Жаңалық ашқандар Будапештте бақ сынайды
Жаңалық ашқандар Будапештте бақ сынайды
417
оқылды

Павлодарда World Robot Olympiad аясында өткен робототехника бойынша Ұлттық чемпионат мәресіне жетті. Жарысты Назарбаев зияткерлік мектептері 2014 жылдан бері өткізіп келеді.

Екі күннің ішінде еліміздің үздік 240 жас робототехниктері өзара бақ сынасты. Роботтардың дәстүрлі футболынан басқа, негізгі және шығармашылық категориялар биыл 2019 жылдың басты тақырыбы – ақылды қалаларға арналған арнайы Jasampaz санаты құрылды. Осыған орай оқушылар көптеген жобаларын қала өміріне смарт-технологияларды енгізу тақырыбына  арнады. Қала құрылысындағы жаңашыл шешімдер, ақылды автотұрақтар мен дәріханалардың жобалары, сондай-ақ экология, жол қауіпсіздігі және басқа да өзекті мәселелерге бағытталған идеялар қазылар алқасына ұсынылды. Үш жас санаты бойынша еліміздің ең үздік роботототехника білгірлері анықталды.

Биыл ұлттық чемпионатқа бірқатар жаңалықтар енгізілді – бұл, бірінші кезекте, іс-шараның облыс орталығында өткізуі, бұған дейін жарыс тек еліміздің астанасында ұйымдастырылатын еді.

– Алғаш рет чемпионат өңірде өтіп отыр және Павлодар қаласында болғаны біз үшін өте маңызды. Бүгін сіздер  ақылды, бәсекеге қабілеттісіздер, ертең – тұрақты Қазақстанның негізін қалайсыздар! Сіздер баршаңыз қазірдің өзінде жеңімпазсыздар! – деді олимпиада қатысушыларына өзінің құттықтау сөзінде Павлодар қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев.

Сондай-ақ, алғаш рет сайтта тікелей онлайн-трансляция ұйымдастырылды, осы жерде әрбір адам олимпиада жұмысын көруге мүмкіндік алды. Осы жылы WRO кубогы тағайындалып, енді чемпионаттың қорытындысы бойынша үздік команда абсолютті чемпионның арнайы кубогын иеленеді. Оның бірінші иегері болу құрметіне Орал қаласындағы Зияткерлік мектебінен құралған Батыс Қазақстан облысының командасына бұйырды. Дәл осы мектеп НЗМ желісінде ең алғаш болып оқушыларға арналған робототехника курстарын енгізген болатын, бүгінгі күні ол Қазақстан мен әлем бойынша WRO-да тұрақты жетекші орынға ие. Бұл олимпиадада команданың 10 өкілі үздіктер қатарынан танылды, ал негізгі орта категорияда барлық жүлделі орындарды олар иеленген еді. 2020 жылы болатын кезекті чемпионат Орал қаласында өткізіледі деп шешім қабылданды.

WRO-ның басқа да жұлдыздары тұрақты жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Өткен жылы Тайландта өткен дүниежүзілік робототехникалық олимпиадада әлемдік топ 10-дыққа енген Көкшетаудан келген Софья Кокорина негізгі кіші санатта өткен жарыста алтын медальді қанжығалады. Шығармашылық категорияда талдықорғандық Даниил Филимонов ақылды білім беру идеясын ілгерілететін Робот-ұстазымен тағы да жеңіс тұғырынан көрінді. Даниилдың жаттықтырушысы – Николай Авдюнин Зияткерлік мектептер желісіндегі робототехниканың ең танымал мұғалімі болып саналады. Оның оқушылары Сочидегі WRO, Нью-Дели және Сан-Хосе халықаралық кезеңінде үздік деп танылды. Алматы облысы Алакөл ауданы Жыланды ауылының RoboReBoot командасы ауыл мектептерін қолдау үшін арнайы марапатына ие болды. Creativity Award аталымы бойынша жүлде Павлодардың НЗМ, Girl power Семей НЗМ, ал Engineering Simplicity Honors Award Талдықорған НЗМ өкілдеріне бұйырды. Ең жас қатысушы Жаңаөзен қаласынан 6 және 7 жасар Еркін Орынбасар және Абдурахман Сұлтанбек болды. Олар ақылды көлік тұрағы жобасын ұсынды.

Қазақстандық кезеңнің жеңімпаздары мен жүлдегерлері WRO әлемдік чемпионатына іріктеуге қатысады. Дүниежүзілік олимпиада биылғы жылы 14-16 қарашада Венгрияның астанасы – Будапешт қаласында өтеді.