Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» компанияларын жекешелендіру мәселесін айтты
Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» компанияларын жекешелендіру мәселесін айтты
Фото: Интернеттен алынды
199
оқылды
«Әлемдік дағдарыс кезінде энергия ресурстарының бағасы құбылмалы болғандықтан жекешелендіру бойынша бұған дейін қабылданған жоспарларды қайта бейімдеп, түзету қажет. Біз «ҚазАтомПром» акцияларының 25% жекешелендіріп, инвесторлардың сеніміне ие болдық», – деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорын басқару жөніндегі кеңестің отырысында кейбір компанияларды жекешелендіру мәселелеріне ерекше тоқталды.
– «Қазпошта» қызметінің ерекшелігіне байланысты компанияны стратегиялық инвесторға тікелей сатқан тиімді. Мұны да Үкіметпен бірге анықтап, бұл мәселеге байыппен қарау керек. «Самұрық-Энергоны» жекешелендіру мәселесін мемлекетке тиімді болатын жағдайда қарастыру керек. Бұл процесс анық әрі түсінікті болуы тиіс», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ал «Қазақтелекомды» жекешелендіру бойынша Елбасы оның 10 пайызын «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына» сатуды қолдады. Бұл – азаматтарымыздың компания акционері болуға, ал қордың басты акционер ретінде қалуына мүмкіндік береді.
«Ал қалған компаниялар бойынша әлемдегі жағдайды ескеріп, оларды қайта қарап, жекешелендіру бойынша жоспарды, стратегиялық активтерді Қорға қолайлы кезеңге дейін кейінге қалдыру қажет. Осыған байланысты қорға Үкіметпен бірлесіп, жекешелендірудің кешенді жоспарын, «Самұрық-Қазынаны» әртараптандыру бағдарламасын қайта қарауды тапсырамын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.