Алматы қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ішкі қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бөлімімен бірлесе отырып, Бостандық аудандық сотының төрағасын пара алды деген күдікпен әшкереледі. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері берген жедел деректерге сүйенсек, судья параны делдал арқылы алған. «Делдал – сот отырысының хатшысы. Судья борышкерге Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуына санкция берген. Сол үшін үлкен мөлшерде пара алды деген күдікке ілініп отыр», – деп хабарлайды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметі. Ведомствода атап өткендей, 22 қаңтарда іс материалдарын зерделегеннен кейін, Бас прокурор судьяға қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастауға келісім берген. Тергеу аяқталғаннан кейін күдіктінің кінәсі туралы түпкілікті шешімді сот қабылдайды. Бұған дейін Алматыда 2019 жылдың 26 қазанында Наурызбай аудандық сотының судьясы пара алу фактісімен құрықталған болатын. Елімізде судьялар күніне 10-ға жуық үкім шығарады. 2019 жылы орташа есеппен айына бір судья пара алу дерегімен құрықталған. Мадияр ТӨЛЕУОВ