Кеңесші болдым, мінекей!
Кеңесші болдым, мінекей!
238
оқылды
«Ханда қырық кісінің ақылы бар» деген сөз кезінде әсілі ханның қырық уәзіріне қарап, айтылса керек.  Қазір уәзірлік қызметті кеңесшілер атқарады. Яғни, «ақыл» айтып, кеңес беретін бүгінгі күннің уәзірлері – кеңесшілер.  Демек,  кеңесшілік қызмет атқаратын кісінің де аталы сөз, орынды байлам жасайтын қабілет-қарымы бөлек болса керек-ті. «Қазақ бір ауыз сөзге тоқтаған, ақ­сақалдың алдын кеспеген» деп жатады. Демек, орынды айтылған пікірге кімде-кім болса тоқтайды. Мәселе сол бір ауыз сөзді айтатын адамда. Соңғы кездері әкім-қара­лар­дың дені «кеңесшілік» қыз­метті әнші қауымға сеніп тап­сырып жүр. Әуелі Алматы қала­сының әкімі Бақытжан Сағынтаев Мейрамбек Беспаевты штаттан тыс кеңесші етіп алды. Беспаевтың кеңесшілік қызметке келуіне орай әлеуметтің пікірі қақ жарылған. Сүйікті ән­ші­сін қорғап, қолпаштағандар да, даттап, қаралағандар да көп болды. О баста әншінің кеңесші бол­ға­нын қала әкімі өзінің инста­грам парақшасында жариялаған. «Бүгін Мейрамбек Беспаевты мәдениет саласы бойынша штаттан тыс ке­ңесшім етіп тағайындадым» деп жаз­ды әкім. Ақпарат қалай шық­­ты, солай пікірлер қаптап кетті. Әри­не, Беспаевтың кеңесші бол­­­­ғанында тұрған ештеңе жоқ. Әні­мен халықтың сүйіктісіне ай­нал­ған дарынның мемқызметте де бағын сынап көргісі келгені айдан анық. «Несі бар?» десті жұрт, «әлеу­мет­тану ғылымы магистріне бір мүмкіндік беріп көрейік» деді. Көп ұзамай тағы бір әнші «ке­ңес­шілік» креслоға жайғасты. Бел­гілі әнші әрі продюсер Қыдыр­әлі Болман Мәдениет және спорт ми­­нистрі Ақтоты Райымқұлова­ның мәдениет саласы бойынша кеңесшісі қызметіне кіріскен еді. «Бұл – рас ақпарат. Қыдырәлі Бол­манов Мәдениет және спорт ми­нистрі Ақтоты Райымқұлованың мәдениет саласы бойынша кеңес­ші­сі қызметіне тағайындалды» деп аталған ведомство өкілдері рас­таған болатын. Болмановқа да мемлекеттік қызмет жат емес. Бұған дейін де продюсер 2005-2008 жылдар аралығында Алма­ты қа­ласында Мәдениет басқар­ма­сының директоры, Астана қаласы Мәдениет департаментінің басшысы міндетін атқарушы қыз­мет­терін атқарған болатын. Мә­де­ниет басқармасын басқару бір бөлек те, Мәдениет министріне мәде­ниет төңірегінде «ақыл-кеңес» беру бір бөлек емес пе?! Ең қызығы, белгілі опера әншісі Сүндет Байғожиннің кеңесшілік қызметке барғаны болды. Опера ән­шісінің Қызылорда облысы әкімі Гүл­шара Әбдіқалықованың мәде­ниет саласы бойынша штаттан тыс кеңесші болып барғаны көпші­лік тарапынан қызу талқыға түскені рас. 1984 жылы Қостанай облысы Арқалық қаласында дүниеге келген әншінің музыка саласында білімі бар. Ол Қазақ ұлттық музыка ака­де­миясында «Жеке ән айту» маман­дығы бойынша білім алған. «Астана Опера» театрының жетекші опера әншісі қызметін атқарды. Алайда қаңтар айында опера әншісі сүйікті театрымен қош айтысқан еді. Беспаев штаттан тыс кеңесші болғанда да, эстрада жұлдызының кеңесшілік қызметке барғанын ерсі көргендер көп. Ал опера ән­ші­­сінің «кеңесшілікті» таң­дауы­на не себеп болды екен? «Экономика мен IT саласын білетін маман ке­ңес­ші болып барса, құба-құп. Өнер адам­дарына не жорық?» дес­­кендер өте көп. Голливудтық белгілі актер, продюсер Арнольд Шварценеггер Калифорния штатының 38-ші гу­бер­наторы болғаны әлемге әйгілі. АҚШ-тың 40 президенті Рональд Рейган да мықты актер болған. Өнер адам­дары да сая­саткер бола ала­ты­нын бұл кісілер дәлелдеді делік. Алайда әншілік пен актерлікті өмір бойы серік еткендер мемлекеттік қыз­метке қызығар ма еді?! Қоғамдық жұмыспен айна­лы­сып жүрген өнер адамының шығармашылығы не болмақ?  Құ­дай берген таланты бар десек те, ол да ерекше уақыт бөліп, бап­­тауды қажет етеді.  Күні-бойы әкім­дік­те жүрген адамның бұған кө­ңіл бөлетіндей мүмкіндігі бола қояр ма екен?! Әртіс, әнші, актерге ке­регі шығармашылық емес пе. Ен­деше, олар бұл қызметке неге қы­зығады? Штаттан тыс кеңесші айлық ал­май жұмыс істей ме, әлде жалақы тө­лене ме?» деген сауалдар да туын­дап жатыр. Егер штаттан тыс ке­ңес­­­шілікті қоғамдық жұмыс деп са­­­най­тын болсақ, онда оны таға­йын­­дау­­дың мәні бар ма? Руха­ният пен әде­биетті, мәдениетті әкі­м­нің әлеуметтік салаға жауапты орын­басарлары ба­қы­ла­май ма? Онда бұл салаға ке­ңес­ші неге керек? Көңілде көп сауал. Байғожин «Астана Опера» театрынан еңбек келісімшартын үзді делік. Онда талантты опера әншісін сақтайтын қызмет орны кеңесшілік пе? Қалай десек те, Беспаев пен Бай­ғо­жиннің саясаттан гөрі, өнердегі «жұлдызы» жоғары болғаны жөн еді ғой. Бір ойымыз осылай дейді. Ал сіз қалай ойлайсыз?  

Айым БЕКТҰР