Ақтөбе облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ақтөбе облысы Полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының патрульдік полициясының рота қызметінің инспекторына қатысты сотқа дейінгі тергеуді жүргізіп жатыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жедел-тергеу қызметінің хабарлауынша, инспектор параны рұқсат қағазынсыз жүру үшін алған. «Инспектор 30 мамырда Ақтөбе қаласының шыға берісінде орналасқан «№4 Магистраль» блокпосттан арнайы рұқсат қағазынсыз жүру үшін жеңіл көлік жүргізушісінен құны 10 800 теңге болатын екі блок «Парламент» темекісі түрінде пара алған», – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ІІ департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Д.Биғайдаров. Оның айтуынша, полиция инспекторының кінәні толық мойындауына байланысты тұтқындалған жоқ. «Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жарияланбайды», – дейді ол.