«Ханда қырық кісінің ақылы бар» деген сөз кезінде әсілі ханның қырық уәзіріне қарап, айтылса керек. Қазір уәзірлік қызметті кеңесшілер атқарады. Яғни, «ақыл» айтып, кеңес беретін бүгінгі күннің уәзірлері – кеңесшілер. Демек, кеңесшілік қызмет атқаратын кісінің де аталы сөз, орынды байлам жасайтын қабілет-қарымы бөлек болса керек-ті. «Қазақ бір ауыз сөзге тоқтаған, ақсақалдың алдын кеспеген» деп жатады. Демек, орынды айтылған пікірге кімде-кім болса тоқтайды. Мәселе сол бір ауыз сөзді айтатын адамда. Соңғы кездері әкім-қаралардың дені «кеңесшілік» қызметті әнші қауымға сеніп тапсырып жүр. Әуелі Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Мейрамбек Беспаевты штаттан тыс кеңесші етіп алды. Беспаевтың кеңесшілік қызметке келуіне орай әлеуметтің пікірі қақ жарылған. Сүйікті әншісін қорғап, қолпаштағандар да, даттап, қаралағандар да көп болды. О баста әншінің кеңесші болғанын қала әкімі өзінің инстаграм парақшасында жариялаған. «Бүгін Мейрамбек Беспаевты мәдениет саласы бойынша штаттан тыс кеңесшім етіп тағайындадым» деп жазды әкім. Ақпарат қалай шықты, солай пікірлер қаптап кетті. Әрине, Беспаевтың кеңесші болғанында тұрған ештеңе жоқ. Әнімен халықтың сүйіктісіне айналған дарынның мемқызметте де бағын сынап көргісі келгені айдан анық. «Несі бар?» десті жұрт, «әлеуметтану ғылымы магистріне бір мүмкіндік беріп көрейік» деді. Көп ұзамай тағы бір әнші «кеңесшілік» креслоға жайғасты. Белгілі әнші әрі продюсер Қыдырәлі Болман Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың мәдениет саласы бойынша кеңесшісі қызметіне кіріскен еді. «Бұл – рас ақпарат. Қыдырәлі Болманов Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың мәдениет саласы бойынша кеңесшісі қызметіне тағайындалды» деп аталған ведомство өкілдері растаған болатын. Болмановқа да мемлекеттік қызмет жат емес. Бұған дейін де продюсер 2005-2008 жылдар аралығында Алматы қаласында Мәдениет басқармасының директоры, Астана қаласы Мәдениет департаментінің басшысы міндетін атқарушы қызметтерін атқарған болатын. Мәдениет басқармасын басқару бір бөлек те, Мәдениет министріне мәдениет төңірегінде «ақыл-кеңес» беру бір бөлек емес пе?! Ең қызығы, белгілі опера әншісі Сүндет Байғожиннің кеңесшілік қызметке барғаны болды. Опера әншісінің Қызылорда облысы әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың мәдениет саласы бойынша штаттан тыс кеңесші болып барғаны көпшілік тарапынан қызу талқыға түскені рас. 1984 жылы Қостанай облысы Арқалық қаласында дүниеге келген әншінің музыка саласында білімі бар. Ол Қазақ ұлттық музыка академиясында «Жеке ән айту» мамандығы бойынша білім алған. «Астана Опера» театрының жетекші опера әншісі қызметін атқарды. Алайда қаңтар айында опера әншісі сүйікті театрымен қош айтысқан еді. Беспаев штаттан тыс кеңесші болғанда да, эстрада жұлдызының кеңесшілік қызметке барғанын ерсі көргендер көп. Ал опера әншісінің «кеңесшілікті» таңдауына не себеп болды екен? «Экономика мен IT саласын білетін маман кеңесші болып барса, құба-құп. Өнер адамдарына не жорық?» дескендер өте көп. Голливудтық белгілі актер, продюсер Арнольд Шварценеггер Калифорния штатының 38-ші губернаторы болғаны әлемге әйгілі. АҚШ-тың 40 президенті Рональд Рейган да мықты актер болған. Өнер адамдары да саясаткер бола алатынын бұл кісілер дәлелдеді делік. Алайда әншілік пен актерлікті өмір бойы серік еткендер мемлекеттік қызметке қызығар ма еді?! Қоғамдық жұмыспен айналысып жүрген өнер адамының шығармашылығы не болмақ? Құдай берген таланты бар десек те, ол да ерекше уақыт бөліп, баптауды қажет етеді. Күні-бойы әкімдікте жүрген адамның бұған көңіл бөлетіндей мүмкіндігі бола қояр ма екен?! Әртіс, әнші, актерге керегі шығармашылық емес пе. Ендеше, олар бұл қызметке неге қызығады? Штаттан тыс кеңесші айлық алмай жұмыс істей ме, әлде жалақы төлене ме?» деген сауалдар да туындап жатыр. Егер штаттан тыс кеңесшілікті қоғамдық жұмыс деп санайтын болсақ, онда оны тағайындаудың мәні бар ма? Руханият пен әдебиетті, мәдениетті әкімнің әлеуметтік салаға жауапты орынбасарлары бақыламай ма? Онда бұл салаға кеңесші неге керек? Көңілде көп сауал. Байғожин «Астана Опера» театрынан еңбек келісімшартын үзді делік. Онда талантты опера әншісін сақтайтын қызмет орны кеңесшілік пе? Қалай десек те, Беспаев пен Байғожиннің саясаттан гөрі, өнердегі «жұлдызы» жоғары болғаны жөн еді ғой. Бір ойымыз осылай дейді. Ал сіз қалай ойлайсыз?
Айым БЕКТҰР