Егерде Covid-19 вирусының таралуы екінші қайтара басталса, оның салдары қазіргіден де жойқын болуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымындағылардың болжамы осындай, - деп жазады inbusiness.kz. «Індеттің екінші толқыны міндетті түрде қайталанады деген сөз емес. Дегенмен қазіргі таңда шектеу шараларын қысқартып жатқан елдердің қатары көбеюде. Сондықтан инфекцияның тағы да өршуі ғажап емес», – деді ұйым өкілі Ганс Клюге. Оның сөзінше, карантиндік шараларды біртіндеп алып, міндетті түрде індетке қатысты ахуалды бақылап отыру керек. Өйткені қазіргі көрсеткіштер, яғни вирус жұқтырғандардың саны әлі де жеткілікті деңгейде төмендеген жоқ, әрі вакцина мен жаңа коронавирус ауруын емдейтін препарат табылмады деп басып айтты. Джонс Хопкинс Университетінің соңғы дерегіне сүйенсек, әлемде вирус жұқтырғандардың саны 6,3 миллионнан асып, оның 380 мыңы қайтыс болған. Осы күнге дейін 2,73 миллион адам аурудан жазылған.