Елімізде сот жүйесі жетілдіріліп жатыр. Палата басшысы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен өткен отырыста сенаторлар осыны қарастыратын заң жобасын қабылдап, Президенттің қол қоюына жіберді. Сенат Төрағасы «Азаматтық процестік кодекске соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы сот жүйесін жаңғыртуға бағытталғанын атап өтті. – Азаматтық процестік кодекске енгізіліп отырған түзетулер Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленді. Қабылданған өзгерістер мен толықтырулар сот жүйесін одан әрі жаңғыртуға және басыартық сот рәсімдерін қысқартуға септігін тигізеді. Сондай-ақ заманауи электронды сервистерді енгізуге, азаматтардың еліміздегі сот жүйесіне деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан кодекске енгізілген түзетулер сот төрелігінің жеделдігін және тиімділігін қамтамасыз етіп, сот жүйесінің одан әрі дамуына оң әсерін тигізеді деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев. Қабылданған құжат қазіргі жағдайда соттасу форматын, татуласу рәсімдерін дамытады, азаматтық процесті цифрландырады, соттың күрделі емес мәселелерді тараптарды шақырмай-ақ қарауына байланысты процестік әрекеттерді оңтайландырады, артық процестік әрекеттер мен сот актілерін қысқартады. Бұдан бөлек, отырыс барысында сенаторлар Еуразиялық экономикалық одақ пен Қытайдың кедендік шекаралары арқылы өтетін тауарлар, халықаралық тасымал, көлік құралдары жөнінде ақпарат алмасуды қарастыратын келісімді ратификациялады. Құжат ҚХР-дың экспорттық декларациясынан тауарлардың саны, көлемі және құны жөніндегі ақпараттарды онлайн режимде алуға, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен өзара кедендік статистика алшақтығын азайтуға, бюджетке түсетін түсімді ұлғайтуға жол ашады. Сондай-ақ депутаттар «Кейбір заңнамалық актілерге соғыс жағдайы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды бірден екі оқылымда қарап, қабылдады. Бұл заң қазіргі заманғы қауіп-қатерлер жағдайында мемлекеттің қорғанысқа дайындығы заңнамасын одан әрі жетілдіруді көздейді. Құжат Президенттің соғыс жағдайы кезеңіндегі, ол енгізілгенге дейінгі іске асыратын өкілеттіктерін нақтылайды және толықтырады, Қарулы күштердің Сенат «Кейбір заңнамалық актілерге лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірден екі оқылымда қабылдады. Ол лотерея операторы болып саналмайтын тұлғаларға лотерея өткізгені үшін жаза енгізеді. Лотерея операторынан басқаларға лотерея таратуға, өз лотереясын жарнамалауына тыйым салынды.
Ерік ЕРДЕН