы қанған көпшілік көрермен по­лицейдің таяқ жегеніне дән риза болып отыр. Неліктен олай? Бір сөзбен жауап беру қиын. Жалпы, поли­ция – (2002 жылға дейін «мили­ция») Совет Одағы кезінде құрыл­ған құрылым. Фуражкасына қызыл жолақ тартып, иығына қызыл погон таққан, түсі суық милиция қызметкері совет ада­мына үрей ұялататын. Ол азамат­тардың құ­қығы мен ар-намысын, денсаулы­ғы мен өмірін қорғаушы емес, жазалаушы ретінде қабыл­данды. Халықтың малын тартып алу, үйін кәмпескелеу, итжеккенге айдау, соттау, ату, ұрып-соғу, зорлау, қорлау, қудалау – бәрі осы мили­цияның қолымен жасалды. Шыны керек, қазір де үлкен өзге­ріс бай­қалмайды. Керісінше, жемқорлық­қа кеңінен жол ашыл­ған сияқты. Сол баяғы ұрдажық мінез, сол баяғы дөрекі, дөкір қатынас, сол баяғы тергеу амал­дары. Қазақ­стан­дағы құқық қор­ғау органдарының іс жүргізу тәсіліне көп сын айты­лады. Кейде лауазымын асыра пайдаланғандар жұмыстан қуылса, олардың ор­нын басқандар дәл сондай қыл­мыспен қайта ұсталып жатады. Ішкі істер министрлігі тергеу ке­зінде азаптау әдістері қолда­ны­лады деген мәлімде­ме­лерді қанша жоққа шығарғанымен, азамат­тардың арыз-шағымы ты­йылмай тұр. Бүгінгі Жоғарғы сот төрағасы, бұрынғы Бас прокурор Жақып Асанов та құқық қорғау саласында етек жайған ескі ауруды қынжыла мойындаған. «Біз өзімізді қылмыстық істің қожайыны сезінеміз. Қамаудағы адамның тағдыры өз қолымызда деп кеудемізді ұрамыз. Бұл – со­веттік менталитет, қанға сіңген әдет. Оны мойындаймын. Өйткені мен 1986 жылдан бері құқық қор­ғау органдарында жұмыс істей­мін», – деген-ді Асанов. Тәртіп сақшыларының тәр­тіп­сіздігі – өз алдына бөлек әңгі­ме. Кешегі блок-бекеттегі оқиға, Бурабайдағы мас күйінде адам қаққан майордың мәселесі – «ай­дың бергі беті» ғана. Бірақ «айдың арғы беті» де бар ғой. Қызметтік міндетін орындау ба­ры­сында ба­тырлығымен көзге түскен поли­цейлердің еңбегін еш терістей алмаймыз. Мысал мың­дап сана­лады. Екібастұзда құмға көмілген баланы құтқарған Тахир Қасумов, Павлодарда көпбалалы әйелді суицидтен құтқарған Ер­бол Ай­ғожин, Қарағанды өңірінде суға батып бара жатқан тұрғынды құтқарған Дастан Азанбаев, Аты­рауда көпірден секірген қызды құтқарамын деп өз өмірімен қош­тасқан Шалқар Ақымғалиев, Алматыда 6 адамды өрттен құт­қарған Әлімқыдыр Әділет... Құдды бір құтқарушылар дерсің. Иә, біреуді құтқару тікелей мін­детіне жатпаса да, адам тағдырына бей­жай қарамайтын адал поли­цейлер арамызда аз емес. Тараз­дағы те­рактіде саналы түрде жанын қиған Ғазиз Байтасов пен Павлодарда мектеп автобусын жол апатынан сақтау үшін қыз­меттік көлігін «КамАЗдың» алды­на тосқан тәртіп сақшыларын қалайша қаралай­мыз? Сондықтан мәселеге біржақ­ты қарамай, «Бір құмалақ бір қа­рын майды шіріте­дінің» керін келтірмеу керек. «Бір құмалақ» дегеннен шы­ғады. 25 мамырда АҚШ поли­цей­лері афроамерикалық Джордж Флойдты өлтіріп алып, халықтың ашу-ызасын тудырды. Оқиға ор­нында түсірілген видео әлеуметтік желіде жылдам тарап, полицей­лердің әрекеті нәсілшілдік деп бағаланды. Наразылық шерулері бүкіл Американы шарпып, осы­мен нешінші күн жалғасып жа­тыр. Тәртіпсіздікке байланысты 40 қа­лада комендант сағаты енгізілген. Бірақ адамдар комен­дант сағатын елеген жоқ. Нью-Йорк, Чикаго, Филадельфия және Лос-Анжелес қалаларында тұрғындар мен по­лиция қақты­ғыс­қан. Полиция жи­налған жұрт­ты тарату мақсатын­да көзді ашы­татын газ бен резеңке оқтарды пайдаланған. Шерушілер өз кезе­гінде көшеде от жағып, арнайы жасаққа тас, кірпіш, бөтел­ке лақ­тырған. Бірнеше қалада дү­кен­дерді тонау, полиция көлігін өртеу дерегі тіркелген. Дональд Трамп­тың өзі отбасымен Ақ үй астын­дағы бункерге тығылған. «Көп қор­қытады, терең батырады» де­ген рас екен. Кейбір штаттарда полиция халықтан тізерлеп тұрып кешірім сұрады. Тіпті, Мичиган штатындағы Флинт қаласының бас шерифі Дженеси Суонсон бастаған полицейлер шерушілерге қосылған. Қысқасы, бір полицей қызметін асыра пайдаланып, содан мың полицей зардап шекті. Оның бәрін саясат сайысына жорыған сәуегейлер де табылды. Мәселен, Дональд Трамп нара­зылық акциясын өзінің басты қарсыласы Джозеф Байденнен көріп, бұлқан-талқан болыпты. Қалай десек те, қазақтың «бір құмалақ» теориясы мұхиттың ар жағындағы АҚШ-ты шат-шәле­кей қылды. 2018 жылы даңқты спорт­шы Денис Тен ұрылар қо­лынан жан тапсырғанда да қоғам бел­сенділері полицияны жер-жебіріне жетіп сынап, министрдің отстав­каға кетуін талап еткені есімізде.    width= Сонымен, полицейдің пор­треті дегенде тұла бойы сымдай тартыл­ған, тап-тұйнақтай жина­қы, сы­пайы һәм мәдениетті, жауырыны қақпақтай жауынгерді елестетесіз бе, жоқ, қарны қабақ­тай, беті та­бақтай, «шала» сауатты парақорды елестетесіз бе? Оны патша көңі­ліңіз білсін. Ел ішінде екеуі де бар. Екеуі де болса, ен­деше неліктен тәртіп сақшылары­ның жағымсыз образы басым? Бұл сауалға күні кеше Qazaqstan ұлттық арнасының «Ашық алаң» бағдарламасында ІІМ-нің ресми өкілі Нұрділда Ораз жауап беріпті. «Жалпы, полицияның ашық­тығы дегенге келейікші. Бүгін өз­деріңіз көріп тұрсыздар ғой. Әлеу­меттік желіде полицияны кінәлау, сынау көп деп жатыр­сыздар. Бірақ үңіліп көрсек, осының бәрі соңғы 3-4 айдың ішінде әдейі ұйым­дас­тырылып, сырттан келіп жатқан кампания деп ойламайсыздар ма? Бұл да бір сұрақ. Өйткені сіздер білесіздер, қазақ елінің ауызбір­шілігіне сына қағып, сырттан қызғаныш біл­діретін топтар бар. Оны да ескеру керек», – дейді шенеунік. Қазақ полициясының имид­жін сыртқы күштер талқандап жатыр деген пікірге саясаттанушы Ерлан Сайыров қосыла қойма­ды. Оның сөзінше, сырттан жау із­деу – совет заманынан қалған ескі мінез. «Полицияға ешкім тасадан тас атпайды. Ешкім біздің полиция жаман болсын деп ойламайды. Бүгінгі таңда біздің азаматтардың либерализация деген сұранысы бар. Соның ішінде құқық қорғау органдарының ашықтығына деген сұраныс бар. Ол ешқандай да сырттан келген күш емес. Бізде Совет кезеңіндегі көзқарас қал­ған. Бір реформаны жасағысы келсе, міндетті түрде АҚШ-тың мемле­кеттік департаменті кінәлі деп шығады. Олай емес. Біздің хал­қымыз реформаны қалап отыр. Сол сұранысқа жауап беру керек. Егер ол сұранысқа жауап берсек, қоғамда белгілі бір дәре­жеде тепе-теңдік орнайды», – деді сарапшы. Реформа демекші, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында бұл салаға ерекше назар аударған. «Құқық қорғау жүйесін толық реформалау – аса маңызды мін­деттердің бірі. Полицияның мем­лекеттік күштік құрылы­мындағы бейнесі бірте-бірте өзгеріп, қа­уіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға айналады. Полицейлер жұмысының тиімділігі полиция қыз­­метінің беделді болуына бай­­ланысты. Ішкі істер минис­тр­лігін реформалауға алдағы үш жыл ішін­де 173 миллиард теңге бөлі­неді», – деген еді Мемлекет басшысы. Содан кейін қалалық Ішкі істер департаменттерінің атауы Поли­ция департаменті деп өзгертілді. Тәртіп сақшыларының формасы да жаңарды. Бірақ полицияның сырт­қы сипатын ауыстырумен іс бітпейді. Ең әуелі құқық қорғау ор­гандары сүйенген советтік жүйе, қоғамдық сана, халық пен заң ара­сындағы қарым-қатынас жаңғы­руы қажет. Пре­зидент полицияны қыз­мет көр­сетуші органға айнал­дыруды жайдан-жай тапсырған жоқ. Мысалы, Грузия кеңестік жүйеден қалған заңнамадан бас тартып, оны толық алмастырған. Онда көлік жол жиегінде тұрса, поли­ция жүргізушінің жағдайын сұрауға міндетті. Тіпті, сақшылар жүксалғышқа бір канистра бен­зинді салып жүреді. Біреудің бензині бітіп қалса, соны құйып береді, дөңгелегі жарылса, тиісті жеріне апарып тастайды. Рефор­маға дейін Грузияда 66 мың по­лицей болса, соңында 20 мыңға қысқарған. Бір қызығы, қылмыс 10 есе азайған. Ал Қазақстанда 100 мың адамға шаққанда 393 по­ли­цей бар екен. Бұл Еуроодақ мү­ше­ле­рі­нің көрсеткішіне тең (Бель­­гия – 412, Чехия – 383, Фран­ция – 340). Реформа бастал­ғалы ІІМ қыз­мет­керлерінің саны 11 пайыз­ға қыс­қа­рып, 10 мыңнан астам сақшы жұ­мыстан босатыл­ған. Нәтиже­сінде, 16 млрд теңге үнем­делген. Әрине, дамыған мем­ле­кет­тер онда­ған жыл жұмсаған ре­форманы бас-аяғы 3 жылда ең­серу мүмкін емес. Әйтсе де, қазіргі беталыстың өзі полиция имиджін біршама жақсар­татын сыңайлы.  

 width=Еркебұлан НҰРЕКЕШ