Кеше Шымкент қаласы Тоғыс елді мекенінде жасөспірімдер арасында болған төбелестен 17 жастағы тұрғын көз жұмғаны туралы айтқан болатынбыз. Бүгін Шымкент қаласы полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Ералы Жұмаханбетов осы оқиғаға орай арнайы брифинг өткізді. Мегаполистің бас полицейінің айтуынша, 22 маусым күні Тоғыс тұрғын алабындағы «Мейір» дүкенінің алдына жиналған жастар (оның 10-ы кәмелетке толмаған, біреуі 18 жаста) арасында дау шығып төбелес орын алған. Салдарынан 3 жасөспірім әртүрлі дене жарақатын алып, ауруханаға жеткізіледі. Өкінішке қарай, 2 маусым күні қатты жарақаттан Абзалбек Уткуров қайтыс болады. «Кеше жәбірленушінің қайтыс болуына орай іс қайта сараланды. Бүгін Еңбекші полиция басқармасы тарапынан Түркістан облысының балалар ауруханасының дәрігерлеріне қатысты ҚР ҚК-нің 317-бабы (медицина қызметкерлерінің кәсіби міндетін тиісінше орындамау) бойынша жаңадан материал тіркелді» деді департамент басшысы. Бүгінгі таңда осы оқиғаға қатысты 9 адам күдікті ретінде анықталған. Оның 5-еуі қамауға алынып, екеуіне ешқайда кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шаралары қолданса, бір күдіктіге іздеу жарияланған. Оларға ҚР ҚК-нің 106-бабы бойынша іс қозғалуда. Ал, бұл бап бойынша кінәлілер 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Н. НАЗАРБЕК.