Баяғыда Қытайдан оралған бір досым: «Біз ана жақта сақшы көрсек, оны қорған тұтып, қуанып кетуші едік. Ал сендер ештеңе бүлдірмесеңдер де, орынсыз қуыстанып, неғұрлым ауаша жүруге тырысады екенсіңдер. Неге?» деп таңғалып сұраған. Рас, неге? Полиция қоғам санасында төңірегін түгел қылмыс жасауға оқталған күдікті ретінде танитын, дөрекі сөйлесетін, халықтан ақша соратын жемқор есебінде қалыптасып қалғандықтан ба? Ал өзгенің өмірі үшін өз басын бәйгеге тіккен, ерлікпен қаза тапқан, адамдарды ажалдан құтқарған полицейлерді қайда қоямыз? Ішкі істер органының имиджі неліктен мұнша түсіп кетті?
Тағы бір эпизод. Қайбір күні әлеуметтік желіде бір жігіттің полиция қызметкерін сабаған видеосы тарады. Астындағы пікірлерді оқысаңыз, жағаңызды ұстайсыз. «Шоқ, шоқ» деп айызы қанған көпшілік көрермен полицейдің таяқ жегеніне дән риза болып отыр. Неліктен олай? Бір сөзбен жауап беру қиын. Жалпы, полиция – (2002 жылға дейін «милиция») Совет Одағы кезінде құрылған құрылым. Фуражкасына қызыл жолақ тартып, иығына қызыл погон таққан, түсі суық милиция қызметкері совет адамына үрей ұялататын. Ол азаматтардың құқығы мен ар-намысын, денсаулығы мен өмірін қорғаушы емес, жазалаушы ретінде қабылданды. Халықтың малын тартып алу, үйін кәмпескелеу, итжеккенге айдау, соттау, ату, ұрып-соғу, зорлау, қорлау, қудалау – бәрі осы милицияның қолымен жасалды. Шыны керек, қазір де үлкен өзгеріс байқалмайды. Керісінше, жемқорлыққа кеңінен жол ашылған сияқты. Сол баяғы ұрдажық мінез, сол баяғы дөрекі, дөкір қатынас, сол баяғы тергеу амалдары. Қазақстандағы құқық қорғау органдарының іс жүргізу тәсіліне көп сын айтылады. Кейде лауазымын асыра пайдаланғандар жұмыстан қуылса, олардың орнын басқандар дәл сондай қылмыспен қайта ұсталып жатады. Ішкі істер министрлігі тергеу кезінде азаптау әдістері қолданылады деген мәлімдемелерді қанша жоққа шығарғанымен, азаматтардың арыз-шағымы тыйылмай тұр. Бүгінгі Жоғарғы сот төрағасы, бұрынғы Бас прокурор Жақып Асанов та құқық қорғау саласында етек жайған ескі ауруды қынжыла мойындаған.
«Біз өзімізді қылмыстық істің қожайыны сезінеміз. Қамаудағы адамның тағдыры өз қолымызда деп кеудемізді ұрамыз. Бұл – советтік менталитет, қанға сіңген әдет. Оны мойындаймын. Өйткені мен 1986 жылдан бері құқық қорғау органдарында жұмыс істеймін», – деген-ді Асанов.
Тәртіп сақшыларының тәртіпсіздігі – өз алдына бөлек әңгіме. Кешегі блок-бекеттегі оқиға, Бурабайдағы мас күйінде адам қаққан майордың мәселесі – «айдың бергі беті» ғана. Бірақ «айдың арғы беті» де бар ғой. Қызметтік міндетін орындау барысында батырлығымен көзге түскен полицейлердің еңбегін еш терістей алмаймыз. Мысал мыңдап саналады. Екібастұзда құмға көмілген баланы құтқарған Тахир Қасумов, Павлодарда көпбалалы әйелді суицидтен құтқарған Ербол Айғожин, Қарағанды өңірінде суға батып бара жатқан тұрғынды құтқарған Дастан Азанбаев, Атырауда көпірден секірген қызды құтқарамын деп өз өмірімен қоштасқан Шалқар Ақымғалиев, Алматыда 6 адамды өрттен құтқарған Әлімқыдыр Әділет... Құдды бір құтқарушылар дерсің. Иә, біреуді құтқару тікелей міндетіне жатпаса да, адам тағдырына бейжай қарамайтын адал полицейлер арамызда аз емес. Тараздағы терактіде саналы түрде жанын қиған Ғазиз Байтасов пен Павлодарда мектеп автобусын жол апатынан сақтау үшін қызметтік көлігін «КамАЗдың» алдына тосқан тәртіп сақшыларын қалайша қаралаймыз? Сондықтан мәселеге біржақты қарамай, «Бір құмалақ бір қарын майды шірітедінің» керін келтірмеу керек.
«Бір құмалақ» дегеннен шығады. 25 мамырда АҚШ полицейлері афроамерикалық Джордж Флойдты өлтіріп алып, халықтың ашу-ызасын тудырды. Оқиға орнында түсірілген видео әлеуметтік желіде жылдам тарап, полицейлердің әрекеті нәсілшілдік деп бағаланды. Наразылық шерулері бүкіл Американы шарпып, осымен нешінші күн жалғасып жатыр. Тәртіпсіздікке байланысты 40 қалада комендант сағаты енгізілген. Бірақ адамдар комендант сағатын елеген жоқ. Нью-Йорк, Чикаго, Филадельфия және Лос-Анжелес қалаларында тұрғындар мен полиция қақтығысқан. Полиция жиналған жұртты тарату мақсатында көзді ашытатын газ бен резеңке оқтарды пайдаланған. Шерушілер өз кезегінде көшеде от жағып, арнайы жасаққа тас, кірпіш, бөтелке лақтырған. Бірнеше қалада дүкендерді тонау, полиция көлігін өртеу дерегі тіркелген. Дональд Трамптың өзі отбасымен Ақ үй астындағы бункерге тығылған. «Көп қорқытады, терең батырады» деген рас екен. Кейбір штаттарда полиция халықтан тізерлеп тұрып кешірім сұрады. Тіпті, Мичиган штатындағы Флинт қаласының бас шерифі Дженеси Суонсон бастаған полицейлер шерушілерге қосылған. Қысқасы, бір полицей қызметін асыра пайдаланып, содан мың полицей зардап шекті. Оның бәрін саясат сайысына жорыған сәуегейлер де табылды. Мәселен, Дональд Трамп наразылық акциясын өзінің басты қарсыласы Джозеф Байденнен көріп, бұлқан-талқан болыпты. Қалай десек те, қазақтың «бір құмалақ» теориясы мұхиттың ар жағындағы АҚШ-ты шат-шәлекей қылды. 2018 жылы даңқты спортшы Денис Тен ұрылар қолынан жан тапсырғанда да қоғам белсенділері полицияны жер-жебіріне жетіп сынап, министрдің отставкаға кетуін талап еткені есімізде.