Рухани ахуалды балалар әдебиетінің дамуымен өлшеу керек – сенатор Нұртөре Жүсіп
Рухани ахуалды балалар әдебиетінің дамуымен өлшеу керек – сенатор Нұртөре Жүсіп
«Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да – тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де – тілінде. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады», – деді. Қасым-Жомарт Кемелұлы  «отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады», -дей келіп, осы тұрғыда, балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажеттігін атап көрсетті. Сіздердің балаларыңыз бен немерелеріңіз қандай кітап оқып жүр? Солардың арасында Қазақстанда шыққан кітаптар бар ма? Бар болса, олардың сапасына көңілдеріңіз тола ма?» дейді сенатор Нұртөре Жүсіп. Ол: «Балалар әдебиеті – ұлттық мәдениеттің негізін сақтаудың, ана тілінің байлығын арттырудың, сөйлеу мәдениетін қалыптастырудың ең қуатты механизмі. Балалар әдебиетіне өлшеусіз үлес қосқан классик жазушылардың көбісі өмірден өтті. Кезек – жас толқынға келді. Қазақстан Жазушылар одағының 700 мүшесінен балалар әдебиетімен айналысатын 70 жазушы шықса, бөркімізді аспанға атар едік. Қазақстанда мектеп жасына дейінгі үш жасар баладан бастап, он алты жасқа дейінгі оқушыларға көркем әдеби тілде жазылған тартымды туындылар жетіспейді. Бауыржан  Момышұлының  «Ертегісіз  өскен  бала  рухани  мүгедек адам»,- деген  қанатты  сөзі бар. Гүлге су құймаса – солып қалады. Өспейді. Балалар әдебиеті де сол гүл сияқты. Бұл салаға қомақты қаржы құйылмаса, ешкім жөндеп айналыспайтын болады. Кембридж тәсілі бойынша, 1-сыныпқа кірген оқушының сөздік қоры үш мың сөзге жетуі керек. Ата-анасы күні бойы жұмыста, сәби кезінде ертегі тыңдамаған, тақпақ жаттамаған балада сөздік қор қайдан болсын? Горькийдің «балалар жазушысы өзге жазушылардан да сапалы жазуы керек» дейтін сөзі бар. Кішкентайлар үшін шығарма жазу оңай емес. Ғалымдардың зерттеуіне қарағанда, әр бір он жылдықта дүниеге келген  бала психологиясы бір-бірінен мүлдем алшақ болады екен. Баланың жанын түсінбей, жақсы туынды шықпайды» дейді.

Сенатор халықтың рухани ахуалын балалар әдебиетінің дамуымен өлшеу керек екенін айтып отыр.

«Біз мемлекеттік тіл неге өз дәрежесінде дамымай отыр деген сауалды жиі қоямыз. Балалар әдебиеті дұрыс өркен жайғанда ғана мемлекеттік тілдің тұғыры берік болады.Бұл сауалға Үкімет тарапынан «қаржы жоқ» деген жауап естуіміз мүмкін. Елімізде жыл сайын әлеуметтік бағдарланған мемлекеттік тапсырыс бойынша 2018 жылы 1 миллиард 845 миллион теңгеден астам, 2019 жылы 1 миллиард 101 миллион теңге бөлінген. Соның ішінде балалар әдебиетіне бөлінгені – тиісінше 89 183 және 19 420  миллион теңге. 2020 жылға 821 615 миллион теңге бөлу жоспарланса, соның миллион 46 848 мың балалар әдебиетіне арналған. Шығатын кітаптардың ішінде балалар әдебиетінің үлес салмағы өте төмен. Таралымы да, сапалық жағы да көңіл көншітпейді.  Кейбір авторлар кітаптарды өз қаражатына шығарады. Қазір әлемде полиграфия жақсы  дамыған, дизайн мен графиканың уақыты. Қазақстандағы баспалар жұмысы халықаралық стандарттарға сай келмейді. Халықаралық тәжірибелерге сүйену керек. Шетелде автор, иллюстратор, баспагер, әдеби агент – тұтас шығармашылық топ күш біріктіреді. Бұл ретте бізге алысқа бармай-ақ, Ресей тәжірибесінен үйренуге болады. Ресейде Aromabook, Scentbook деген баспалар бар. Алма туралы өлең болса, алманың иісі шығады. Өте тартымды. Кітапқа ұялы телефоныңызды жақындатсаңыз суреттер қимылдайды. Мұндай кітапты көрген балалар жабысып айрылмай қалады. Ресейде «Театр теней» деген де керемет қосымша бар. Сурет арқылы балаларды әдебиетке қызықтырады. Ауылдық мектеп кітапханаларында балаларға арналған әдебиеттер жеткіліксіз. Интернет және гаджеттер ғасырында балалар кітап туралы ұмытпауы тиіс. Қазір біз барлық  күшті балалар әдебиетін дамытуға салу керек» дегенді алға тартады сенатор. Еуропаның мемлекеттерінде, сондай-ақ  Ресей, Латвия, Бельгияда кітаптарға салынатын қосымша құн салығы 5 пайыздан аспайды.  Ұлыбритания, Ирландия, Норвегия, Польша, Украина елдерінде кітапқа салық мүлдем салынбайды екен. Сондай-ақ сенатор бірқатар ұсыныс жариялады. «Мәдениет және өнер саласындағы бәсекелестікті жоғарылату, қазақстандық мәдени мұраны сақтау, зерделеу мен насихаттау және мұрағат ісінің іске асырылу тиімділігін арттыру» республикалық бюджеттік бағдарламасы және «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасының шеңберінде, сондай-ақ Мемлекеттік тілді дамытуға арналған қаражат көздерінен балалар әдебиетін дамытуға арнайы қаржы бөлуді ұсынамыз. Балаларға арналған кітаптарды басып шығаруға жеңілдік беру үшін қосылған құн салығынан босату қажет. Ұлттық мультфильмдер шығару ісінде жекеменшік компанияларды қаржылай қолдау тетіктерін қарастыру. Жергілікті әкімшіліктер тарапынан кітапханаларды «Балалар әдебиеті» бағдарламасын жасап, шыққан жаңа кітаптармен толықтырса дейміз. Жасөспірімдердің  кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін электронды оқулықтарды енгізу қажет. Мұндай кітаптар қолдануға өте тиімді, барынша ыңғайлы, қазіргі заман талабына сай болғаны жөн. Сондықтан, Үкімет қазақ балалар әдебиетін дамытудың кешенді бағдарламасын жасап, аталған шараларды қолға алуы қажет деп есептейміз» дейді Нұртөре Жүсіп.