Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек қазақстандықтарды мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтай келе, партияішілік таңдау – праймеризге қатысуға шақырды. Бұл туралы ол Facebook-тегі парақшасында жазды.
"Құрметті достар! Баршаңызды еліміздің Тәуелсіздігін, сан ғасырлық тарихы мен егемендігін бейнелейтін Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтаймын. ⠀ «Nur Otan» партиясының Лидері Нұрсұлтан Назарбаев биылғы 17 тамыздан 3 қазанға дейінгі аралықта партияішілік таңдау – праймериз өткізу туралы Қаулыға қол қойды. Бұл – Елбасы жариялаған «Nur Otan» партиясын «қайта жандандырудың» маңызды бөлігі болып табылатын партияішілік демократияның заманауи тетіктерінің бірі. ⠀ Праймериздің негізгі мақсаты – алдағы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауларына партиялық тізімдерді қалыптастыру үшін бәсекелес күрес негізінде жаңа көшбасшыларды айқындау. ⠀ Өздеріңіз білетіндей, біз былтыр «Nur Otan»-ның кадрлық резервіне пилоттық режимде іріктеу өткізген болатынбыз. Жоба әлеуметтік-экономикалық дамуы, тұрғындарының саны және әлеуметтік топтары бойынша әркелкі 14 қала мен ауданда өткізілді. 10 мың партиялықтан тұратын кадрлық резерв жасақталды. Біздің қатарымызға 20 мың адам қосылды. ⠀ Халықаралық озық тәжірибелерді жан-жақты қарастырып, партия ішінде қызу талқыдан өткізгеннен кейін партия Саяси кеңесі мүшелерінің дауыс беруімен Праймериз өткізу ережесі қабылданды. Ол ертең біздің ресми сайтымызда жарияланатын болады. ⠀ Алдағы праймеризде қазіргі трендтер ескеріле отырып, дәстүрлі дауыс берумен қатар онлайн-дауыс беруді де өткізу жоспарланып жатыр. ⠀ Таяу уақытта партияішілік іріктеуге қатысуға ниеттенгендерді оқытуды бастаймыз. Саяси менеджмент мектебі коммуникация, сайлаушылармен жұмыс жүргізу, көпшілік алдында сөз сөйлеу дағдылары және басқа да тақырыптар бойынша онлайн-семинарлар ұйымдастырады. ⠀ Партиямыздың Лидері Нұрсұлтан Назарбаев атап көрсеткендей, «партиялық тізімдерге халықтың әртүрлі бөлігінің өкілдері, беделді, азаматтардың сеніміне ие болған отандастарымыз кіруі тиіс». ⠀ Әлеуметтік партиялық лифтті қамтамасыз ету –партиямыз үшін басты міндеттердің бірі. Сондықтан партия мүшелерімен қатар қоғам өміріне бей-жай қарамайтын, дарынды да креативті барша қазақстандықты алдағы праймеризге белсенді қатысуға шақырамыз, - деп жазды ол.