Баланың уақыты бос кетпесін
Баланың уақыты  бос кетпесін
181
оқылды

Ұлттық бірыңғай тестілеу күні аяқталды. Әркімнің бағына бұйырған баллы да белгілі болды. Бірі армандаған оқу орнында, қалаған мамандығында оқуға бір қадам жақындай түссе, енді бірі келесі сынаққа күш жинасам ба, жоқ әлде ақылы түрде оқи берсем бе деп әлек. Ерекше атап өтер бір жайт – биылдан бастап білім гранты мамандыққа емес, білім беру бағдарламалары тобына беріледі. Жақсы тұсы сол – жоғары оқу орнына түскен соң, қалаған оқу бағдарламасын таңдай аласыз. Осы ретте ата-аналар мен талапкерлерге мамандық таңдау турасында біршама кеңес айта кеткен де артық болмас.

Алдымен биыл енгізілген өзге­ріс жайлы. Оқу бағдарла­ма­­сының жалпы саны – 97. Жыл бойы тест тапсырып үйрен­ген түлектер үшін ол бағдар­ламалар таңсық бол­мауы тиіс. Мысалы, маусым­дағы негізгі сынақ кезінде «Био­логия» + «Химия» комби­на­­циясындағы пәндерден тест тапсырдыңыз делік. Сәйке­сін­ше, оқу бағдарламаларын да мүмкін болған 16-ның іші­нен таңдайсыз. Бакала­вриат­қа тапсырып жатқан талапкер төрт топтан артық таңдай ал­май­ды. Осылайша, «Биоло­гия» + «Химия» бойынша тапсырсаңыз, назарыңызға «Химия пәні мұғалімін даяр­лау», «Биология және соған бай­ланысты ғылымдар», «Вете­ри­нария» және «Жалпы медицина» шығады.

Сонымен бірге, шығарма­шылық емтиханды талап ете­тін кездер де бар. Ондай жағ­дайда бір оқу бағдарламасын ғана таңдай аласыз. Айталық, «Аудиовизуал құралдар және медиаөндіріс» тобын алсаңыз, бейіндік пән ретінде екі шығар­машылық емтиханнан өтуіңіз керек. Бұл жерге сәй­кес келетін оқу бағдарлама­лары­ның ішінде «Оператор­лық шеберлік», «Баспа ісі», «Полиграфия» бар. ҰБТ өтіп, шектік балл жинаған соң, әлбетте, грантқа үміткер боласыз. Биыл өтініштер шілденің 13-20 аралығында қабылданады. Құжат толтыру барысында ЖОО және төрт оқу бағдарламасын көрсетесіз. Жоғарыда айтқанымыздай, грант оқу бағдарламалары тобына бөлінеді. Ал бағдар­ла­маның өзін оқу ордасына түскен соң таңдауға мүмкіндік бар. Айталық, «Химия пәні мұғалімдерін даярлау» тобын таң­даған жағдайда, оқу ор­нын­дағы білім беру бағдар­ла­масына қарайсыз. Ол жерде «Химия» және «Химия-Био­логия» деген оқу бағдар­ла­­масы болуы мүмкін. Осы­лай­ша, көңіліңіз қалаға­ны­на түсе аласыз. 10-20 тамыз аралы­ғында оқу орнына қабылдау кезеңі жүреді. Яғни, сол ЖОО-ға алыну туралы бұйрық нақты оқу бағдарламасы бойынша шығарылады.

Статистикаға сүйенсек, он баланың сегізі өзі қалаған мамандықта оқымайды екен. Сабаққа барып, емтихан тап­сырып, диплом алғанымен, одан кейін өмірін қалай жалғарын білмей дал болатын жағдай жиі кездеседі. Тіпті көбіне мүлдем басқа салаға ауысады. Маркетинг саласын­да істейтін физикті кездестір­сеңіз, таңғалмайсыз. Осы ретте көкейде мынадай сауал туады: ақыры басқа салада жұмыс істесе, 4 жыл уақытын бекер өткізудің қажеті қанша? Бұл жайлы жиі жазылады. Ата-аналарға кеңес көп айты­лады. Балаға таңдау еркін беру керек, қинамаңыздар дейміз. Десе де, санада әлі сілкініс болмай жатыр.

HR-маман Наталья Кири­лина бес кеңес айтады. Соған құлақ түрген дұрыс болар. Біріншісі – өз таңдауыңды тықпаламау. Ата-аналардың көпшілігі баласына бағыт беріп, бәрін аузына дайын қы­лып салып бергісі келеді. Өйт­кені өмір көрген тәжіри­бе­сіне сүйенеді. Қазақы қо­ғам­­да жиі кездесетін жағдай – дипломы бар маман, ата-анасының айтуынша оқып бітірген, бойындағы барлық қызы­ғушылығы сөнген. Мамандық бойынша жұмыс істеп, ақыры ол саланы жек көріп кетуі мүмкін. Әу баста басқа саланы армандағанымен, әке-шешесі «сен қалайда мұға­лім болуың керек» деп та­банды түрде айтқанын жасат­қан. Мұның салдары – бала психологиялық қысымға ұшырап, түгесіледі. Екінші кеңес – осыдан 10-15 жыл бұрын сәнде болған маман­дық­қа қызықпау. Әсіресе, бізде заңгер, қаржы­гер сынды мамандықта оқу – абырой. Баласы қаламаса да, жұртқа айтар мақтан үшін оқытады.

Бүгінде беделді әрі сұра­нысқа ие мамандықтар өзгер­ді. Тағы бір айта кететіні – жүрек қалауын жасаған адам қашанда табысты. Әйтеуір грантқа түссе болды деу де – қате. Болмаса, қыруар қаржы жұмсап мықты оқу ордасына түсіретіндер де көп. Олардың жылдық оқу ақысы, әлбетте, өте жоғары. Бұл жерде бала­ңыз­дың қалауына құлақ асу маңызды. Сондықтан талап­кер­ге таңдау құқын бірінші болып ата-ана бергені жөн. Қолдау сезінген балада қанат бітеді. Әрине, 17 жасар жеткін­шек оң-солын дұрыс танымай, қателесуі мүмкін. Бірақ қырық­тан асқандар да бәрін дұрыс жасайды деген түсінік жоқ. Ең дұрысы – түсіну, қолдау, таңдауын сыйлау.

Бізде әлі толық қалыптаса қоймаған бір үрдіс бар. Ол – карьералық кеңесшіге жүгіну. Бұл мамандар нарықтағы сұранысты жақсы біледі. Солармен бірауыз сөйлескен артық болмайды. Баланың неге қызығатынын айтып, қай салаға бағыттауға болатынын талқылаған жөн. Әлемде мамандық көп. Кейбірі жайлы тіпті естімеген болуыңыз да мүмкін. Қазір академиялық білімнен гөрі нарыққа бейім­деле білгеннен бәсі жоғары. Мүмкіндік болса, басын тауға да, тасқа да ұрсын. Осы арқы­лы өмір сүруге бейім­деледі. Ойға алғаны сізге ақымақтық болып көрінуі де мүмкін. Әрине, академиялық білім маңызды емес деуден аулақ­пыз. Оқу орнын таңдағанда уақыты бос өтпейтін, кәдеге жарайтын болғанына мән беру қажет.

 

Айша ЕРСҰЛТАН