АҚШ-тағы жаппай бейберекетсіздікке себепші болған Джордж Флойдтың өліміне полицияның айыпты екені ресми түрде расталды, – деп хабарлайды Astana TV. Телеарнаның хабарлауынша, Флойдтың отбасы жалдаған тәуелсіз сарапшылар полицейдің озбырлығын анықтады. Бұл ақпарат халықтың ашуын өршіте түсті. Митинг 75 қалада өтіп жатыр. АҚШ президенті Дональд Трамп болса Twitter-дегі парақшасы арқылы халықты тәртіпке шақырды. Бейбіт митингтер соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласып, наразалық көптеген ірі қалада жалғасып жатыр. Ел астанасында демонстранттар қоқыс жәшіктерін өртеп, көліктерге от қойған және дүкендерді қирата бастаған. Атланта, Детройт, Лос-Анжелесте де осындай жағдай. Портлендте сот ғимараты өртенді. Полицияның шамасы келмеген кейбір қалаларға ұлттық гвардия кірді. Демонстранттарға қарсы олар көз жасаурататын газ қолданды. Бейберекет отын тұтатқан Миннеаполис шаһарында полиция наразы топ жағына өтті. Олар шоқпарларын тастап, халық алдында тізе бүкті. «Қара нәсілділердің де өмірі маңызды» деген ұран тастады. Минеполистік полиция әрекетін кейіннен өзге штаттағы тәртіп сақшылары да қолдады. АҚШ-тағы толқулар әлемге тарады. Еуропа, Жаңа Зеландия және Аустралия халқы да бейбіт митингіге шыға бастады. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, Дональд Трамп Ақүйдің қауіпсіздік протоколына сәйкес бункерге жасырынған. Бункерде отырып, Twitter-дегі парақшасы арқылы ол халықты тәртіпке шақырды.