Қазақтың көрнекті жазушысы, еліміздің мақтанышы Мархабат Байғұт биыл жетпістің бесеуіне келді. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» және «Түркі әлеміне қызмет» сыйлықтарының лауреаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, белгілі қаламгер, журналист, қоғам қайраткері Мархабат аға Байғұтты әңгімеге тартқанбыз. – Мархабат аға, жетпіс желкенін керді. «Жетпіске келдім, жетпіс түрлі амал көрдім» демекші, жетпістің төбесінен қарағанда, етектен не көруге болады? – Сіз сыпайылықпен жетпістің желкенін меңзейсіз, біз пақырыңыз жетпіс бестің жон-жонастарында жүріппіз. Тоқ еткізіп тура айтпай, аздап жасартыңқырағаныңызға құрсанбыз, қарағым. Сегізінші сыныптан аудан орталығындағы атақты Абай мектебіне барып, жанындағы жүз орынды интернатта жатып оқыдық қой. Тау түкпіріндегі Таупістелі ауылынан. Сонда Абайдың «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал!» деген қағидасын күнделік дәптеріме жазып қойып, оныншы сыныпқа дейін орындап жүрдік. Кенет Абай мектебі онбіржылдыққа айналып, оныншы класс бағдарламасының жартысы келесі жылға қалдырылды. Төртінші тоқсанда бұрынғы өткендерді қайталап, ішіміз пысып, қыздарға бұрқыратып хат жазатынға айналдық. Осылайша, Абайдың «Өзіңнен өзің есеп ал!» дегені ұмытылып қала берді. Жетпіс бестің төбесінен сіз айтқандай төменге қарасақ, кеудені күрсін кернейді. Ең болмаса, айында бір есеп алудан жаңылмағанда, қазіргіден әлдеқайда әйдік адам болар ма едік деп өкінеміз. –Бұрын әдебиетке келгендерді сынайтын жақсы сыншылар қосыны бар еді. Қазір «шөп те өлең, шөңге де өлең» уақытта сынның да, сыншының да қарасы көрінбейді. Бұл қалай? – Адамзаттың Екінші ұстазы атанған отырарлық Әбу Насыр бабамыз «Қайырымды қала» қағидаттарын қалыптастырумен қатар «Надан қала», «Алыс-беріс қаласы», «Даңғой, даңғаза, мақтаншақ қала» мәселелерін де мәністеген. Осы даңғойлық, даңғазалық, мақтаншақтық белең алып, кемеңгер суреткер Мұхтар Әуезов өнегелеген «сын шын мен шын сынның» шеттетілгенін жоққа шығару қиын. Алайда небір терең де ерен, жан-жақты, креативті жас сыншылар жоқ емес. Желкілдей өсіп, жетіліп келеді. Қазір де әдеби үдеріс жүріп жатыр. Елуге енді енген Амангелді Кеңшілікұлы сияқты дарынды сыншылардың дара дүниелері кітап боп шығып жүр. Бағашар Тұрсынбайұлы сынды жүдә жас сыншылар қатары да қуантады. Олардың жазғандары жалпы оқырманға жете бермейді. Осыдан барып сын жоқ, сыншы жоқ деген қоғамдық пікір басымданған сияқты. – Қалихан Ысқақовтай көркемсөз шебері көркем әдебиеттің нағыз келбетін Аймауытовтан көретін еді. Кей жазушылар Бейімбет Майлин мектебін айрықша бағалайды. Мұқановтың «Өмір мектебіндей» мемуарлық шығарма іздейтіндер де бар. Әдебиеттің бүгінгі құны қандай? – Оқимын, һәм тоқимын деген адамға дәл қазіргі қазақ әдебиетінде де татымды туындылар жетіп-артылады. Мәселен, Әкім Таразидің «Жаза» романы – теңдесі кем туындылардың бірі. 2015 жылы кітап боп шыққан Бексұлтан Нұржекеевтің «Әй, дүние-ай!» романы бүкіл қазақты дүр сілкіндіріп, ой-санасын аунатып түсіретін шығарма еді. Қоғамыңыз селт етпеді. Бұл өзі 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің ақиқатын аяусыз ашып көрсеткен, күллі қазақ толғана тебіреніп, жан-жүрегін жылатып оқитын, қоғам болып талқылайтын, санаға сіңіріп, ұлттық ұғыныспен меңгеретін, үнемі айналымнан шығармастай шығарма еді. Біз «Қорғансыз қазақ қырғыны туралы тебіреністі туынды» деп жаздық «Егемен Қазақстанда». Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Қазіргі қазақ әңгімесі көркемниетті ұлттың көркем әңгімесі әлемдік деңгейден кем емес. Оқып, меңгеріп жатқан оқырман бар ма?! Деп ойлаймыз кейде. Қазіргі көркем әдебиетті «құнсыздандырған» қаламгерлер ғана дегенге қосылмаймыз, қарағым. Асқар Сүлейменов айтқандай, «Жазушы – адамның сүйегінен қоғамның дертін іздейтін бейбақ». – Тынымбай Нұрмағамбетов, Несіпбек Дәутайұлы, Мархабат Байғұт. Әдебиетте қатар шапқан жүйріктер секілді көрінеді. Әрқайсының өз мөлдір әлемі бар. Дегенмен қаламгердің қолтаңбасын айқындайтын не нәрсе? – «Жазушылық – Жаратушыдан» деседі. Құдай Тағала бұйыртып ұстатқан қайран қалам мен айналайын ақ қағазға адалдықтан айнымай, ұлтқа қызмет ету қай-қандай деңгейде болса, қаламгеріңіздің қолтаңбасы да сол маңайлардан көрінетін шығар. Айқындалып, анықталатын болар. Әрине, талант даралығы, стиль өзгешелігі, тағысын тағылар – бөлек гәптер. – Мемлекеттік сыйлықтың бәйгесіне ат қосқаныңызды білеміз. Бірақ мәре сызығынан сіздің атыңызды көре алмадық. Сол жолы прозаның емес, поэзияның бағы басым түсті. Сыйлық алмаған сәтте адамда өкініш сезімі бола ма? – Шырағым, осы орден, медаль, сыйлық дегенде онша шаруамыз болмайтын. Ешқайсысының соңына түскен емеспіз. Абай хакім айтады-дүр. «Ғиззат-құрмет, атақ адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды, қайта көрік береді, егер адам оларға табынып іздесе, тапса да, таппаса да адамдығы жоғалады» дейді. Сіз айтқандай, Мемсыйлықтың бәйгесіне ат қосқан жоқ едік. Біреулер қосқызды. Қоярда қоймай. Біршама жағдайды түсіндірейінші, шырағым. 2012 жылы «Раритет» баспасынан «Бұла бұлақ» атты әңгімелер жинағым шықты. Біраз жанашыр жазушылар, саңлақ сыншылар сол кітапты Мемсыйлыққа әбден лайық, ұсыну керек деп айналдырды. Дарынды сыншы, өткір ойшыл Әмірхан Меңдеке ауруханада жатқан жеріме Алматыдан арнайы келіп, үгіттеді. Дәлелдеді. Қыңырайып, көнбедім. Мемсыйлық біздің не теңіміз деп. Кейін өкінгеніміз рас.
Абай хакім айтады-дүр. «Ғиззат-құрмет, атақ адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды, қайта көрік береді, егер адам оларға табынып іздесе, тапса да, таппаса да адамдығы жоғалады» дейді. Сіз айтқандай, Мемсыйлықтың бәйгесіне ат қосқан жоқ едік. Біреулер қосқызды. Қоярда қоймай.
2018 жылғы сыйлыққа ұсыну да ойымыз түгіл түсімізде жоқ-тұғын. Бір журналист ініміз: «Сіздің прозадағы орныңыз бөлек. Мына «Әпкемнің ауылын» өзіңіз ұсынбасаңыз, біз ұйымдастырамыз, баяғыда бекер көнбедіңіз, енді біз көнбейміз» деп қоймады ғой. «Жарайды өздеріңіз біліңіздерші», – деп құтылғам. Алғашқы іріктеуден өтпейді деп ойлағам. Өтіп кетіпті. Сөйтіп, сол бәйгеңізге төрт ақын, бір прозашы жіберіліпті. Талқылау қызғын жүрді. «Әпкемнің ауылы» атты кітап елдің назарына ілігіп, небір пікірлер жазылып жатты. Білетіндер, сезетіндер, жобалаушылар алдын ала құттықтады-ай. «Ойбай төрт бірдей ақыннан біреуіне берер, прозашы жалғыз, өзің аласың» деушілер тіпті екілене еселеніп кеткен. Біз де пендеміз ғой, шынымен-ақ үміттеніп, сеніп те қалғанбыз. Дауыс беріліпті. Комиссияның Әдебиет секциясында көрнекті ақын Ғалым Жайлыбай екеуміз ең жоғары дауыс алыппыз. Ал жалпы комиссияның қорытынды дауыс беруінде сол Ғалым екеуміз өтпей қалыппыз-мыс. Кімдер кедергі жасап, жол кесті? Әдебиет жөніндегі секция ең жоғары дауыс берген екеу неліктен шеттетілді? «Апам да аң-таң, біз де аң-таң» дегеннің көкесі мен атасы осылай болған, айналайындар. Комиссия мүшелері, дара дарындар Төлен Әбдік, Дулат Исабеков, Қажығали Мұханбетқалиев, Қойшығара Салғараұлы, тағы басқалар да аң-таңданып, қайран қалып, реніштерін білдіріпті деп естідік қой. Көңіл айтушылар көбейді-ай... Қорытынды дауысты санауға қатысты деген соң, жақсы білетін бірер кісілердің телефондарын сұрастырып, қоңырау шалған болдық. Әлібек Асқаров деген жазушыға: «Кедергі келтірген, бұрмалағандарды білесіз ғой, қазақ прозасының киесі ұрмас па екен?» – дегеніміз рас. Сол кездегі Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің басшысы «Рухани жаңғыру» жөніндегі комиссия төрайымы, бүгінгі министріміз Аида Балаеваға WhatsApp-пен хат жаздық. Әлібек мырзаға айтқанымыздай. «Соны айтыңыз» деп жауап жазды Аида ханым. Рақмет. Жұрттар сол бәйгеге қайталап түсіп жатады. Ал біз енді түспейміз деп айтып, жазып жүрміз. Тәкен, Бердібек сынды бірегейлерге берілмегенде, біз пақырыңыз кімнің шікірәсіміз? – Кеңес өкіметі қазақ әдебиетіне талай-талай қабырғалы қаламгерлер шоғырын берді. Бір дүбірді бір дүбір басып, кіл мықтылар әдебиетке ойып тұрып, атын қалдырды. Сол әдеби үрдіс бүгін неге үзілді? – Кеңестік кезеңнің көп жақтары қан-қасап қырғындар әкелді. Ашаршылықта, саяси қуғын-сүргінде қазақ ұлтының үштен екісіне жуығы қырылды. Тірі қалғандары жадынан жаңылды. Дегенмен өткен ғасырдың 60-80-жылдары қазақ әдебиеті үшін «алтын ғасырға» бергісіз болғаны рас. Мұны ешкім де жоққа шығара алмайды. Бұл құбылысты бір-екі ауыз сөзбен айта салуға болмайды. Ең бастысы, қазақ – қаны да таза, жаны да таза талантты ұлт. Абайы бар, Алаш асылдары бар. Әуезов сынды кемеңгері алапат арасаттан тірі қалды... Дегендей ғой. Әдеби үрдіс үзілген емес. Үзілмейтін де шығар. – Дүбір демекші, сіз өзіңіздің соңыңыздан ерген дүбірді естисіз бе? Жалпы, өлең шығаратын жас ақын көп. Алайда жас жазушылар көрінбейді. Өзіңіздің шәкіртіңіз бар ма? – Дүбір бір кезеңдерде үдейді. Кейде бәсеңдейді. Бірақ мұқым-мүлде жоғалмайды. Бір қызығы, біздің шәкірттің көпшілігі ақындар сияқты. Прозада көп байқап жүрген жоқпын. – Мархабат Байғұтты қазақ әдебиетінде Мархабат Байғұт еткен не сиқыр? – Қайран қазақ әдебиетінің сиқыры шығар. – Жыл сайын Түлкібаста «Таупістелі тағылымы» атты шара өтетінін білеміз. Бұл не шара? – Түлкібас ауданында «Мархабат-Мирас» қоғамдық қоры құрылғалы жеті жыл болып қалды-ау. Кітапқа, көркем әдебиетке бетбұрыс, жас қаламгерлерді ынталандыру, жас ұрпақты өлкетануға, туған ел мен туған жерге құштарлыққа тәрбиелеу, тағы басқа және тағысын тағы мақсаттары бар. Қордың қалтасына қаржы түспегелі біраз болған сияқты. Сонда да тырбанып, намысқа тырысатын сыңайлы. «Таупістелі тағылымы» жобасы бойынша «Түркі тілдес, түгел бол!» басқосуы үш жылда бір рет өтіп тұрады. 2016 және 2019 жылы Таупістелі ауылына Түркиядан, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, тағы басқа туысқан түркі елдерінен ақын-жазушылар, ғалымдар, журналистер жиналды. Халықаралық конференциялар өтті. Біздің ауылда Шерхан мен Насыр (өзбектің өзгеше жазушысы) бауы бар. «Шерхан Мұртаза мен Насыр Фазыл бастаған жазушылар баудың негізін 1995 жылы қалаған» деген жазу мәрмәр тасқа оймышталған. «Таупістелі тағылымы» басқосуы осы бақтың ішінде ұйымдастырылып келеді. «Түркі тілдес, түгел бол!» қағидаты тек Стамбұлда, Анкарада, Бакуде, Қазанда, Ташкентте, Астанада, Бішкекте, Түркістанда емес, қасиетті қарашаңырақ Қаратаудың бір түкпіріндегі Бозторғай асуының аузындағы Таупістелі ауылында да қанат қағып, кішкентай ғана қазақ ауылы да әлемдік, түркілік үнқатысуға үн қосса деген ниеттен туған идея ғой. – Үнемі Түркістан облысында, Шымкент қаласында өтетін барлық әдеби-мәдени, рухани шаралардың басы-қасында жүресіз. Бұл шығармашылық адамына кедергі келтірмей ме? – Қоғамдық жұмыстарға, тиісті шараларға белсене қатысып, тынымсыз жүгіріп жүретініміз рас. Он алты жылдан астам уақыт мемқызметте болдық. Ішкі саясат, тіл, ақпарат, қоғамдық келісім дейтұғын бөлімдерді, басқармаларды басқардық. Қаншама басшылардың баяндамаларын, сөздерін, мақалаларын жаздық. Егер соның бәрін жасамай, қоғамдық жұмыстардан, шаралардан шет жүріп, тек жеке шығармашылығымызбен айналысқанда, қазіргіден әлденеше есе көбірек туындылар жаратпағымыз бек бәлкім еді. Ондай жағдай бола қоймады. Бірақ бәрібір өкінбейміз. Қайткенде де, не істегенде де халықтың қажетіне жарадық. Үміт пен сенімді, тиісті міндеттерімізді жоғары жауапкершілікпен атқаруға ұмтылдық. Осылай шүкіршілік етеміз. Әлі де шапқылап жүретініміз жауапкершілікті сезінуден шығар. – Дәл қазір немен айналысып жүрсіз? Оқырманға айтар жаңалығыңыз бар ма? – Кейінгі бір жыл бойы «Түркілер төрі Түркістан» деген кітап жаздық. Түркістан қаласы – Ұлы Жібек жолының бойындағы бірегей шаһар. Ахмет Ясауи бабамыздың, түркі, қазақтың ардақты перзенттерінің асыл сүйектері жерленген киелі мекен. Кітабымызда тек облыс орталығының ежелгі тарихы, кешегісі, бүгіні мен ертеңі емес, Түркістанның айнала-төңірегі, бүкіл өңірдің өзгеше тағдыр-талайы, табиғаты, таулары мен даласы, тұлғалары туралы баян етіледі. «Елдостың эсселері» ретінде, тарихи-көркем тұрғыда әңгімелеуге тырыстық. Жазбагер жылнамашыларға, даналардың мұраларына, ғұламаларға, тарихшы, археолог ғалымдарға, зерттеушілерге, ақындар мен жазушыларға, журналистерге, тағы басқаларға сүйендік. Таяныш тұттық. Жақында осы «Түркілер төрі Түркістан» деген дүниеміз Нұр-Сұлтандағы «Ғылым» баспасынан жарық көрді. Сүйінші даналары ғана қолымызға тиді. Дәл қазір екі жарым айдан бері Таупістелідеміз. Харуки Муракамидің талай туындыларын оқығамыз. Бұрындары. Жаңаларын оқып жүрміз. Абайдың қара сөздерін жыл сайын қайталап оқимыз. – Сұхбатыңызға рақмет!Сұхбаттасқан Гүлзина БЕКТАС, Назгүл НАЗАРБЕК