Жоғары дауыс алсам да, мемлекеттік сыйлықтан не үшін шеттетілгенімді түсінбедім – Мархабат Байғұт
Жоғары дауыс алсам да, мемлекеттік сыйлықтан не үшін шеттетілгенімді түсінбедім – Мархабат Байғұт
201
оқылды
Қазақтың көрнекті жазушысы, еліміздің мақтанышы Мархабат Байғұт биыл жетпістің бесеуіне келді. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық  «Алаш» және «Түркі әлеміне қызмет» сыйлықтарының лауреаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, белгілі қаламгер, журналист, қоғам қайраткері Мархабат аға Байғұтты әңгімеге тартқанбыз. – Мархабат аға, жетпіс желке­нін керді. «Жетпіске келдім, жетпіс түрлі амал көрдім» демекші, жет­піс­тің төбесінен қарағанда, етек­тен не көруге болады? – Сіз сыпайылықпен жет­піс­­тің желкенін меңзейсіз, біз пақырыңыз жетпіс бестің жон-жонастарында жүріппіз. Тоқ еткізіп тура айтпай, аздап жа­сартыңқырағаныңызға құр­сан­быз, қарағым. Сегізінші сы­ныптан аудан орталығындағы атақты Абай мектебіне барып, жа­нындағы жүз орынды интер­нат­та жатып оқыдық қой. Тау түкпіріндегі Таупістелі ауылынан. Сонда Абайдың «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәртебе, бол­маса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал!» деген қағидасын күнделік дәптеріме жазып қойып, онын­шы сыныпқа дейін орындап жүр­дік. Кенет Абай мектебі онбір­жыл­дыққа айналып, оныншы класс бағдарламасының жартысы келесі жылға қалдырылды. Төр­тін­ші тоқсанда бұрынғы өткен­дерді қайталап, ішіміз пысып, қыздарға бұрқыратып хат жаза­тын­ға айналдық. Осылайша, Абай­дың «Өзіңнен өзің есеп ал!» дегені ұмытылып қала бер­ді. Жетпіс бестің төбесінен сіз айт­қандай төменге қарасақ, кеу­д­ені күрсін кернейді. Ең бол­ма­са, айында бір есеп алудан жаңыл­мағанда, қазіргіден әлдеқайда әйдік адам болар ма едік деп өкінеміз. –Бұрын әдебиетке келгендерді сы­найтын жақсы сыншылар қосы­ны бар еді. Қазір «шөп те өлең, шөңге де өлең» уақытта сын­ның да, сыншының да қарасы көрін­бей­ді. Бұл қалай? – Адамзаттың Екінші ұстазы атанған отырарлық Әбу Насыр бабамыз «Қайырымды қала» қағидаттарын қалыптастырумен қатар «Надан қала», «Алыс-беріс қаласы», «Даңғой, даңғаза, мақтаншақ қала» мәселелерін де мәністеген. Осы даңғойлық, даңғазалық, мақтаншақтық белең алып, кемеңгер суреткер Мұхтар Әуезов өнегелеген «сын шын мен шын сынның» шеттетілгенін жоққа шығару қиын. Алайда небір терең де ерен, жан-жақты, креативті жас сыншылар жоқ емес. Желкілдей өсіп, жетіліп келеді. Қазір де әдеби үдеріс жүріп жатыр. Елуге енді енген Амангелді Кеңшілікұлы сияқты дарынды сыншылардың дара дүниелері кітап боп шығып жүр. Бағашар Тұрсынбайұлы сынды жүдә жас сыншылар қатары да қуантады. Олардың жазғандары жалпы оқырманға жете бермейді. Осыдан барып сын жоқ, сыншы жоқ деген қоғамдық пікір басым­данған сияқты. – Қалихан Ысқақовтай көр­кем­сөз шебері көркем әдебиет­тің нағыз келбетін Аймауытовтан көре­тін еді. Кей жазушылар Бейім­бет Майлин мектебін айрық­ша бағалайды. Мұқановтың «Өмір мектебіндей» мемуарлық шығарма іздейтіндер де бар. Әдебиеттің бүгін­гі құны қандай? – Оқимын, һәм тоқимын де­ген адамға дәл қазіргі қазақ әде­биетінде де татымды туынды­лар жетіп-артылады. Мәселен, Әкім Таразидің «Жаза» романы – теңдесі кем туындылардың бірі. 2015 жылы кітап боп шыққан Бексұлтан Нұржекеевтің «Әй, дүние-ай!» романы бүкіл қазақты дүр сілкіндіріп, ой-санасын аунатып түсіретін шығарма еді. Қоғамыңыз селт етпеді. Бұл өзі 1916 жылғы ұлт-азаттық көте­рі­лісінің ақиқатын аяусыз ашып көрсеткен, күллі қазақ тол­ғана тебіреніп, жан-жүрегін жы­ла­тып оқитын, қоғам болып тал­қылайтын, санаға сіңіріп, ұлт­тық ұғыныспен меңгеретін, үнемі айналымнан шығармастай шығарма еді. Біз «Қорғансыз қазақ қырғыны туралы тебіре­ніс­ті туынды» деп жаздық «Еге­мен Қазақстанда». Мұндай мы­­­­сал­дарды көптеп келтіруге бола­ды. Қазіргі қазақ әңгімесі көр­­кем­ниетті ұлттың көркем әңгі­месі әлемдік деңгейден кем емес. Оқып, меңгеріп жатқан оқыр­­ман бар ма?! Деп ойлаймыз кейде. Қазіргі көркем әдебиетті «құнсыздандырған» қаламгерлер ғана дегенге қосылмаймыз, қара­ғым. Асқар Сүлейменов айт­қан­дай, «Жазушы – адамның сүйе­гі­нен қоғамның дертін іздейтін бейбақ». – Тынымбай Нұрмағамбетов, Несіпбек Дәутайұлы, Мархабат Байғұт. Әдебиетте қатар шапқан жүй­ріктер секілді көрінеді. Әр­қай­сының өз мөлдір әлемі бар. Деген­мен қаламгердің қолтаң­ба­сын айқындайтын не нәрсе? – «Жазушылық – Жаратушы­дан» деседі. Құдай Тағала бұйыр­­­тып ұстатқан қайран қа­­лам мен айналайын ақ қа­ғаз­ға адалдықтан айнымай, ұлт­­­қа қызмет ету қай-қандай дең­­гейде болса, қаламгеріңіздің қол­таң­­басы да сол маңайлардан көрі­нетін шығар. Айқындалып, анықталатын болар. Әрине, талант даралығы, стиль өзгеше­лігі, тағысын тағылар – бөлек гәптер. – Мемлекеттік сыйлықтың бәй­­ге­сіне ат қосқаныңызды біле­міз. Бірақ мәре сызығынан сіздің атыңызды көре алмадық. Сол жолы прозаның емес, поэзия­ның бағы басым түсті. Сыйлық алмаған сәтте адамда өкініш сезімі бола ма? – Шырағым, осы орден, ме­даль, сыйлық дегенде онша шаруа­мыз болмайтын. Ешқай­сы­сының соңына түскен емеспіз. Абай хакім айтады-дүр. «Ғиззат-құрмет, атақ адамды өзі іздеп тап­са, адамдықты бұзбайды, қайта көрік береді, егер адам оларға табынып іздесе, тапса да, таппаса да адамдығы жоғалады» дейді. Сіз айтқандай, Мемсыйлықтың бәйгесіне ат қосқан жоқ едік. Біреулер қосқызды. Қоярда қоймай. Біршама жағдайды түсінді­ре­йін­ші, шырағым. 2012 жылы «Раритет» баспасынан «Бұла бұ­лақ» атты әңгімелер жина­ғым шықты. Біраз жанашыр жазу­­шылар, саңлақ сыншылар сол кітапты Мемсыйлыққа әб­ден лайық, ұсыну керек деп ай­нал­дырды. Дарынды сыншы, өткір ойшыл Әмірхан Меңдеке ауруханада жатқан жеріме Алма­ты­дан арнайы келіп, үгіттеді. Дәлелдеді. Қыңырайып, көнбе­дім. Мемсыйлық біздің не теңіміз деп. Кейін өкінгеніміз рас.  

Абай хакім айтады-дүр. «Ғиззат-құрмет, атақ адам­ды өзі іздеп тап­са, адамдықты бұзбайды, қай­та көрік береді, егер адам оларға табынып із­де­се, тапса да, таппаса да адамдығы жоғалады» дейді. Сіз айтқандай, Мемсыйлықтың бәйгесіне ат қос­қан жоқ едік. Біреулер қосқызды. Қоярда қой­май.

  2018 жылғы сыйлыққа ұсыну да ойымыз түгіл түсімізде жоқ-тұ­ғын. Бір журналист ініміз: «Сі­з­дің прозадағы орныңыз бө­лек. Мына «Әпкемнің ауы­лын» өзіңіз ұсынбасаңыз, біз ұйымдастырамыз, баяғыда бекер көнбедіңіз, енді біз көнбейміз» деп қоймады ғой. «Жарайды өздеріңіз біліңіздерші», – деп құтылғам. Алғашқы іріктеуден өтпейді деп ойлағам. Өтіп кетіп­ті. Сөйтіп, сол бәйгеңізге төрт ақын, бір прозашы жібе­рі­ліпті. Талқылау қызғын жүрді. «Әпкемнің ауылы» атты кітап ел­дің назарына ілі­гіп, небір пікірлер жазылып жатты. Біле­тіндер, сезетіндер, жоба­лау­шылар алдын ала құттықтады-ай. «Ойбай төрт бірдей ақыннан біреуіне берер, прозашы жалғыз, өзің аласың» деушілер тіпті екілене еселеніп кеткен. Біз де пен­деміз ғой, шынымен-ақ үміттеніп, сеніп те қалғанбыз. Дауыс беріліпті. Комиссияның Әдебиет секциясында көрнекті ақын Ғалым Жайлыбай екеуміз ең жоғары дауыс алыппыз. Ал жалпы комиссияның қорытынды дауыс беруінде сол Ғалым екеу­міз өтпей қалыппыз-мыс. Кім­дер кедергі жасап, жол кес­ті? Әдебиет жөніндегі секция ең жоғары дауыс берген екеу не­лік­тен шеттетілді? «Апам да аң-таң, біз де аң-таң» дегеннің көкесі мен атасы осылай болған, айналайындар. Комиссия мүше­лері, дара дарындар Төлен Әбдік, Дулат Исабеков, Қажығали Мұхан­бетқалиев, Қойшығара Сал­­ғараұлы, тағы басқалар да аң-таңданып, қайран қалып, реніш­терін білдіріпті деп естідік қой. Көңіл айтушылар көбейді-ай... Қорытынды дауысты санауға қатысты деген соң, жақсы білетін бірер кісілердің телефондарын сұрастырып, қоңырау шалған болдық. Әлібек Асқаров деген жазушыға: «Кедергі келтірген, бұрмалағандарды білесіз ғой, қазақ прозасының киесі ұрмас па екен?» – дегеніміз рас. Сол кездегі Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің басшысы «Рухани жаңғыру» жөніндегі комиссия төрайымы, бүгінгі министріміз Аида Балаеваға WhatsApp-пен хат жаздық. Әлі­бек мырзаға айтқанымыздай. «Соны айтыңыз» деп жауап жазды Аида ханым. Рақмет. Жұрттар сол бәйгеге қайта­лап түсіп жатады. Ал біз енді түспейміз деп айтып, жазып жүрміз. Тәкен, Бердібек сынды бірегейлерге берілмегенде, біз пақырыңыз кімнің шікірәсіміз? – Кеңес өкіметі қазақ әдебие­тіне талай-талай қабырға­лы қалам­герлер шоғырын берді. Бір дүбірді бір дүбір басып, кіл мықтылар әдебиетке ойып тұрып, атын қалдырды. Сол әдеби үрдіс бүгін неге үзілді? – Кеңестік кезеңнің көп жақтары қан-қасап қырғындар әкелді. Ашаршылықта, саяси қуғын-сүргінде қазақ ұлтының үштен екісіне жуығы қырылды. Тірі қалғандары жадынан жа­ңылды. Дегенмен өткен ға­сыр­­дың 60-80-жылдары қа­зақ әдебиеті үшін «алтын ға­­сыр­ға» бергісіз болғаны рас. Мұ­ны еш­кім де жоққа шығара ал­май­ды. Бұл құбылысты бір-екі ауыз сөзбен айта салуға бол­майды. Ең бастысы, қазақ – қаны да таза, жаны да таза та­лант­ты ұлт. Абайы бар, Алаш асылдары бар. Әуезов сынды кемеңгері алапат арасаттан тірі қалды... Дегендей ғой. Әдеби үрдіс үзілген емес. Үзілмейтін де шығар. – Дүбір демекші, сіз өзіңіздің соңыңыздан ерген дүбірді естисіз бе? Жалпы, өлең шығаратын жас ақын көп. Алайда жас жазу­шылар көрінбейді. Өзіңіздің шәкіртіңіз бар ма? – Дүбір бір кезеңдерде үдейді. Кейде бәсеңдейді. Бірақ мұ­қым-мүлде жоғалмайды. Бір қызығы, біздің шәкірттің көп­шілігі ақындар сияқты. Прозада көп байқап жүрген жоқпын. – Мархабат Байғұтты қазақ әде­биетінде Мархабат Байғұт еткен не сиқыр? – Қайран қазақ әдебиетінің сиқыры шығар. – Жыл сайын Түлкібаста «Таупістелі тағылымы» атты шара өтетінін білеміз. Бұл не шара? – Түлкібас ауданында «Мар­хабат-Мирас» қоғамдық қоры құрылғалы жеті жыл бо­лып қалды-ау. Кітапқа, көркем әдебиетке бетбұрыс, жас қалам­гер­лерді ынталандыру, жас ұр­пақ­ты өлкетануға, туған ел мен туған жерге құштарлыққа тәр­биелеу, тағы басқа және тағы­­сын тағы мақсаттары бар. Қордың қалтасына қаржы түс­пегелі біраз болған сияқ­ты. Сонда да тырбанып, намыс­қа тырысатын сыңайлы. «Тау­піс­­телі тағылымы» жобасы бо­йын­ша «Түркі тілдес, түгел бол!» басқосуы үш жылда бір рет өтіп тұрады. 2016 және 2019 жылы Таупістелі ауылына Түркия­дан, Өзбекстан, Қыр­ғыз Республикасы, тағы басқа туысқан түркі елдерінен ақын-жазу­шылар, ғалымдар, журна­лис­тер жиналды. Халықаралық конференциялар өтті. Біздің ауыл­да Шерхан мен Насыр (өзбектің өзгеше жазушысы) бауы бар. «Шерхан Мұртаза мен Насыр Фазыл бастаған жазу­шы­лар баудың негізін 1995 жылы қала­ған» деген жазу мәрмәр тасқа оймышталған. «Таупістелі тағы­лымы» басқосуы осы бақ­тың ішінде ұйымдастырылып келеді. «Түркі тілдес, түгел бол!» қағидаты тек Стамбұлда, Анка­рада, Бакуде, Қазанда, Таш­кентте, Астанада, Бішкекте, Түркістанда емес, қасиетті қара­­шаңырақ Қаратаудың бір түкпіріндегі Бозторғай асуының аузындағы Таупістелі ауылында да қанат қағып, кішкентай ғана қазақ ауылы да әлемдік, түркілік үнқатысуға үн қосса деген ниеттен туған идея ғой. – Үнемі Түркістан облысында, Шымкент қаласында өтетін барлық әдеби-мәдени, рухани шаралардың басы-қасында жүресіз. Бұл шы­ғар­машылық адамына кедергі кел­тір­мей ме? – Қоғамдық жұмыстарға, тиісті шараларға белсене қатысып, ты­нымсыз жүгіріп жүретініміз рас. Он алты жылдан астам уа­қыт мемқызметте болдық. Ішкі саясат, тіл, ақпарат, қоғамдық ке­лісім дейтұғын бөлімдерді, бас­қар­маларды басқардық. Қан­ша­ма басшылардың баян­да­маларын, сөздерін, мақалаларын жаздық. Егер соның бәрін жаса­май, қоғамдық жұмыстардан, шаралардан шет жүріп, тек жеке шығармашылығымызбен айна­лыс­қанда, қазіргіден әлденеше есе көбірек туындылар жаратпағымыз бек бәлкім еді. Ондай жағдай бола қоймады. Бірақ бәрібір өкін­­бейміз. Қайткенде де, не іс­те­­­генде де халықтың қажетіне жара­­дық. Үміт пен сенімді, тиісті мін­деттерімізді жоғары жауап­кер­шілікпен атқаруға ұмтылдық. Осылай шүкіршілік етеміз. Әлі де шапқылап жүретіні­міз жауап­кер­ші­лікті сезінуден шығар. – Дәл қазір немен айналысып жүрсіз? Оқырманға айтар жаңалы­ғы­ңыз бар ма? – Кейінгі бір жыл бойы «Түр­кілер төрі Түркістан» деген кітап жаздық. Түркістан қаласы – Ұлы Жібек жолының бойындағы бі­ре­­гей шаһар. Ахмет Ясауи ба­ба­­­мыздың, түркі, қазақтың ар­­дақ­­ты перзенттерінің асыл сүйек­­­­тері жерленген киелі ме­кен. Кітабымызда тек облыс ор­та­лығының ежелгі тарихы, кеше­гісі, бүгіні мен ертеңі емес, Түркістанның айнала-төңірегі, бүкіл өңірдің өзгеше тағдыр-та­лайы, табиғаты, таулары мен да­ласы, тұлғалары туралы баян еті­леді. «Елдостың эсселері» ре­тінде, тарихи-көркем тұрғыда әңгі­мелеуге тырыстық. Жазбагер жыл­намашыларға, даналардың мұра­ларына, ғұламаларға, тарих­шы, археолог ғалымдарға, зерт­теушілерге, ақындар мен жазу­шыларға, журналистерге, тағы бас­қаларға сүйендік. Таяныш тұт­тық. Жақында осы «Түркілер төрі Түркістан» деген дүниеміз Нұр-Сұлтандағы «Ғылым» баспа­сы­нан жарық көрді. Сүйінші даналары ғана қолымызға тиді. Дәл қазір екі жарым айдан бері Таупістелідеміз. Харуки Мура­ка­мидің талай туындыларын оқы­­ғамыз. Бұрындары. Жаңала­рын оқып жүрміз. Абайдың қара сөз­дерін жыл сайын қайталап оқи­мыз. – Сұхбатыңызға рақмет!  

Сұхбаттасқан Гүлзина БЕКТАС, Назгүл НАЗАРБЕК