«Ұлан», «Дружные ребята» балалар басылымдарының қолдауымен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультеті Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының дәстүрлі XIV «Жас тілшілер» онлайн форумы өтті. Үш күндік форум аясында жас тілшілерге арналған «Журналистика негіздері» курсы бойынша онлайн шеберлік сыныптары өтіп, республикалық мектеп оқушылары арасында жарияланған «Журналист болғың келе ме?» шығармашылық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Еліміздің барлық өңірлерінен журналист мамандығын таңдаған талапкерлер «Жас тілшілер форумы» аясында өтетін шығармалар, эсселер, фото, аудио, видеоматериалдар мен графикалық туындыларын байқауға жіберуге асығады. Талапкерлердің шығармашылық әлеуетін сынайтын бұл байқаудың өз тарихы, дәстүрі бар. 45 жыл бұрын 1975 жылдың мамыр айында алғаш рет республикалық «Жас тілшілер» слеті Орталық Комсомол Комитетінің ұйымдастыруымен өтті. Сол жылдары Қазақстан Республикасының Орталық Партия Комитетінің Насихат және үгіт бөлімінің басшысы Қ. Сұлтанов болатын. Бұл шараның бастауына О. Сүлейменов, Ф. Оңғарсынова, Д. Стамбеков, Ш. Смаханұлы сияқты танымал ақын-жазушылар атсалысқан. Соңғы жылдары «Жас тілшілер форумы» жаңа форматта, заманауи үлгіде ұйымдастырылып, ауқымы мен салмағы арта түсті. Биылғы байқаудың ерекшелігі жұмыстар электронды түрде қабылданып, нәтижесі онлайн форматта таныстырылды. Байқауға келіп түскен шығармалар мен эсселердің жеңімпаздары «Абай – әлемдік мәдениеттің тұлғасы», «Ұлы даланың жеті қыры», «Әл-Фараби мұрасы – ақыл ойдың маржаны», «Ұлы жеңіске тағзым, «Газет, әлде интернет?», «Көсемсөз құдыреті», «Мультимедиа журналисінің бір күні» номинациялары бойынша І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен мараптталып, кітаптар сыйға тарту етілді. Бағдарлама «Egemen Qazaqstan», «Қазақ газеттері» ЖШС, «Қазақпарат» АҚ, «Қазақ радиолары» ЖШС, «Хабар» АҚ, «Qazaqstan» ұлттық арнасы тілшілері мен репортерларының онлайн шеберлік сыныптары өтті. Биылғы жылы барша талапкерлердің бакалавр, магистратура және PhD докторантура деңгейінде «Журналистика» мамандығымен қатар «Data журналистика», «Бизнес коммуникация» магистрлік, «Медиа және коммуникациялар» PhD бағыттары бойынша білім алуға мүмкіндіктері бар.
Үздік танылған жас тілшілер арасында Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы республикалық «Жас ұлан» мектебінің 10 сынып оқушысы Дінислам Егамбердиев, Алматы қаласы Назарбаев зияткерлік мектебі 12-сынып оқушысы Мұрат Қымбат Арманқызы, Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын орта мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Әбдібек Нұрай, Қаскелең қаласы, Алматы облысы Абай атындағы орта мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Айсұлу Съезхан, Атырау обылысы, Сағыз селосы Сағыз орта мектебінің 11-сынып оқушысы Аралбай Камшат Жаныбекқызы, Павлодар облысы Баянауыл ауданы, Мұса Шорман ауылы, «Академик Қаныш Сәтбаев атындағы мектеп-балабақша оқу-тәрбие кешені» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 10 сынып оқушысы Ауғали Мерей Ардаққызы, Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы, №53 М. Ғабдуллин атындағы жалпы орта мектебінің 11-сынып оқушысы Маликаждарова Алтынай Бауыржанқызы, Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернаттың 12-сынып оқушысы Сүнәділла Нұрсұлтан Мейірбекұлы сияқты бәйгеден озып шыққан дарынды өрендердің шығармашылықтары ерекше атауға тұрарлық.Жеңімпаздардың бірі Қызылорда облысы Арал ауданы Сексеуіл кенті №231 орта мектебінің түлегі Тағыбай Ақерке Тұрарқызы: – Жүрегімді жарып шыққан ізгі арманым – білімді, халқына адал қызмет ететін, ұлт жанашыры – журналист болу. Бала күнімнен сол бір тәтті арманым мақсатыма айналды. «Қайтсем де боламын! Жетемін!» деген үмітім еш сарқылмады. Халқыма, жұртыма кесірін тигізген, аяққа тұсау болып жабысқан ауру, сырқауға қарамастан, онлайн жүйеде, жүйелеп, астарлы мәнді, тағылымды, тәрбиелі, ақылдарыңыз үлгі болды, – деп пікірін жазды. Жеңімпаздардың бірі Алтынай Маликаждарова: «Осыдан бір жыл бұрын ҚазҰУ-да төсбелгімді тағып, қуанышты көңіл-күймен сүйікті ұстаздарымның батасын алып қайтқан болатынмын. Бұл жолы да мінберімнен таймай, өз орнымды сақтап қалдым! Ең бастысы, орынға ілігу емес, ұстаздарыммен, құрбыларыммен қауышу болатын. Бұйырған кетпейді, асыққан жетпейді деген осы болар бəлкім», – деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасында. Атырау облысы Сағыз селосы Сағыз орта мектебінің 11 сынып оқушысы Камшат Аралбаева: – Кесірлі кеселдің кесірінен талай марқасқалардың табаны тиген, киелі ҚазҰУ-не табан тіреп бармасақ та, болашақта тәлім алу үмітіміз бар. Алатаудың бөктерінде орналасқан қара шаңырақтың қалашығын қарашығымызға сыйдыра алмай, тамсанып, бара алмай қалдық. Қашықтықтан болса да, онлайн түрде жүргізілген форумның бергені көп болды. Байқаудан 87 бала ішінен, іріктеліп 2 орын иеленгенім, мен үшін үлкен жетістік деп түсінем. От ауызды, айыр көмей, тілі сүңгі тілші қызметінің қандай болатыны осы форумнан байқағандаймыз, – деп жазды алған әсерін. Жас тілшілер Ұлттық бірыңғай тестке дайындықпен қатар, журналистиканың шығармашылық емтихандарына дайындалуда. Бала арманнан басталған өмірдің мақсатына айналған журналистика әлемі әрбір өреннің көңіл төрінде орын алғаны осы тілектерден, алуан мінезді пікірлерден байқалады.