Шымкенттегі жасөспірім өліміне дәрігерлер де кінәлі болуы мүмкін
Шымкенттегі жасөспірім өліміне дәрігерлер де кінәлі болуы мүмкін
©Фото ашық дереккөзден алынды
128
оқылды
Кеше Шымкент қаласы Тоғыс елді мекенінде жасөспірімдер арасында  болған төбелестен 17 жастағы тұрғын көз жұмғаны туралы айтқан болатынбыз. Бүгін Шымкент қаласы полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Ералы Жұмаханбетов осы оқиғаға орай арнайы брифинг өткізді. Мегаполистің бас полицейінің айтуынша, 22 маусым күні Тоғыс тұрғын алабындағы «Мейір» дүкенінің алдына жиналған жастар (оның 10-ы кәмелетке толмаған, біреуі 18 жаста) арасында дау шығып төбелес орын алған. Салдарынан 3 жасөспірім әртүрлі дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізіледі. Өкінішке қарай, 2 маусым күні қатты жарақаттан Абзалбек Уткуров қайтыс болады. «Кеше жәбірленушінің қайтыс болуына орай іс қайта сараланды. Бүгін Еңбекші полиция басқармасы тарапынан Түркістан облысының балалар ауруханасының дәрігерлеріне қатысты ҚР ҚК-нің 317-бабы (медицина қызметкерлерінің кәсіби міндетін тиісінше орындамау) бойынша жаңадан материал тіркелді» деді департамент басшысы. Бүгінгі таңда осы оқиғаға қатысты 9 адам күдікті ретінде анықталған. Оның 5-еуі қамауға алынып, екеуіне ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шаралары қолданса, бір күдіктіге іздеу жарияланған. Оларға ҚР ҚК-нің 106-бабы бойынша іс қозғалуда. Ал, бұл  бап бойынша кінәлілер 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Н. НАЗАРБЕК.