Алматы қалалық полиция департаменті хабарлауынша, блок-бекетте әріптестерін көлікпен қағып, «әдейі өлтірді» деген күдікке іліккен экс-полицей өмір бойына бас бостандығынан айрылуы мүмкін. Ал баласы Дастан Әбдіқановтан қапыда көз жазған анасы дүйім жұртты алыпқашпа әңгімеге сенбеуге шақырды, – деп хабарлайды AstanaTV. Дастан Әбдіқановтың анасы Жанатгүл Әбірова: «Ботадай боздап қалған мен сияқты аналардың басына түскен қайғы деп ойлаймын. Менің келінім сол күні пост жазды. Ол шындықты жазды. Сол посттан кейін халық дүрлікті. Біз бір-бірімізбен отырып, сөйлесіп, ақылдасып отыратын жағдайда болған жоқпыз», – дейді. Қайғылы оқиғаны жасады деген күдікті Азат Азаматов қазір қамауда. Ол «Шаңырақ» ықшамауданында ата-анасымен бірге тұрған. Оның анасы да болған жайтқа сенбейді. Осыдан он күн бұрын Көксай ауылындағы блок-бекетте BMW автокөлігі бекетті бұзып өтті. Жантүршігерлік апаттан қызметтік көлікте отырған екі полицей қаза тапты. Оқиға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Қалалық полиция департаменті әріптестерінің өліміне себеп болған күдіктінің өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін де айтты.