Елімізде төтенше жағдай жарияланғанда мұқтаж жандарға жанашырлық танытып, көмек қолын созғандар қатарында болған Kusto Group халықаралық компаниясы Kusto Help қайырымдылық жобасы бойынша 10 665 отбасына, жалпы салмағы 266 тонна азық-түлік таратты. Соның ішінде Жамбыл ауданы бойынша 200 отбасына азық-түлік себетін жіберді. Қайырымдылық керуенімен жүрген сауапты сапарында компания басшысы Еркін Тәтішев мырза Жамбыл ауданының әкімі Бағдат Әлиевпен ақылдасып, әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған 9 баланы асырап отырған Кәрібаевтар отбасына 12 орындық «минивэн» автокөлігін алып беруді ұйғарған еді. Осынау қайырымдылық қадамын 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай жүзеге асырған меценат ауданға арнайы келіп, Кәрібаевтар отбасына автокөліктің кілтін табыс етіп, азаматтық уәдесін орындады. Шарапатты шараға аудан әкімі Бағдат Әлиев, аудандық мәслихаттың хатшысы Саят Жұрын және тағы басқа аудандық деңгейдегі атқамінерлер қатысты. Бағдат Байшалұлы еліміздің әр өңіріндегі қайырымдылықтарымен күрделі кезеңдегі азды-көпті ауыртпалықты аздап болса да жеңілдетуге тырысып жүрген Kusto Group компаниясының басшыларына жамбылдықтар атынан алғыс айтты. – Бүгін белгілі журналист, көпбалалы ана Әлия Абсәметова қарындасымыздың отбасында айрықша қуаныш. Соғыс жылдарындағы Әлияның батырлығы бір төбе, ал бүгінгі заманның қаһарман Әлиясы – жүрегі мейірімге толы қарындасымыз аналық құшағына өзінің балаларын ғана емес, өзге ұлттың балаларын да сыйғыза білді. «Кең болсаң, кем болмайсың» деген осы болар. Кәрібаевтар отбасын көлікпен қамтамасыз ету – облыс әкімі Амандық Баталовтың арнайы тапсырмасының бірі еді. Мінеки, бүгін сол игілікті істің орындалуына Еркін бауырымыз себепкер болып отыр. Kusto Group компаниясының табысы тасқындап, қайырымдылық қадамдары кеңейе берсін, – деді аудан басшысы. «Арман орындалады екен. Тек оған жету үшін шынайы мейірімділік, адал еңбек ете білу керек. Міне, бүгін біз көптен бері қол жеткізе алмай жүрген автокөліктің кілтін Kusto Group компаниясы табыстап отыр. Өте разымыз. Әсіресе, балаларымыз ерекше қуанышқа бөленді. Бұл көлік балалар мерекесінде біздің отбасымызға жасалған ерекше бағалы сыйлық екені даусыз. Компания жұмыстарына табыс тілеймін», – деді көпбалалы шаңырақтың отанасы Әлия Абсәметова. Қарғалы ауылының тұрғындары Кәрібаевтар отбасы тек Алматы облысына емес, бүкіл Қазақстанға белгілі. 2018 жылы «Мерейлі отбасы» өңірлік байқауын жеңіп, Қазақстанның 16 үздік отбасы тізіміне енген.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы