Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова халықаралық жарыстарда жеңіске жеткен, Біріккен Араб Әмірліктеріндегі жасөспірімдер арасындағы джиу-джитсудан әлем чемпионатының жеңімпазы атанған Алматы облыстық №1 балалар үйінің жас спортшыларымен кездесті. Кездесуге Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы олимпиадалық резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің тәрбиеленушілері қатысты. – Сіздердің жеңістеріңіз біз үшін әрдайым мақтаныш. Сіздерге үлкен алғыс білдіремін. Ойын алаңында сәттілікке жету арқылы өмірдің барлық салаларында табысты боласыздар деп сенемін. Себебі, спорт пен айналыса отырып сіздер өздеріңізге мінез қалыптастырасыздар, алға биік мақсаттар қойып, соған жетуге ұмтыласыздар, – деді А. Райымқұлова. Сонымен бірге, министр №1 Алматы балалар үйінің тәрбиеленушілері Анна Водолазова мен Любовь Темниковаға дарынды балаларға арналған спорт интернатына оқуға түсуге ұсынысын білдірді. Жас болса да, спорттағы жетістіктері біршама жас жеткіншектер министрліктің ерекше қолдауына және олардың жетістіктеріне назар аударғандары үшін алғысын білдіріп, болашақ жоспарлары туралы әңгімелеп берді. Кездесу соңында министр жас спортшыларға спортты дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс айтып, естелік сыйлықтар табыстады. Ақбота ӘЛІМ