Мәжіліс депутаттары шалғайдағы ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету туралы заң жобасын ұсынды. Бүгін Мәжілістегі пленарлық отырыста депутат Мейрам Пішембаев шалғайдағы ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету процесін жеделдету қажеттігін мәлімдеді. «Қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздік аумақтардың экономикалық дамуына толыққанды қатысуға мүмкіндік бермейді. Осыған орай біз қарап отырған заң жобасы өте маңызды және уақтылы», - деп мәлімдеді депутат. Депутаттар ұсынған заң жобасында байланыс операторларына ауылдарда байланыс қызметтерін ұсыну кезінде инфрақұрылым мен жиілікті бірлесіп пайдалану ұсынылады. «Инфрақұрылымды бірлесіп пайдалану байланыс операторларына инфрақұрылымдық шығыстарды азайтуға, байланыс желісінің сапасын айтарлықтай арттыруға, сондай-ақ мобильді және спутниктік байланыс желісінің құрылысын тездетуге мүмкіндік береді»,- деп түсіндірді Пішембаев. Сондай-ақ, заң жобасы қосымша базалық станцияларды орнатуды көздейді. «Заң жобасын қабылдау ауылдық елді мекендерде Интернеттің қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, бұл электрондық денсаулық сақтау және білім беру, электрондық қызметтер көрсету және электрондық коммерция және тағы сол сияқты басқа да жобаларды іске асырудың базалық элементі болып табылады», - деп қорытындылады Мейрам Пішембаев.