Ақ түтек боранның кесірінен Нұр-Сұлтан қаласында көліктер қар құрсауында қалды. Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне қарағанда, кеше 17:15-ке дейін қала ішінен 63 адам қар құрсауынан құтқарылды. Департамент таратқан деректерге қарағанда, күні бойы сала мамандары қарға батқан 36 жеңіл көлікті қардан аршып алыпты. Сөйтіп, қала көшелерін қардан тазалау ісі әлі жалғасып жатыр. Қар тазалауға 1 700 жұмысшы мен 1 127 техника жұмылдырылған. Ал қар төгуге арналған алты полигонның екеуі қазірдің өзінде толып қалды. Нұр-Сұлтан қалалық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Бауыржан Сыздықов қала әкімі Алтай Көлгіновке жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай режимін жариялау туралы ұсыныс енгізді. Мұндай жағдайда Ұлттық ұлан жауынгерлері қала тұрғындарына көмекке келеді. Аманкелді ҚҰРМЕТ