Өмірлік миссияңды орындау – ең үлкен бақыт

Өмірлік миссияңды орындау – ең үлкен бақыт

«Математиканы бала кезден бойға сіңірген адам қиындыққа төтеп бере алады әрі кез келген шындықты қабылдай алады» дейді Пьер Гассенди. Бұл сөздің жаны бар. Математиканы бүге-шігесіне дейін игерген адамның өмір сүру философиясы алабөтен болатыны тағы рас. Мақсатқа жетудің түрлі жолы болады: бірақ соның бір ғана «жақсысын» таңдап алу мүмкін бе? Біздің кейіпкеріміз қай жолды таңдады? Бастан өткерген қиындықты қалай еңсерді? Математикалық дәлдікпен өмір сүру мүмкін бе? Бұл тұрғыда мемлекет қайраткері Жақсыбек Құлекеевтің өз айтары бар.

Қоғамның локомотиві – озық ойлы адам

 

– Жақсыбек Әбдірахметұлы, бү­гінгі сіздің ел арасындағы ам­плуа­ңыз қандай?

– Қиын сұрақ. «Керемет едім», «ерекше едім» деген адамды өз ба­сым да дұрыс түсінбес едім. Адам өз-өзіне есеп беріп отыруы керек, дей тұра оның өзіне-өзі баға беруі қисынсыз шаруа деп бі­лемін. Жалпы, кез келген аза­мат өз еңбегінің еленгенін қа­лай­ды. Дей тұра, бірінші әділ сыншы – халық. Сондықтан бұл сауал­дың жауабын басқалардан сұра­ған жөн.

– «Кез келген мамандықтың шыңына жету үшін адам ой ер­кін­дігін сақтау қажет» деген сөз бар. Осы ойға қосыласыз ба? Ойыңыз еркін бе? Осы арқылы қанша­лық­ты жетістікке жете алдыңыз?

– Нарықтық қатынастар үс­тем­дік ететін қоғамның бәсекеге қа­білетті болып, тұрақты дамуы үшін ол елде ат аунағанша ақыл тауып кететін, қиыннан қиыс­ты­рып, ұтқыр шешім шығара біле­тін озық ойлы, іскер азамат көп болуы керек. Ал бұған қол жет­кізу үшін қоғам еркіндікке құ­рылуы тиіс, соның ішінде ой еркіндігінің алар орны ерекше дер едім. Санасы шектеліп, ойы құрықталған кісінің нарықтық экономикада үлкен жетістіктерге жетуі екіталай нәрсе. Сондықтан алдыңғы қатарлы елдің бәрі – азаматтарының білімі мен бі­лік­тілігін арттырып, олардың ойлау жүйесінің еркін дамуына мейі­лінше ықпал жасайды. Анығы сол, нарықтық экономика деге­ні­міз – еркін экономика, себебі мем­лекеттің дамуы негізінен же­ке кәсіпкерлердің, бизнес өкіл­дерінің белсенді іс-әрекетіне тәуел­ді. Кәсіпкерлер неғұрлым із­де­німпаз, инновацияшыл бо­лып, шаруаларының тиімділігін ұдайы арттырып отыратын бол­са, онда олардың бәсекеге төтеп бере алары даусыз. Қысқасы, мем­лекеттің бәсекеге қабілетті бо­лып, тұрақты дамуы оның мү­шелерінің ой-өрісінің еркін­дігі­мен сабақтасып жатқан құбылыс еке­ні дәлелдеуді керек етпейді.

Адам дүниеге келген алғашқы қадамынан бастап «білсем, таны­сам, көрсем, өз қолыммен бір­деңе жасасам» деп талпынатыны баршаға аян. Егер ересек адамдар баланың осы талабын тежеп, дүниетанымына кедергі жасаса, ойын тежейтін болса, ондай баланың өсе келе ел танитын тұл­ғаға айналуы екіталай. Ал ойын жасқанбай еркін айтатын, ың­ғайсыз сұрақтар қойып, батыл сөй­лейтін бала мұғалімге ұна­мауы мүмкін. Бірақ түбінде сол баладан атақты ғалым, мықты өнертапқыш немесе ел мүддесі үшін аянбай тер төгетін тұлға шығуы әбден мүмкін. Сондықтан да ой еркіндігі мен сананың шек­телмеуі – қоғамды прогреске сүйрейтін бірден-бір локомотив. Жал­пы, кез келген адам өзінің өмір­лік миссиясын таба білсе жә­не оны толықтай жүзеге асыра біл­се, бес күн жалғандағы ең үл­кен бақыт сол болар еді деп ой­лаймын.

Статистикаға сүйенсек, кез кел­ген мемлекетте халықтың екі пайызға жуығы ғана озық ойлы, солар қоғамды алға жетелейді екен. Демек, кез келген мемлекет үшін талантты азаматтарды тауып, олардың өз әлеуеттерін то­лық іске асыруына жағдай жа­сап отыру – мемлекеттік саясат­та­ғы негізгі басымдықтың бірі болуы тиіс. Бұл ойымды басқаша кес­те­лесем, кез келген қоғамда әді­лет­тілік орын алуы керек. Бір қарағанда әділдік орнату өте қиын шаруа сияқты көрінеді. Бірақ әсте олай емес. Оны орнату үшін бір ғана нәрсені іске асыр­сақ, жетіп жатыр. Барлық істе тек білімді адам мен кәсібилікке сұра­ныс тудыру керек. Сол кезде қо­ғамда әділеттілік өз-өзінен ор­найтынына сенімім мол. Өйт­кені білімді адамда, ең алдымен, ішкі мәдениет қалыптасқан, ол еш­кімнен қорықпайды, ешкімге жалтақтамайды. Бойындағы осы құдіретті күш арқылы ол жанына білімді адамдарды жинаудан қай­мықпайды. Осылай биліктің бар­лық тармағында жағымпаздар мен тамыр-танысқа емес, білім­діл­ерге сұраныс көбейе түседі. Ал мұн­дай жағдайда жағымпаздық, та­мыр-таныстық, коррупция жә­не басқа толып жатқан келеңсіз жайт­тың бәрінің жолына балта ша­былады. Шынында да, әділдікті ор­натудың ең басты алғышарты – білімге сұранысты қалыптастыру аксиома екені даусыз.

Нарықтық экономиканың үлгісіне айналып отырған АҚШ-та талантты жеке тұлғалардың алға қойған мақсаттарын қай салада болса да толықтай іске асыруына жағдай жасалған. Сондықтан осы мемлекет көп инновациялық жетістіктің отанына айналып, ал сол инновацияның авторлары дүниедегі ең ірі компаниялардың иелері әрі ең жас миллиардерлері болып жатыр. Міне, бұл – көп елге өнеге болатын жағдай. Біздің елде де әртүрлі салада көзге түсіп жүрген талантты жастар жетерлік. Олардың халықаралық деңгейдегі жарыстар мен байқаулардағы жетістіктерін жиі байқаймыз. Бірақ соған қарамастан, талантты жастармен жұмыс істеуде әлі де болса немқұрайлылық аз емес.

Енді сұрағыңыздың екінші жартысына келсек... Менің мамандығым – математик. Соның ішінде математиканың экономи­када қолданылуы деген бөлігімен көбірек айналыстым. Кеңес үкіметінің кезінде гуманитарлық ғылым салаларында, соның ішінде экономикалық зерттеулерде догма көп болды. Жоқ нәрсені бар қы­лып, адамға түсініксіз, теориялық зерттеулерде ғылыми негізі әлсіз тұжырымдарға арқа сүйеу сүйегі­міз­ге сіңіп кетті. Ой еркіндігін шектеу, жаппай цензура болғаны баршаға мәлім. Ал жаратылыстану ғылымдары саласында ондай шектеу болған жоқ, сондықтан Кеңес үкіметінің математика мен физика саласындағы ғалымдары үлкен жетістіктерге жетіп жатты. Экономиканы зерттеуде пайдала­на­тын математикалық аппарат негізінен бүкіл дүниежүзінде ұқсас болды, соның нәтижесінде нарық­тық экономиканың кейбір тұстары бізге сол кездің өзінде белгілі еді. Сол себепті, экономика-матема­тикалық зерттеулермен айналысып жүрген азаматтарға нарықтық экономиканың негізгі пәндерін тез игеріп, жаңа экономикада орын алып жатқан құбылыстарға бейімделу оңай болды.

1993 жылы тамыз айында Дүние­жүзілік банктің ұйымдасты­руы­мен Мәскеуде МГУ-дың база­сын­да екі аптаға созылған арнайы сынақ өтті. Сынақ нарықтық экономика негіздерінен болды. Оған Ресей, Украина, Беларусь, Өзбекстан және Қазақстаннан жас ғалымдар қатысты. Мен де сол топтың ішінде болдым. Кеңес Одағының тұсында Мәскеуге бару біз үшін үлкен оқиға болатын. Сол себепті, сынақтың не үшін өтіп жатқанына аса үлкен мән бермей, негізгі уақытты Мәскеудің тарихи орындарын аралауға жібергенім рас. Дегенмен екі апталық тестің нәтижесі бойынша мен алдыңғы қатардан орын алыппын. Оған менің экономика-математикалық зерттеулермен айналысқаным себеп болған секілді.

Ол кезде Алматы халық шаруа­шылығы институтының қолдан­балы математика кафедрасында жұмыс істейтінмін. Жалақы өте төмен болғандықтан бизнеске бет бұрғым кеп, екі ойлы болып жүрген едім. Сөйтіп жүргенде, Дүниежүзілік банк әлгі сынақтан жақсы өткен азаматтарды 1993 жылдың күзінде екі айға Америкаға дайындық курсына алып кетті. Бұл курсқа бес мемлекеттен елу шақты адам қатыстық. Осы дайындық курсының жоғары деңгейде өтуіне Дүниежүзілік банк ерекше көңіл бөлді. Бізге сабақ берген мамандар бүкіл әлемге аты шыққан профес­сорлар еді. Екі айдың ішінде біз магистратураның бір жылдық оқу бағдарламасын еңсердік десем, қателеспеймін. Осылайша, нарық­тық эконо­миканың негізгі алғы­шарт­тарын меңгеріп шықтық. Елге келгеннен кейін Дүниежүзілік банктің мемлекеттік қызмет­кер­лерді қайта дайындай­тын орта­лығын ашып, еліміздегі мемле­кеттік қызметкерлердің нарық­тық экономика туралы түсініктерін кеңейтіп, біліктіліктерін арттыруға атсалыстық. Сол орталықтың арқа­сында 3-4 жылдың ішінде АҚШ, Еуропа, Австралияның белгілі оқу орталықтарында жиыр­ма шақты рет дайындық кур­сынан өтіп, білімімді жетілді­ру­мен айна­лыс­тым. Әрине, өзімді ерекше адаммын деп айта алмаймын, дегенмен экономист-математик болғаным ой-өрісімнің еркін қалыптасуына септігін тигізгені рас.

– Мемлекеттік қызметкерлерді қайта дайындау арқылы мемлекеттік қызметке ықыласыңыз ауған сияқ­ты. Солай ма?

– Мемлекеттік қызметкерлерді дайындап жүріп, көп адаммен араласа бастадым. Сол достарым бірнеше рет мені қызметке шақыр­ғысы келді. Алғашында қызыққан жоқпын, себебі Дүниежүзілік банктің орталығында дәріс беріп, зерттеулер жүргізуден табатын табысым жоғары болатын. Реті кел­генде айта кетейін, сол жыл­дары еліміздегі ең қымбат лек­тордың бірі болдым. Бір сағаттық лекцияма төленетін қаржы университет профессор­ла­ры­ның бір айда алатын жалақы­сынан жоғары болды. Күніне төрт-бес сағатқа дейін лекция оқитынмын, сондықтан айына қанша ақша шығатынын есептей берсеңіз болады. Осылай табысты қызмет атқарып жүргенімде, сол кездегі Үкімет басшысы мені статистика комитетіне басшылық қызметке шақырды. Келістім. Осылайша, мемлекеттік қызметке араласуым статистика комитетінен басталды. Алғашында комитет басшысының орынбасары, бір жылдан соң Қазақстан статистикалық комите­ті­нің төрағасы болып тағайындал­дым. Ол бір қиын уақыт еді. Статистика саласындағы жұмыс компьютерлік техниканың тапшы­лы­ғы мен нормативті-әдістемелік құралдардың жетіспеуінен тұралап қалған. Техника жетіспегендіктен жұмысты жаңа үлгіде, дүниежүзілік тәжірибеге сүйене отырып ұйым­дас­тыру, қиынға соқты. Қаржының тапшылығына қарамастан, 1999 жылы елімізде тұңғыш Халық санағын жоғары деңгейде өткіздік. Басқа да айтулы жетістіктер аз болған жоқ. Статистика саласында атқарған жұмыстар туралы айтқан­да, ең алдымен, сол кездегі ұжым­ның аз уақыт ішінде қол жеткізген үлкен жетістігі – Қазақ­стан статистикасы дүниежүзілік стандарттарға сәйкес келеді деген халықаралық институттардың бағасына ие болғаны. Біз ТМД мемле­кеттері арасында мұндай нәтижеге алғашқы болып қол жеткіздік. Бұл сол кезде үлкен жетістік еді.

 

Балық беріп – байыта алмайсың, балық аулауды үйретіп – байыта аласың

 

– Экономика министрі болып келген тұста «Кедейшілікпен күрес» бағдарламасын енгіздіңіз. Бірақ біз сол «кедейлікпен» әлі толыққанды күресе алмай отырға­нымыз неліктен?

– Статистика саясатпен айналыспайды. Бірақ бұл құрылым ғалымдар мен сарапшылардың зерттеулер жүргізуіне аса қажетті статистикалық мәліметтерді толы­ғымен қамтамасыз етуге міндетті. Ол мәліметтердің нақты әрі шынайы болуы да статистик­терден ерекше талап етіледі. Сондықтан статистикада жүргенімде Дүние­жүзілік банктің сарапшыла­рын шақырып, бірнеше бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізіп, статисти­ка­лық мәліметтердің нақтылығын көтеруге бағытталған біраз ауқым­ды жұмыстар атқардық. Нарықтық экономикаға енді өте бастаған қиын кезеңде, халықтың тұрмысы Кеңес Одағы кезеңімен салыстыр­ғанда күрт төмендеп кеткен еді. Бұл біздің қоғам үшін жаңа құбылыс болды. Сондықтан оның масштабын түсіну үшін елімізде алғашқы әлеуметтік арнайы зерт­теулер ұйымдастырып, кедейші­лік­тің деңгейін анықтауға тырысқаным рас. Нәтижесі жағдайдың қиын екенін көрсетті. Сондықтан 1999 жылы Экономика министрі қызметіне келгенде осы жағдайды ескере отырып, тұңғыш рет «Кедейшілікпен күресудің мемлекеттік бағдарламасын» дайындадым. Осы бағдарлама шеңберінде алғаш практикаға енген тәжірибенің біразы бүгінгі күнге дейін қолданыста жүр.

Жалпы, кез келген қоғамда кедейлер болады, сондықтан ондай азаматтарды қамқорлыққа алып, әлеуметтік қорғау – мемлекеттің негізгі функциялары­ның бірі. Елімізде де осы салада атқарылып жатқан шаруа аз емес, алайда даму қарқыны өте жылдам болып тұрған мына заманда әртүрлі себептермен топқа ілесе алмай жататын азаматтар көптеп кездесетіні ақиқат. Кедейленген азаматтарды бюджеттен бөлінетін жәрдемақыға қарық қылу қиын. «Балық беріп – байыта алмайсың, балық аулауды үйретіп – байыта аласың» деген аталы сөз бар. Сондық­тан кедейленген азамат­тардың арасында еңбектенуге шамасы келетіні болса, соларды заман ағымына сай бейімдеп, оқытып, өмірде өз орнын табуға жағдай жасау – кедейшілікпен күресудің ең тиімді жолы болары сөзсіз.

Елімізде осы бағытта біраз жұмыстар атқарылды, дей тұра Қазақстанның жаңа сайланған Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атқарушы органдардың басшы­ла­ры­на әлеуметтік мәселелерді шешуде немқұрайлылық көрсет­пей, жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты еңбекпен қамтуды негізгі басымдық ретінде қолға алуды тапсырды. Сондықтан елімізде осы салада біраз серпіліс болады деп үміттенемін.


Қысқа да нұсқа

Сіз үшін құндылық деген не?
– Мен үшін ең маңызды құндылық – рухани байлық.
Сүрінгенде кімге сүйенесіз?
– Адам тек өзіне сеніп, жанашыр жақынына сүйену керек. 
– Дінге сеніміңіз қандай?
– «Алланың сөзі де рас, өзі де рас». 
Өткенге қарағанда не көресіз?
– Өткенге емес, алға қарағанды жақсы көретін адаммын. 
Қиналғанда жұбататын не нәрсе?
– Ел азаматтарының қиындық көрсе де, қиянат көрмегенін тілеймін. Қиындыққа шыдайсың. Қиянатқа шыдау – қиынның қиыны.
– Кез келген сынаққа дайынсыз ба?
– Адам өмір бойы өзін сынап өтеді. Шыңдалады. Сөз жоқ, өмірді толық түсіну мүмкін емес. Тіршілік жұмбағы таусылмайтын шексіз ғалам сияқты, оның соңғы нүктесіне жете алмайсыз. 

Нарықтық қатынас жалғыз экономика емес, барлық саланы реформалауды қажет етеді

 

– Білім саласына енгізілген реформаның бірі – ҰБТ. ҰБТ-ның енуі жаңалық болғанымен, шуы да, шуылы да көп болып тұрғаны жасы­рын емес. Дегенмен мұны сәтті жоба деп айта аламыз ба? О бастағы ҰБТ-ны енгізудегі ұтқанымыз не еді?

– Ең алдымен, мынаны астын сызып айтқым келеді: ел нарықтық экономикаға өтті екен, онда тек экономика емес, өмірдің барлық саласы нарықтық қатынасқа көшірілуі қажет. Барлық әлеуметтік салаға дейін. Онсыз толыққанды нарықты ел орнату мүмкін емес. Сондықтан да қай салада еңбек етсем де, сол саланы реформалауға ең бірінші кезекте ден қойдым. Әрине, кез келген саланы нарыққа сай реформалау – қиын шаруа. Бұл жерде көптеген фактормен санасу да керек. Онсыз реформаны жүргізу мүмкін емес. Министр болғанымда білім саласының бар­лық буынын нарықтық эконо­микаға сай реформалаумен көп айналыстым. Бірақ елдің есінде қалғаны ҰБТ екені рас. Бұл – түсінікті де. Өйткені қарапайым халық өзіне жақынырақ мәселе­лер­ге ерекше мән береді. Дегенмен қарапайым тест жүйесі маған дейін де болған. Оны елімізде алғаш жоғары оқу орындарына қабылдау емтиханы ретінде енгізген министр Владимир Школьник болатын.

Толыққанды реформалаудың бір элементі ретінде ҰБТ-ны енгізудегі мақсатым қандай болды? Білім жүйесі – бірыңғай жүйе. Ол балабақшадан басталып, өмір бойы жалғасуы керек. Соның ішінде орта білім беру жүйесінің алар орны ерекше және ол Конс­ти­туцияға сәйкес толықтай мемле­кет­тік бюджеттен қаржы­лан­дырылады. Оның бастауыш, толық емес және толық орта білім буындарына бөлінетіні баршаға мәлім. Білім жүйесі толықтай мемлекет тарапынан қаржылан­ды­рылатын болғандықтан, мемле­кет білім жүйесінің тиімді­лігін, сапасын ұдайы бақылауда ұстап отыруы тиіс. Оның бірден-бір тиімді жолы – білім жүйесіне тәуелсіз сырттай бақылау жасап, білім жүйесінің әр буынының жеткен жетістігін байқап отыру. Ол бақылаудың бір мезгілде, бірыңғай өлшеу құралы арқылы өткізілгені қоғамды толғандыратын көптеген сұраққа жауап алуға мүмкіндік береді. ҰБТ білім жүйесін бақылаудың тәуелсіз құралы еді, себебі мектеп бітірген балалардың білімін мектеп ұжымы емес, мемлекет атынан ұйымдастырыл­ған арнайы орталық тексеретін. Соның нәтижесі бойынша білім саласын басқаруға қажет ауқымды мәлімет жиналып, олар білім жүйесін дамытуға бағытталған біраз шешім қабылдауға мүмкіндік туғызатын. Мектеп ұжымының соңғы емтиханды өздері қабылдап, өздерін-өздері сынағанынан, сырттай тәуелсіз бақылағанның тиімді болатыны сондықтан.
Бұл – көп мемлекетте орныққан прак­тика. Өкінішке орай, қазір біз одан бас тарттық. Сондықтан қазіргі тест – орта білім жүйесін тамамдап, қолына аттестатын алған балалар­дың жоғары оқу орындарына түсуге арналған сынағы. Басқаша айтқанда, біз бұрынғы ескі жүйеге қайтып келдік. Оның орта білім жүйесіне, ол саладағы білім сапа­сын бақы­лау­ға еш қатысы жоқ. Сондықтан бұл сынақты енді ҰБТ деп атауға негіз жоқ, өйткені ол өзінің негізгі білім саласын бақы­лау функция­сы­нан айырылып қалды. ҰБТ ата-аналарға да пайда­лы болатын. Олай дейтін себебім, ҰБТ орта білім жүйесінің қоры­тын­ды емти­ха­ны болғандықтан, толықтай мемлекет тарапынан қаржыланды­ры­­латын. Ал қазіргі кезде тест шы­ғын­дарын мемлекет мойнына алуға заңды негіз жоқ, өйткені оның орта білім саласына еш қаты­сы жоқ. Қалыптасқан ҰБТ жүйесін өзгерткен басшылар осы жағдайды ескермеген секілді. Сіз айтып отырған шудың көп болуы осыдан.

– ҰБТ-ның ұтылдырған тұсы әкім мен мектепті рейтингке байлап қойды. Яғни, кез келген мектеп әкім­діктің «көрсеткішіне» жұмыс істейді. Керісінше, бұдан білім саласы ұтты деп айтпас едік. Солай емес пе?

– Не үшін сырттан бақылау ұйымдастыру керек екенін жоғарыда айттым. Бір өлшеммен барлық мектептің түлегін бір кезеңде тексерер болсақ, қай мектеп ұжымының қаншалықты жақсы жұмыс істегенін аңғаруға болады. Әрине, мектеп жетістігінің не кемшілігінің әртүрлі себебі болатыны түсінікті. Жоғарыда өскелең ұрпақтың болашағына жағдай жасағысы келетін басшыға ҰБТ жақсы мәлімет беретіні айтылды. Дүниедегі білім саласы үшін ең жаман нәрсе – мақтаншақ­тық пен немқұрайлық. Кеудесін қағып, шіреніп тұрған көп азамат­тың шаруасын тексере қалсаң, оның қуыс кеуде мақтаншақ екенін байқайсың. Егер қоғамның бақылау құралдары жеткіліксіз болса, онда біз нақты нәтиже көрсетіп жүрген, қарапайым, іскер азамат­тардан гөрі басшылардың асты-үстіне түсіп, жағдай жасай білетін жағымпаз, лепіріп мақтан­ғанды жақсы көретін, бірақ ісінде берекесі жоқ азаматтардың сөзіне көбірек сеніп қалуымыз әбден ықтимал. Жалпы, ҰБТ-ның осал тұстары да аз болған жоқ, сондық­тан оны тұрақты дамытып, қоғам­ның жаңа талаптарына бейімдеп отыру қажет болатын. Өкінішке қарай, ол орындалмады.

– Рейтинг үшін жұмыс істейтін­дер ше?

– Жалпы, кез келген озық ойлы азамат жұмысының нәти­же­сін дұрыс бағалағанды қалайды. Егер қоғамда жеке азамат­тардың не үлкен ұжымдар­дың жетістікте­рін өлшейтін сенімді құрал болып, ол орнымен пайдаланылатын болса және соның қорытындысы бойынша ұтымды шешімдер қабыл­данса, онда қоғам көп келеңсіз құбылыстан құтылар еді. Өкінішке қарай, бізде одан гөрі «пәленшенің пәленшесі еді» деген жағдай көп шешімге себеп болып жатады. Орынсыз шешім қабыл­дау­ға құмар басшыға нақты сынақ не бақылау құралдарының нәтиже­сі кесір жасайды. Осыдан барып көптеген басшылар жұмыстың нәтижесін айқындауға бағытталған құралдарға қарсы болып жатады.

Ал білім жүйесінің рейтингісіне келетін болсақ, онда мынадай жағдайды ескерген жөн: біз қазір орта білім саласында сегрегацияға жол беріп отырмыз. Себебі, дарын­ды балаларды іріктеп алып, оларды ең жақсы мектептерде 12 жыл бойы оқытамыз. Оларға сабақ беруге ең алдыңғы қатарлы мұға­лім­дерді таңдап, жоғары жалақы бекітіп, іріктеп алған балалардың ерекше болып өсуіне жағдай жасаудамыз. Ал қалған балалар 11 жыл бойы материалдық базасы нашар, жалақысы төмен мұғалім­дерден тәрбие алуда. Мұны жақсы үрдіс деп айтпас едім. Әдетте, әділетті қоғамда оқушы­лар­дың біркелкі әрі сапалы білім алуына жағдай жасау үшін ең жақсы мұғалімдерді артта қалған мектеп­терге жібереді. Оның үстіне бірде-бір мемлекетте оқушылар­дың біразы 12, ал қалғаны 11 жыл оқитын тәжірибе жоқ. Сосын, мектепте кейбір пәндер бойынша баланың сауаты төмен болса, оған бала кінәлі болмауы мүмкін. Ал оның себебін қалай анықтаймыз? Мектеп жұмысын сырттан бақылау жүйесі қалыптаспаса, онда қоғам білім жүйесінде кездесетін кемші­ліктерден құтыла алмайды. Енді біреулер кей мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене отырып, мектепте балаға баға қоймау керек деген пікір айтып жатыр. Бұл – дұрыс. Баға қоймау деген сөз – баланың еңбегі бағаланбайды деген дүние емес. Баланың жетісті­гін бағалаудың жолы көп. Оған төрт не бес қою міндет емес. Егер біз білім жүйесінің жаңа үлгісіне көшкіміз келсе, онда ол үлгінің жеке бір элементін емес, толық үлгісін қабылдауымыз керек. Сонда ғана реформа өз нәтижесін береді. Кешенділіктің құдіреті осында жатыр.

 

Қоғамда «пәленшенің баласы» болған тиімді болып тұр

 

– «Ғалымдар арасында да көшіріп алуға құмар азаматтар көбейді. Біздің ғалымдарымыздың жазған мақаласының басым бөлігі плагиат. Біз балаларды ұрлыққа өзіміз үйретіп жатырмыз. Плагиат біздің қоғамның болашағына балта шабатын, жазылмайтын кеселге айналып барады. Осы қауіпті түсінетін кез келді» дейсіз. Иннова­ция туралы жиі айтамыз. Ғылымда осындай «ұрлық» болып жатса, біз инновациялық даму жолына түсе аламыз ба?

– Ол үшін құндылықтарға деген көзқарас өзгеруі керек деп ойлаймын. Біріншіден, білім және ғылым саласында қызмет атқара­тын азаматтардың еңбегі дұрыс бағаланып, қоғамдағы беделінің өсуіне мейлінше жағдай жасау қажет. Екіншіден, қоғам тазаруға бет бұрған уақытта ғана мұндай «ұрлықтан» құтыламыз. Ол үшін жақсы ғалымдарға, нәтиже көрсете алатын адамдарға сұраныс көбеюі керек. Өкінішке қарай, біздің қоғамның қай саласын алсаңыз да білікті, білімді, өз ойын қорытып айта алатын жандарға сұраныс аз. Ал еліміздің бүкіл білім жүйесі қо­ғамның сұранысын қана­ғат­тан­дыруға негізделген. Бүгінгі күні әлі де болса, ойы озық адамдардан гөрі «пәленшенің баласы» болған
тиім­дірек болып тұр. Біздің елде осы дерттен құтылмай, білімнің са­па­сын көтеру қиын деп есеп­тей­мін.

 

Хоббиімнің өзінен халыққа пайда болса екен деп жүрген адаммын

 

– «Жануарлар», «Менің туыс­тарым», «Жүз маңызды сөз», «Жүз құралдың атауы», «Жүз жануар­­дың атауы» секілді кітаптар шығаруды қолға алған екенсіз. Бұл жобаның берері не болмақ?

– Көп жаңа терминнің қалып­тасуына тілшілер мен аудар­машылардың ықпалы жоғары болып тұр. Меніңше, соның салдарынан терминдер мен жаңа атаулардың қалыптасуында біраз кемшіліктер орын алып отыр. Кейде қалыптасып кеткен сөздер­дің өзін бұрмалау көбейіп кетті. Балалар қазақтың бай тіліне шорқақ болып барады. Осындай кемшіліктерді байқаған соң, құр қол отыра алмайсың. Ендігі кезеңде Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсіре­пов, Сәбит Мұқанов сияқ­ты тілі бай, қазақ әдебиетіне айрықша үлес қосатын тұлғалар шыға ма, шықпай ма? Біз табиғатқа етене жақын болған халықтың ұрпағымыз, сондықтан тілімізде табиғатты, жан-жануарларды сипаттайтын атау мол. Ал қазір далада өсетін өсімдіктің, құстар мен жануарлардың атын ажырата алатын азаматтар азайып кетті. Ғылыми атаулар бүлдіршіндердің санасына бала күнінен дұрыс жететін болса, олардың ой-өрісі кеңіп, сөз байлығы толығады ғой деген ниетпен қолға алған шаруам еді. Әрине, тіл маманы емеспін, дегенмен жеке-жеке категориялар мен атауларды ажырата алатын болғандықтан, осындай жобаны жасап жатырмын. Әзірше 16 кітапша дайындап, көпшілікке ұсындым. Жалпы, оларды оқыр­ман­ ыстық ықыласпен қабыл­дап жатыр.

– Бұл кітапқа бала қалай қол жеткізеді?

– Анығырақ айтар болсам, бұл кітапшаларды шығару мен үшін хобби екенін де жасырмаймын. Бірақ сол хоббиімнің өзі аз да болса, халыққа пайдасын тигізсе екен деп ойлаймын. Шамам кел­ген­ше, еліміздің түкпір-түкпіріне ол кітапшаларды жеткізуге тырысудамын. Ол кітапшаларды сатып, пайда табайын деген ойым жоқ, сондықтан олардың басым көпшілігін тегін таратудамын. Бұл жұмысты өзімнің халық алдындағы азаматтық борышым деп санай­мын. Дегенмен жақын араласатын жолдастарым да қаражат жағынан қарайласып, сол кітапшалардың мектептер мен балабақшаларға жетуіне атсалысып жататыны бар. Кітапшаларды таратудың басқа амалын көріп тұрған жоқпын. Өйткені ауылдарда кітап дүкені жоқтың қасы және көпшіліктің оларды сатып алуға жағдайы келе бермейді. Сондықтан кітапша­ларды дүкендерге емес, бірінші кезекте мектептер мен балабақ­шаларға таратудамыз. Там-тұмдап болса да, балалар тани бастаса, біле берсе деген ой. Жалпы, елімізде бүлдіршіндерге арнап кітап шығару жолға қойылмай отыр. Балаларды балабақшадан бастап тәрбиелеуіміз керек. Оларды кімнің кітабымен тәрбиелейміз? Балаларды тек аударма кітаптармен оқытсақ, онда сан ғасырдан бері қанымызға сіңген, қазақты қазақ қылып тұрған жақсы қасиеттерден айырылып қалмаймыз ба? Сон­дық­тан мектеп жасына дейінгі балаларға арнап кітап жазуды қолға алу – кезек күттірмейтін маңызды шаруа. Осы кітапшаларды дайындау арқылы жоғымызды түгендеп тастамайтынымды жақсы білемін. Алайда тамшыдай болса да балаларға пайдасы тиетініне күмәнім жоқ.

Әңгімелескен

Гүлзина БЕКТАС,

Анар ҚОНЫС