Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасының негізгі мақсатын айтты. Парламент Мәжілісінде кейбір заңнамалық актілерге ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңының жобасы таныстырылған болатын. Заң жобасының негізгі мақсаты – бұрын туризм нысандары мен ерекше стратегиялық маңызы бар құрылыстарды (су шаруашылығы құрылыс жайлары, Мемлекеттік шекара объектілері, қорғаныс мұқтажы) салу және олардың жұмыс істеуі үшін шығарылған, мақсаты бойынша пайдаланылмайтын жерді ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерін қайтару болып отыр.
«Бүгін біз өте маңызды заң жобасын қабылдадық. Оны әріптестеріміз – Мәжіліс депутаттары әзірледі. Ол ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесін құқықтық реттеудегі кемшіліктерді жояды. Осы заң жобасының арқасында кейбір жерді, оның ішінде мақсатты түрде пайдаланылмай жатқан жерді ерекше қорғалатын табиғи аумақтар қатарына қайтару процесін жеңілдетеді. Ол жұмыс өте маңызды. Өздеріңіз білетіндей, ел басшылығы мақсатты түрде пайдаланылмай жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтару мәселесін бірнеше мәрте көтерген болатын. Осы заң жобасының нормалары – жеделдетілген форматта осынау маңызды мәселені тезірек шешуге көмектеседі», – деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.Оның айтуынша осылайша ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды сақтап қалуға мүмкіндік зор. «Жалпы айтқанда, осы заң жобасының басты мақсаты – ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды тиісті деңгейде құқықтық тұрғыда қамтамасыз ету. Бұл – табиғи аймақтарды одан ары нығайтуға, сонымен бірге ұлттық экономиканы дамытуға ықпал ететін болады», – деді ол.