Қанат Ислам, Геннадий Головкин, Василий Жиров, Сапарбай Айдаров сияқты ағаларының жолын жалғастырамын деген ниетпен 2018 жылғы жасөспірімдер арасындағы олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Талғат Шәйкен де әуесқойлар боксынан кәсіби боксқа ауысты. Енді 19 жастағы боксшы Қазақстан атынан шаршы алаңға шығатын болады. Талғат кәсіби рингте өнер көрсету үшін MTK Global промоутерлік компаниясымен келісімшарт жасасқан. «Құрметті достар, кәсіби боксқа ауысқаныма қолдау білдіргендеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Мен дүниежүзіндегі көшбасшы МТК Global менеджерлік компаниясымен келісімшарт жасадық. Енді қазақстандықтарды кәсіби бокстағы жеңістеріммен қуантуға тырысамын» деп жазды боксшы Instagram парақшасында. Айта кетейік, Талғат Шәйкен 2019 жылы Қазақстан халқының спартакиадасы шеңберінде ересектер арасында өткен республикалық біріншілікте қарсыластарын айқын басымдықпен тізе бүктірген болатын. Ол әуесқойлар арасында нокаут шебері атанды. Қарсыластарын шаршы алаңда талай мәрте сұлатып салды. MTK Global Kazakhstan менеджерлік компаниясының басшысы Асқар Салықбаев болса, келісімшарт ұзақ жылға жасалғанын айтады.
Әділ БЕК