31 мамыр күні Қырғыз Республикасының Баткен облысына қарасты Чечме ауылы мен Өзбекстанға қарасты Чашма ауылы тұрғындарының арасында тас атуға ұласқан қақтығыс болды. Араздасқандарды тоқтатуға келген жергілікті билік өкілдері де жағдайды шеше алмаған. Өкінішке қарай, бұл қос көршінің шекара бойындағы алғашқы жанжалы емес. Бұған дейін сан рет жаға ұстасқан. Тіпті, оқ атуға дейін барған. Егер мұндай жағдайлар жиі қайталана берсе, кезіндегі Ош трагедиясы қайталанбай ма? Атауы ұқсас ауылдардың арасындағы қақтығыс судан басталған. Жылдағыдай су көзін тазалап жатқан қос тарап бұлақтың кімге қарасты екеніне келісе алмаған. Көршінің біреуі судың иесі өзі екенін мәлімдеген. Дау осыдан басталады. Соңы тас атысуға ұласады. Екі жақтың да жергілікті билік өкілдері жанжалды шешуге тырысқан. Бірақ «тас боран» тоқтамаған. Жарақат алғандар аз емес. Қырғыз тарапы 15 адам дәрігер көмегіне жүгінді десе, Өзбекстандағы журналист Мирасрор Фаргони Чашма ауылында 146 кісі тастан таяқ жегенін жеткізді. Ал 1 маусым күні қос елдің президенттері Сооронбай Жээнбеков пен Шавкат Мирзиёев телефон арқылы сөйлесіп, аталған жайтты талқылаған. Жалпы, бұған дейін де Қырғыз Республикасы мен Өзбекстан азаматтары арасында бірнеше рет қақтығыс болды. Мысалы, биыл жыл басында қырғыз елінің Ала-Бөкен ауданы аумағында қырғыз азаматтары малын іздеп, көрші елмен шекаралас даулы аймаққа кіріп кеткен. Олардың алдынан Өзбекстан шекарашылары шығып, тосқауыл болған. Сөзге келген қос тарап ақыры төбелеседі. Шекарашылар ескерту ретінде ауаға оқ атады. Бастысы – адам шығыны болмай, жанжал шешіледі, өзбек тарабы 520 бас қара малды қайтарады. Осыған ұқсас даулы жайттар қырғыз және тәжік елдерінің арасында да болды. Былтыр 18 желтоқсанда жалпы саны 180 адам қатысқан екі ауыл тұрғындары қақтығысып қалды. Әдеттегідей, сөзден шыққан дау тас атысуға жалғасқан. Кикілжіңді сол жерге келген құқық қорғау органдары мен жергілікті билік өкілдері тоқтатқан. Алайда келіссөз барысында тәжік тарапынан оқ атылып, бір шекарашы жараланған. Осындай жайт былтыр 22 шілде күні Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан шекарасында болған. Алайда бұл жолы суық қару қолданылып, көз жұмғандар тіркелді. Ерегіскендер тағы да тас атысқан. Жанжалдан 16 қырғыз және 10 тәжік азаматы зардап шеккен деген мәлімет бар. Нақтырақ айтсақ, қырғыз елінің Баткен облысындағы Ақ-Сай ауылы мен Тәжікстанның Ворух анклавының шекарасында кикілжің шыққан. Қырғыз шекарашыларының мәліметінше, Ворух тұрғындары ауылға кіреберісте флагшток орнатқан кезде жанжал шыққан, соңында қару қолданылған. Шекарашылар ауыл тұрғындары аңшы мылтығынан оқ атқан деп отыр. Ал Тәжікстан жағының мәліметі басқа. Олар жанжал барысында қырғыз ауылының азаматтары оқ атты дейді. Тәжікстан ішкі істер министрлігінің ақпаратынша, тәжікстандық бір азамат қаза болып, тәжік милициясының подполковнигі жараланған. Зардап шеккен он адамның үшеуіне оқ тиген, жеті азамат тиген тастан жарақат алған. Қырғыз жағынан 15 адам жараланған, оның 12-сіне оқ тиген, үш адам тастан зардап шеккен. Жараланғандар арасында милиция қызметкері мен шекарашы болған. Ал 23 шілде күні тағы да атыс болып, бір шекарашы жараланды. Бірден Исфара – Ворух жолы жабылды. Тәжік жағы Лейлек ауданына апаратын Исфана–Баткен жолындағы қозғалысты да тоқтатты. Қырғыз еліне қарасты Баткен ауданындағы Ақ-Сай ауылынан 315 адам басқа жерге көшірілді. Яғни, сол кезде жағдай соншалық қатты ушығып кеткен еді. Жалпы, қос елдің арасындағы шекарада мұндай қақтығыстар жиі тіркеліп тұрады. Былтыр наурыз, маусым айларында да осындай оқыс оқиғалар болған. Оның өз себептері де бар: екі тараптың халқы су, жер, жайлауды бөлісе алмай қалады. Қантөгіске дейін жеткен кездер де баршылық. Әлі анық шекара сызылмаған әрі даулы жер деп Тәжікстанның Бободжон-Гафуров және Исфарин аудандары мен Қырғыз Республикасының Лейлек және Баткен аудандары шектескен аумақ болып есептеледі. Екі ел арасындағы шекараның жалпы ұзындығы – 970 шақырым, оның тек 519 шақырымы бойынша келісім жасалған. Ферғана алқабындағы Ворух ауылы Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан арасындағы жанжалға сонау 2014 жылы қаңтарда да себеп болған. Өйткені ауыл тәжік еліне қарасты, ал аумағы жағынан қырғыз елінің құрамында қалып қойған анклав секілді. Ал енді сол анклав қай жерде басталып, қай жерде аяқталатынын екі ел әлі анықтамаған. Енді Бішкек Ворухты айналып өтетін жол салмақ, бірақ Душанбе айналма жол тәжік жерін басып өтпек дейді. Осы себепті тәжік жағы қырғыздар жерімізді басып алмақ деп дау шығарады. Сол 2014 жылғы қақтығыста ауыр қару түрлері қолданылып, қос тараптан да бірнеше шекарашы, милиционер жараланған еді. Көріп отырғандарыңыздай, Орталық Азия елдерінің арасындағы дау-жанжалдар жер мен суды бөле алмаудан туындап отыр. Неге бөле алмайды? Себебі мемлекеттер тәуелсіздігін алғанына 29 жыл толса да, мемлекеттік шекараның делимитациясы мен демаркациясын толық жүргізбеген. Бұл талай жер, жота, бөктер, алқап, бұлақ, өзен сағасы кімге қарасты деген сұрақты бітпес дауға айналдыруда. Тіпті, бір кездері Өзбекстан мен Тәжікстан арасындағы саяси жағдай ушығып кеткенде өзбек тарабы шекара бойын миналап, оған түскен талай жан жарылып, көз жұмған еді. Осы тұста өзінің барлық мемлекеттік шекарасын шегендеп, белгісін орнатқан Қазақстанның тәжірибесін еске алған жөн шығар. Бұл өзімізді мақтап, құр көкірек соғу емес. Егер бізді қоршаған бес елмен шекарамыз анықталмағанда қазіргі жағдай не болар еді деген сауалды қойып көріңіз. Әрине, біз де бітпес даудың, талай құрбанның куәсі болар едік. Қанша көрші, бауырлас ел болса да, Ресей мен Украина арасында мемлекеттік шекара 2014 жылға дейін толық анықталмаған екен. Бұл сол жылғы Қырым аннексиясына, Донбаста сепаратистік соғыс бастауға жақсы себеп болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздік жылдарында мемлекеттік шекараны шегендеп кеткенін атап өткен жөн. Мәселен, Қытаймен шекараны бөлу жөніндегі алғашқы келісім тәуелсіздік алғаннан кейін бар-жоғы 3 жылдан соң жасалды, яғни 1994 жылы. Егер ортақ шекара 1 783 шақырым екенін ескерсек, бұл сол кездегі жас мемлекет үшін ауыз толтырарлық жетістік еді. Ал демаркация жұмысын жүргізу туралы келісім 2002 жылы жасалып, бәрі шегеленді. Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара – әлемде құрлықта созылып жатқан ең ұзын шекара, 7 548 шақырым. 2005 жылы Н.Назарбаев пен В.Путин шекара туралы келісімге қол қойды. Кейін 2009 жылы осы құжат негізінде шекараны айшықтау белгілері орнатыла бастады. Орталық Азия елдерімен де ұзақ та болса жер бөлісу процесі аяқталды. Қырғыз елімен алғашқы құжат 2001 жылы жасалса, 2017 жылы нүктесі қойылды. Ал Өзбекстанмен халық қалың орналасқан аймақтарды екіге бөлуге тура келсе де, негізгі мақсатқа 2003 жылы-ақ қол жеткізілді. Түркіменстанмен шекара туралы алғашқы құжат 2001 жылы жасалды, ал 2017 жылы демаркация туралы келісімге қол жеткізілді. Тіпті, 27 жылдай бес елдің бас ауруына айналған Каспий теңізінің мәртебесі, шекарасы да 2018 жылы анықталып, бекітілді. Мұны ешбір пафоссыз тарихи жетістік деуге болады. Неге? Себебі келесі ұрпақтарға жер дауы мұра болып қалған жоқ. Шекарасын жылдар бойы анықтай алмай келе жатқан Қытай мен Үндістан, Үндістан мен Пәкістан, Израиль мен Палестина, Сирия мен Израиль арасындағы дауға куәміз. Қазақстан басшылығы шекараны дер кезінде шегендеп, осындай пәлекетті болашаққа қалдырған жоқ.