Жер кіндігіне саяхат
Жер кіндігіне саяхат
316
оқылды

Семейден шыққандағы ұзын-сонар жолдың өне бойы жап-жасыл, көз қуантады. Ақ шарбы бұлттар, қазбауыр бұлттар қол созым жерден жаңбырын біресе бүркіп алады, енді бірде қап-қара болып қоюланып келеді де, жауынын шелектеп төгіп-төгіп кете салады. Мың құбылған маусымның күні бірде жылы, бірде қоңырсалқын. Құнанбайдың, Абайдың, Әбдірахман мен Мағауияның, Шәкәрімнің... деп тізіліп кете берер, басы бар да, соңы таусылмас алыптар легінің ізі қалған мекенге жетуге асық біз аспаннан тоқтаусыз төгілген мөлдір моншақты «алқа қылып та тақтық, жүзік қылып та кидік»...

«Батырдың көп мұратына жете алмай, жас күнінде қуаты қайнап, долданып өлгенінен моласы тұрған биіктің бауырынан боран, ызғар айықпайтын болған екен» дейтін еді ғой «Қорғансыздың күніндегі» қариялар Күшікбайдың жайын айтқанда... Желі толассыз уілдеген сол биіктің бауырында түк бол­мағандай ағып жатқан Күшік­бай­дың бұлағының суы – бал, емге шипа, дертке дауа деседі. Қорған­сызға да, менменсінгенге де барын аямаған бұл бұлақ талай тарихтың куәсі. Бұлақ басына қонған жұрт­тың тарқатар сыры да көп шығар-ау! Сол әңгіменің ішіндегі ең мұң­ды­сы, ең қатыгезі, жүрегіңе зіл батпан жүк тастар ең ауыры – қорғансыз Ғазизаның бетбақтана соққан боранның жұлқылауымен әке бейітіне зар еңірей, дедектей бет алған оқиғасы емес пе? Ғазиза­ның зары мен запыраны оқырман­ға «Қорғансыздың күні» болып жетті. Ғазизаның қайғысы мен қор­лы­ғы Мұхтар Әуезов қаламы­ның қуаты арқылы ұмытылмастай болып жүректерге жазылды. «Ғази­за оқиғасы осы маңда өткен» деген сөзді естігенде, маусымның жылы күніне қарамай-ақ арқамыз­ды бір аяздың қарып өткені де бұрынғының удай өкініші жүре­гі­мізге жеткенінен шығар. «Ғазиза­ның да, әкесі Жақыптың да зираты осы маңда, қаралы, қорғансыз үйдің орны да әнеу бір жерде», – дейді жолбастаушымыз, Абай аудандық ішкі саясат басқармасы­ның басшысы Ұлан Сағадиев. Ел қорғайтын шағында арғы әлемге жүзін бұрған Күшікбайдың аңсар-арманын да, аппақ ары зорлықпен тапталған бейкүнә Ғазизаның шыр­қыраған үнін де баяғыдан естіп алып, бүгінгі бізге жеткізіп тұр­ғандай, маусымда соққан ыз­ғырық жел сыздана соғып тұр еді...


05-8.jpg
Еңлік - Кебек мазары

Ғазиза жүзін жуған, бәлкім, осы маңнан өтіп бара жатып Абай шөлін қандырған мөлдір су енді­гі­нің таңдайына түскеніне назыр­қан­бас деп үміттендік те, судан біз де дәм таттық. Талай дертті емдеп жазғанымен, Ғазизаның қорланған жүрегіне шипа бола алмағанына әлі күнге өкіне ме, тас бұлақтың суы мұп-мұздай қалпында жылға болып ағып, топыраққа сіңіп жо­ға­­ла­ды екен. Адамға емес, далаға нәр бергенді жөн санайтын-ақ шы­­ғар. Оны енді судың сырын біл­­геннен сұрамасақ, біздің тәп­сір­леп беруге шамамыз келмеді...

«Осы асуда Абайдың айнымас досы әрі шәкірті Көкбай да дүние­ден көшкен» дейді жолбасшы­мыз. Абай ауылына дәл сол тұстан қадам бастық. Семейден бергі ұзын жол ендігі қысқара түскендей. Себебі, жан-жақтан Абайға, Абайдың айналасына қатысы бар белгілер жылы ұшырай бастады. Алыстан Шыңғыстау мұнартады. Орда тауын да жолда қалдырдық. Тау жақ­қа қимай-қимай көз тастадық. Себебі, ол маң – Абай мен Шүкі­ман­ның (Әйгерім) кездескен құт­ты мекені. Тоғжанына қолы жет­пеген шерлі Абайдың жүрегін қайта жылытқан Әйгерімдей ару­дың төркін жұрты. Ақынның 175 жылдық мерейтойына орай, ел-жұрттың құрмет тұта тоқтап өтер орталыққа айналуы үшін Абайдың кін­дік қаны тамған Сырт Қасқа­бұ­лақта біраз жұмыс қолға алынаты­ны жайлы сүйінші хабар­ды да жолай естідік. Енді сәл жүр­сек, Қарауыл қол бұлғайды. Көк дөнен көңілдің ырқына бағынсақ, Жиде­бай мен Қарауылға ұшып-ақ жет­ке­лі тұрған біз Күшікбай бұла­ғы­­ның басындағы мына шумақпен келесі әңгімемізге көшпекпіз...

        

Қара Ертіс пен

                            Қарауылдың арасы,

Жеткізбейтін

                        Сарыарқаның даласы.

Осы жолмен жүріп өтті қаншама,

Абайды іздеп алты

                               Алаштың баласы!

 

05-0.jpg
Бөрілі

Жол үстінде


Абайды іздеген жан түсер даң­ғайыр жол жөндеуден өтіп жатыр екен. «Алдағы жылы ақынның 175 жылдық мерейтойын кең ауқымда атап өту керегі жайлы президент Қасымжомарт Тоқаевтың Жар­лы­ғы күллі елдің айбынын одан ары биік­те­те түсті», – дейді жолбасшы­мыз Ұлан. Не нәрседен де еңсесі көте­рі­ліп, жақсылық көре білетін ауыл елдегі ағайын Абай тойын өз тойын­дай көріп, Абай мерейін өз мерейіне балайтыны жүрекке жылы тигенін несіне жасырайық? Ал жөнделіп жатқан жолдың жайы­на келсек, оның қалыпқа келуіне, бейнелеп айтсақ, «қарға адым» ғана жер қалды деп отыр бұл өлке­нің үлкендері. Соны медет тұ­тып, үлкен жолдан қиыстау қа­лып, қол бұлғаған елдімекенге бұрылдық. Бұйығып жатқан Бөрілі ауылы – Абайдың жолын көркем тіл­мен кестелеген Мұхтар Әуезов­тің туған жері. Бір замандарда бөрі жортқан мекен болған соң, соның атын иеленіпті. «Қазір де бөрінің бәрі құрып бітті дей алмаймыз, алайда күннен күнге саны азайып келе жатқанын да айта кету керек», – дейді музей қызметкері ауыл атын еншілеген ит-құстың жайына тоқталып.

Иә, Мұхаңның әке-шешесі Омархан мен Нұржамалдың мәңгі­лік мекеніне таяу маңда бала Мұх­тар өскен, ер жеткен, жары Рай­хан­ды келін етіп түсірген қара­ша­ңы­рақты – ескі жұртты аңдайсыз. Мұхаңның кіндік қаны тамған кіші отанында қаламгер жайлы естелік ұшан-теңіз. «Еңлік–Кебек», «Бәй­біше – Тоқал», «Сыбан­ның мола­сында» сияқты тырнақалды шы­ғар­­­малары да дәл осы шаңырақ­та дүниеге келген екен. Бұл жер 1987 жылдан Мұхтар Әуезовтің музей-үйі деп аталады. Мұхтардың айна­ла­сын, өскен ортасын таныстырып өткен музей қызметкері бұл маң талай тарихты қойнына бүгіп қалған киелі орда екенін айтады. Қалам­герді аңсаған жұрт іздеп келер орында өлке тарихына қа­тыс­ты, Мұхаңның жеке өміріне байла­нысы бар түпдеректер молы­нан сақталған екен. Қаламгердің алақанының табы қалған, сыры сақталған, жүрегін тербеген құнды заттардың әрқайсысын аялай сипап өткің келеді. Қай-қайсысы­на да көзіңді ұзақ қадап тұрып, өз жүрегіңе сіңіріп алсам дейсің. Мұхаңның өзіне, ата-әжесіне, әке-шешесіне қатысы көп жәдігер­лер­дің әрқайсысы да біз үшін айрық­ша қымбат екенін шын жүрегіңмен сезінесің, ұғынасың. Жазушының әр жылдары жазған хаттары, оның өміріне қатысты жайттар да музей-үйдің әр бөлмесінде жайнап тұр. Ұлы Мұратқа, кейін Кәмен Оразалинге Мұратты табыстап жазған хатына үңілесің де, қалам­гердің әкелік мейіріне бас иесің. Мұхаңа аяулы дүние бізге де қадірлі. Музей-үйдің ішін аралап жүріп, қаламгерге қатысты әр жәдігерге құрметпен бас иесің...


06-9.jpg
Құнанбай Өскенбайұлы

«Абай жолы» романында «Ералы жазығындағы кішкене төбе» деп суреттелетін алаңқайда Еңлік – Кебек мазары тып-тыныш қана мүлгіп тұр. Қос ғашықты жазалаған жер ешбір қан төгілме­гендей, мөлдір көздің аясынан тамған жасты жұтпағандай, моп-момақан қалпында. Сайраған құс пен шырылдаған шегіртке ғана баяғының мұңды да мөлдір махаб­баты­нан жеткен шерлі әнді айтқы­сы келе ме, бір тынбайды. Бұл жерде де көптің аяғы үзілмей­тіндей көрінді. Бетімізді сипап, орнымыздан тұра бергені­мізде, өзге бір жандар құлпытас маңына тізе бүгіп, құран аятын оқи баста­ды. Бұл кезде біз­ден бұрын бет сипап кеткендер құлпытасқа таяу жерде тұрған ескерткіш жанында суретке түсіп жүр еді...

Тарих куәгерлері айтады: 1917 жы­лы, маусым айында Абай­дың немересі Ақыш ұзатылады да, Әйгерімнің киіз үйінде Абай ұрпақтарының қатысуымен қазақ даласындағы тұңғыш қойылым, Мұх­тар Әуезовтің қаламынан шыққан туынды – «Еңлік – Кебек» сахналанады. Әйгерімнің киіз үйі де осы Ералы жазығында тігілген еді...

Жер кіндігі – Жидебай

Қарауыл – Абай ауданының орталығы. Жидебай – жер кіндігі. Бұлай деуіміздің себебі де жоқ емес. Ғалымы бар, басқасы бар, бәрі жабылып, Еуразия құрлығы­ның дәл ортасын, қазақы қалып­пен айтсақ, алып жердің кіндігін іздейді. Ақылдылардың «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп» келген шеші­мі – құрлықтың дәл ортасы Жиде­байға келіп тіреледі екен. Бұл маң­ның Еуразияның кіндігі екенін растайтын белгітас та осында тұр.

Енді жер атауы қайдан шықты, оны да айта өткен дұрыс болар. Жидебай – кісі аты. Осы маңның әуелгі иесі сол екен. Қазіргі күні Сарыарқаның сар даласында бейіті жатыр. Шөбі шүйгін Жидебай пішендігі Шыңғыстауға жақын. Жайлауға жетуге қолайлы қоныс болған соң, Құнанбай кейінірек осы маңды иелігіне алады. Дерек­терге сүйенсек, Құнанбай Жиде­байға 1840 жылы қоныстан­ған. Бұл жерде Құнанбайдың шешесі Зере, әйелдері Ұлжан, Айғыз қыстаған. Оспан есейген кезде, қара шаңы­рақ иесі ретінде оған Жидебайды бе­ріп, Құнанбайдың өзі Ақшоқы­ны мекендейді. Оспан дүниеден өткен­нен соң екі жылдан кейін Абай осында көшіп келеді. Абай өмірінің соңына дейін Жидебайды қыстаған. Жалпы, мұндай деректер көпке белгілі болғандықтан, оның жайын тәптіштемей-ақ, өзіміз куә болған жайттарды ғана жазып өтуді мақсат тұттық.


AIT_9480.JPG
Абайдың Жидебайдағы  музей-үйі

Сонымен, біз Абайдай еңселі ер өмірінің соңғы он бір жылын өткізген Жидейбай қонысына да келіп жеттік. Абайдай аяулымыз­дың көзінің аясы, көңі­лі­нің айнасына айналған соңғы мекеніне де «бісмілда» деп аяқ бастық. Абайдың Жидебайы – бұлты қол созым жерде ғана тұрғандай көрінетін, шалғыны шүйгін, шөбі майса, көгалы көздің жауын алатын­дай жер екен. Абайға қоныс болғаны­на мақтана ма, айналадағы бел де, алыстан манаураған Шыңғыстау да, зеңгір көк те, ақынның қыстауы да айбынды, асқақ. Көзіңді жұмып, өткен жылдар қойнауына сүңгіп кетсең, алдыңнан қаһарлана Құнан­бай шыға келердей. Абай мен Оспан жарқылдап, емен-жарқын сөйлескен қалпында құшақ жая қарсы алардай. Тобықтының кәрі әжесі Зере де маңдайдан елжіреп кеп сүйердей. Ұлжан ана шашымнан еркелете сипар ма екен? Тәкаппар Ділда, сұлу Әйгерім, ажарлы Еркежан... Тағы кімдер бар еді? Абай айналасындағы жұрт баяғының жырын айтып, сырын шертіп, бірде дабырласа күлі­сіп алып, енді бірде тұнжыраса сөз тыңдап, осы бір өлкеде өмірі өткені есіңе түссе жүрегің елжірейді.

Бұл жер өзінің қадірін біледі, қасиетін түсінеді. Түсінгені сол ғой, Құнанбайдың, Абайдың, Шәкәрім­нің табанының табы қалғанын айтқысы келгендей жүрегіңді ерекше сезімге бөлейді. Жасырып қайтейік, қыстау үйдің ауласындағы ағаштың діңіне жасырынып, көзге еріксіз үйіріле берген жасымызды сүртіп қалуға ұмтылдық. Абай кезеңінен қалмаса да, Абайдың айналасының бекзаттығы жұққан болар, кәрі ағаш­тың жапырағын жел тербеп, басымыздан аялай сипады. Бұл да Абайдың өзі келіп, арқамыздан ерке­лете қаққандай мерейіңді асыра­ды екен. Абайға қатысы бар бұл мекеннің күллі қазақты тербейтін жайы бөлек. Толстойдың «Ясная Полянасына» барып рухтанып қай­татындар сияқты, Абайдың Жиде­байына барып та кірлеген көңіліңді тазартып, жүрегіңді ағартып қайтуы­ңа әбден болады... 

AIT_9176.JPG
Описание изображения

  Қош, сөзімізді ары қарай жал­ғайық. Абайдың Жидебайдағы музей-үйіне кіреберісте Құнанбай әулетінің шежіресі қарсы алады. Қазақы қалыппен оң аяғымызбен аттаған музейдің іші жып-жылы. Екі дәліз бен бес бөлмеден тұратын үйдің жобасын заманында Абайдың өзі сызған екен. Әр бөлмеде Абайдың жеке-жеке естелігі бар. Абайдың айрықша таңбасы тұр, керек десеңіз, Абайдың рухы сезіледі, үні естіледі. Әр бөлмеде бір кездері ұлы ақынның кіріп-шығып жүргенін, отырғанын, ойланғанын, мұңға батқанын түйсінудің өзі-ақ сені Абай заманына жетелей түседі. Ал әр бөлмедегі жәдігер сол заманның тынысын одан ары тәптіштеп түсіндіріп, ұғындырып, байырғының сыры мен жырын жаныңа жақында­тып жібереді екен. Абайдың кітап қоятын сөресінде және жұмыс үстелінде тізіліп тұрған кітапты қолға ұстап, бұл қазынадан Абай өмір тереңіне қалай бойлады екен деген сұрақтың жетегіне ересің. Еркежанның айнасына қарап, мұңлы сұлу осында қарап жүзіне үңілгенде «нені ойлады екен» дейсің. Ұлжан ана ұстаған аяқ-табақтан кімдер дәм татқанын білгің келеді. Ділдә, Әйгерім, Еркежанның жасауы үш бөлмеде бөлек-бөлек жиналған. Дәулетті елдің қызы Ділданың асыл тастармен безендірілген төсегі бүгінге асыл тастарсыз жеткен екен. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деуші ме еді? Асыл тасы жоқ болса да, құны баға жетпес жәді­гер­дің сақталғанына шүкір айтасың.

Абайдың айналасына тиесілі дүниенің әрқайсысын жеке-жеке, еш жалықпай айта беруге болар. Алайда жақсыны әркім­нің өзі барып көргені дұрыс шығар деп, осымен Абай үйінің жәдігерлерін таныстыруды доғара тұрсақ   дедік. «Толстойдың «Ясная Полянасына» келгендер ұзын-сонар кезекке тұрады екен» деген сөзді естіп едік. Абайдың Жидебайына келетіндер де көзімізге бір қауым ел болып көрінді. Тойымсыз көңіл әр қазақ Жидебайды көрсе екен, ақын рухына бас исе екен деген оймен, келушінің саны бұдан да көп болғанын тіледі.

AIT_9171.JPG
Әуез ақсақалдың бөлмесі

Абайдың Жидебайдағы му­зей-үйінің қасында тағы бір үй тұр. Шәкәрімнің саят қорасы. Иә, Шәкәрімнің соңғы мекеніне айналған жердің дәлме-дәл кө­шір­­месі іспетті етіп салған м­у­зей-үй. Бұл жерде Шәкәрімге қа­ты­сты дүниенің бәрі сақтал­ған...

Музей-үйді асықпай аралап болған біз, әруақтар мекеніне қадам бастық. Алыстан әппақ болып көкке шаншылған қос мазар – Абай мен Шәкәрімге тиесілі. Абай бауырына Оспанын алған, Шәкәрімнің қасына Ахат жерленген. Сәл әріректе аналар: Зере, Ұлжан, Еркежан жатыр...

AIT_9477.JPG
Тошала

Құнанбайдың үлкен ұлы Құдай­бердi өмiрден жастай өтке­ні белгілі. Бұл кезде Зере, Ұлжан, Айғыз, әуелгі сөзімізде айтқан­дай, Жидебайда қыстайды екен. Құдайбердісінен айырылған қарт Зере тұңғыш сүйген немересін көз алдындағы жерге жерлеуін өтініпті. Ондағысы немересінің басына барып құран оқығанына жақын болсын деген тілегі екен. «Өткен-кеткеннiң бәрi басыма келіп құран оқыр. Сол кезде жанымда жатқан Құдайбердiге де құран бағыштайды» деген Зере әже өзі өмірден өтерінде «мені Құдайбердiнiң қасына қоясың­дар» деп аманаттапты. Кейінірек Ұлжан Зере ененің қасында жатқанды құп көріпті... Одан кейін бұл маңға осы жердің иесі ретінде Оспан жерленеді. Ал Абай Жидебайдан әлдеқайда алыста жатқан жайлауында дүние салған. Ақын дүниеден өткен 1904 жылдың 23 маусым аптап ыстық болыпты. Жайлау­дан Ақшоқыға бет түзеген қаралы көш мәйітті дін аман ол жаққа жеткізе алмай қаламыз ба деп қауіптеніп, ақынды Жидебайға, Оспанның қасына жерлейді.

Қазіргі күні Шәкәрім мен Абай зираттарының арасы жүз елу метрдей. «Қос туыстың арасы неге алшақ жатыр?» деген ағайын­ға айта кеткеніміз дұрыс шығар. Құдықта жатқан қажы әкесінің сүйегін отыз жыл өткен соң ғана Жидебайға әкеп жерле­ген Ахат Шәкәрімұлы әкесін Абайдың дәл қасына қоя алма­ған. Себебі, Кеңес өкіметі «халық жауы» – Шәкәрімнің Абайдың іргесінде жерленуіне рұқсат бермеген...

Бүгінмен бетпе-бет

Бүгінгі Қарауыл – Абай айна­ла­сының бары мен жоғына ие болып қалған ресми орталық. Орта­лық дегенде, Алаштың аста­насы Семейді де үлкен құрметпен есте тұтатынымыз анық. Алайда Абайдың кіші отаны Абай ауданы деп аталатынын ескерсек және ол ауданның орталығы Қарауыл екенін ұмытпасақ, оның да жай-күйін шертіп өтпеске болмайды. Бүгінгі Қарауылға Әнет баба, Құнанбай қажы, Абай ескерт­кіш­тері мен Мұхтар Әуезов, Әмина Өмірзақованың бюсті көрік берген. Қарауыл төңіре­гінде кіндік қаны тамған өзге де тұлғалардың ескерткіштері бой көтерген екен, өкінішке қарай, уақыттың тапшылығынан оның бәрін бірдей тамашалай алмадық. Көңілі патша оқырманға көргенімізді ғана айтуды жөн деп білдік. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 2014 жылы бой көтерген спорт кешенін тама­шалаудың сәті туды. «Шыңғыстау» деп аталатын, екі қабатты спорт кешенінде бокс және күрес залдары, тоғызқұмалақ сыныбы, дене тәрбиесімен айналысатын орын, моншасына дейін бар екен. Тағы да аудандық ішкі саясат басқармасы басшысының сөзіне сүйенсек, кешеннің материалдық-техникалық базасы толық жарақ­талған, қажетті спорт жабдық­тың бәрімен жабдықталған кешенде болашақ спорт жұлдыз­дары да, спортқа құмар көпшілік те жаттығу жасауға келеді екен. Одан бөлек, Қарауылдағы жеке еңселі ғимараттағы бассейнді тамашалауға да мүмкіндік туды. Бұл бассейнде күніне орта есеппен елуге жуық адам жүзуге келеді екен. Бес жолақты бассейннің ұзындығы – 25 метр, ені – 8,5 метр, тереңдігі – 1,30-1,80 метр. «Дип­лом­мен – ауылға» бағдар­ла­масы аясында жаттықтыру­шы­ларды арнайы алдыртқан Қарауыл ауы­лындағы бұл бассейнге, негізі­нен, балалар құмар екенін де білдік.

AIT_9449.JPG
Спорт кешені

Орталық көшесін халықтың серуендеуіне лайықтап, абаттан­дырған Қарауылдың кеші де көркем. «Маса көп» деген сөзден соң, кешкі Қарауылда сейілдеуге қорғалақтасақ та, Абай жұртының масасы «сүйсе», сүйсін деп тәуекел еттік. Маусымның кеші әлі салқын ба, жәндіктер әлі қаптай қоймаған мезгілге дөп келіппіз. Масаның ызыңы емес, құла­ғымызда түрлі-түсті субұр­қақтың сылдыры қалға­нын айта кету ләзім...

 

Сөз соңы

Қарауылдан ары 2-3 сағаттық жердегі Қоңыр әулие үңгіріне жол түсті. «Абай жолы» эпопеясында Петербордан келген Әбдірахман сергіп, серпіліп қайтсын деп, Абай Әбішін осы Қоңыр әулие үңгіріне жіберетін еді ғой. Сол үңгір. Мұнда да келушілердің аяғы үзілмейтініне куә болдық. Абайдың ұлы Әбіш үңгір айналасындағы бейіттерге таңдана көз тастайтынындай, біз де айналадан ескі жұрттың белгісін іздегендей, бұл маңды асықпай араладық. Қиық ай астында тұрған Сәрсенбек батырдың бейітіне алақан жайып, осы маңда бұрын­дары ел мен жерді қорғаған белгілі-белгісіз шәйіттердің жат­қан сыры­на қанықтық. Бұл үңгірге Абайдың өзі де бірнеше рет келгенге ұқсай­ды. Қоңыр әулие үңгіріне қатыс­ты деректерде, осы үңгір қабыр­ғаларының бірінде ұлы Абайдың арабша жазылған қолтаң­басы болғаны туралы да айтылады. Бірақ келушілер үңгір ішіне шырақ жағып кіргендіктен, ол жазуды ыс басып, көрінбейтін болған. Айта кету ләзім, қазір үңгірдің ішіне шырақ жағудың қажеті жоқ. Себебі, үңгірге бастайтын және үңгірдегі көлге апаратын жолға ағаш баспалдақ жасалып, үңгір ішіне түгелдей жарық тартылған. Ұлан Болатұлы бұл маңның Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қасиетті Қазақстан» жобасының негізінде арнайы абаттандырыл­ғанын тілге тиек етті. 1892 жылы «Витебские губернские ведомости» газетінің №63 санында Қоңыр әулие үңгірі жайында мақала жарық көріпті. Мақалада бұл үңгір жайында: «Қоңыр әулие – қазақ­тардың Семей маңындағы әулие үңгірі, онда адам бойындай әйел­дің мүсініне тәу етуге көптеген адамдар келіп жатады. Оның айналасында тастан жасалған ұсақ заттар, моншақ және қола мүсін­шелер шашылып жатады. Әулие маңында құрбандық шалынады, індет болған жағдайда ауырған мал да осы жерге әкелінеді», – деп жа­­зыл­­ған екен. Бұрынғының сы­ры­на көп бойлай алмадық, бү­гін­гінің адамы бұл маңға еміне шипа іздеп келетініне куә болдық. Үңгір ішін­де­гі көлдің суы мұздай, таба­ның тиген сәттен шекеңе бір-ақ шығады. Бірақ жақұттай жалты­рап жатқан көл ерекше сұлулығы­мен көзді арбап, бәрібір бауырына тартқысы келіп, ынтық­тыра түседі екен...

 

P.S.:

 Абай жұртынан қайтқанда жүрегіміз тазарып, көңіліміз ағарып қалғандай ма, ерекше бір сезім құшағынан шыға алмадық. Қаланың у-шуынан тұнып қалған құлақ мұндағы мүлгіген тыныштыққа рақаттана ма, әрбір тырс еткен дыбысты жадта сақтап қалуға тырысты. Құлпыра түскен айналаның реңкіне көзіміз де әбден тойды. Құнанбайдың, Абайдың жұрты бізге қош айтқысы келмегендей, әлде қоштасқымыз келмеген біздің өзіміз бе екен?..


Қарагөз СІМӘДІЛ