Қауқарсыз құтқарушы – апаттың досы
Қауқарсыз құтқарушы – апаттың досы
Былтыр күзде Қытайдың «Өжеттер» (Lie huo ying xiong) көркем фильмі әлемдік про­катқа жол тартты. Туынды Биньхай порты аума­ғын­да орналасқан мұ­най құ­бырындағы, тіпті теңіз­дің өзін қайнатқан алапат жа­ры­лыспен күрескен Гонконг өрт сөндірушілері мен құт­қарушыларының жанқиярлық ерлігін суреттейді. Бетін ары қылсын, мұндай сценарий Қазақстанда қайталанса, оған қарсы тұрар күш таппайды екенбіз. Шындығы осы! Салаға жауапты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бұған бюрократияны айыптайды. Жасыратыны жоқ, кейінгі жылдары ел Үкіметі жа­һандық рейтингтерде өрлеу ісіне тым елігіп кетті. Ал ар жағында алпауыттар тұрған рейтинг құру­шы ұйымдар өзге елдерге негізсіз талаптарын да таңады. Мәселен, Қазақстан 2018 жылы кәсіби апаттық-құтқару қызметтерін аттестаттау рәсімін алып тастады. Кейін қабылданған «Азаматтық қорғау туралы» заңында өнер­кә­сіптік қауіпсіздік саласына жауапты ұйымдардың қызметін реттеу мәселелері кірмей қалды. Салдарынан бүгінде елімізде тау-кен металлургиясы, мұнай-газ кешені, экономиканың басқа салаларының барлық ірі кәсіпорындары кіретін қауіпті өндірістік нысандарда бақылау-аттестаттаудан өтпеген апаттық-құтқару қызметтері жұмыс істеп жатыр. Оны аз десеңіз, қазіргі кезде қауіпті өндірістік нысандарда тау-кен құтқару, газ апатынан құт­қару, мұнай бұрқағына қар­сы жұмыстарды жүргізу сияқты өнеркәсіптік қауіпсіздік сала­сын­дағы қызметтер заңмен реттел­мейді. Оларға қойылатын талап­тарды меморган белгілей алмайды. Нәтижесінде, сала қасқырға қой бақтырғандай күйде. Заңның ол­қылығын пайдаланып, осы сек­торға дендей енген алаяқ компа­ниялар мол қаржы табады, бірақ елдің басын қатерге тігеді.  

Бақылаусыз нарық – халықтың зары

Министрліктің мәліметінше, апаттық-құтқару қызметтері (АҚҚ) нарығын мемлекет бақыламайды. Тиісінше, олардың қаншалықты жабдықталғанына қатысты ста­тистика жоқ. Бұл ақпаратты құ­зырлы орган тек апат болғаннан кейін тексеру барысында ғана біледі екен. Мысалы, 2018 жылдың 21 шіл­десінде Altyntau Kokshetau АҚ карьерінде кен қазушы алып техника үстіне жартас құлады. Оның жүргізушісін үйінді астынан шұғыл алып шығу қажет еді. Бірақ кәсіпорынмен келісімге отырған «Өрт Сөндіруші» компаниясы құтқару жұмыстарын жүргізуге да­йын болмай шықты. Себебі оның осыған қажетті жабдықтары жоқ екені әшкереленді. Ол карьерде алдын алу шараларын қабыл­дамаған. Ықтимал апатты жоюға өз дайындығын бағамдау үшін оқу жаттығуларын өткізбеген. Бұл Алтынтау карьерінде 25 жастағы қыршын жастың өліміне әкеліп соқты. Апаттан Altyntau Kokshetau АҚ-ына 97,8 миллион теңге эко­номикалық залал келді. Еліміздегі ірі «қара алтын» өндіруші «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ «ҚазМұнайГаздың» еншілес кәсіпорны «Семсер өрт сөндіруші» ЖШС-ның қызметін жалдап, шарт жасасады. Дегенмен ол 2019 жылдың наурыз айында Маң­ғыстау облысындағы «Қалам­қас» кен орнында болған апат ке­зінде еш қауқар таныта алмаған. Ар­найы комиссия «Си Бу» инже­нерлік бұрғылау компаниясы өнер­кәсіп қауіпсіздігі талаптарын бұзғанын анықтады және жауап­кершілікті соған жүктеді. Мә­селен, ол цементтің қатуын күтпей, мер­зімінен бұрын мұнай-газ ұңғысын бекітуге кіріскен. Салдарынан 13 нау­рызда Қаламқас кен орнында газды-сулы қойыртпақ қоршаған ортаға төгілген. Ұңғы сағасын гер­метизациялау талаптары нәтиже бермеді. Кейін улы қоспаның жайылуының 13 ошағы табылды. 25 наурызда олар өртене бастады. Гүрілдеген алапат өртті сөндіруге мемлекет 3 тәулік жұмсады. Оны жоюға өрт сөндірушілердің 80 адамнан тұратын жеке құрамы және 25 техника жұмылдырылды. Тексеру нәтижесінде «Сем­сер өрт сөндірушісі» ЖШС лицен­зиясы уақытша тоқтатылды. Оның біліксіздігі кесірінен «Маң­ғыстаумұнайгаз» АҚ мен «Си Бу» ЖШС 143,7 миллион тең­ге эко­номикалық шығын шекті. Аса зиянды қоспа Каспий теңізінің қорғаныс бөгетіне небәрі бірер шақырым ғана жетпей қал­ды. Әйтпесе, ол іргелес бес елді қам­титын халықаралық техногендік зор апатқа соқтыруы мүмкін еді.  

Апат артып барады

Қазақстанда 221 мыңнан астам қауіпті өндірістік нысаны бар 9 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Оларда апат саны жыл сайын тек артып келеді. 2017 жылы өндірісте 16-дан астам оқыс оқиға тіркелді, 2 адам зардап шегіп, біреуі жантәсілім етті. 2018 жылы өндірістегі 18-ден аса апаттан 15 адам зардап шекті, 4 адам дүние салды. 2019 жылы осы қауіпті өндірістік объектілерде ірі 28 оқыс оқиға болды. Онда 24 адам зардап шекті: 11 адам қаза тапты, 7 адам мертікті, тағы 6 адам жеңіл жарақат алды. 2020 жылдың 3 айында 6 апат тіркеліп, 4 адам зардап шекті, 1 адам қаза болды.    width= Салалар бойынша талдасақ, оқыс оқиғалар көмір, тау-кен, металлургия, мұнай-химия, мұнай-газ өндіру, жарылыс жұмыстарын жүргізетін нысандарда, қазандық және газ шаруашылықтарында, лифт-көтергіште, құрылыстарда болған. Индустрия ведомствосы 2019 жылы өндіріс ошақтарында 1 447 тексеру жүргізіп, 50 193 заң бұзу­шылықты әшкереледі. 1 422 заңды және 463 жеке тұлғаға 168 млн теңгеге 1 885 айыппұл салын­ды. Тексеру актілеріне сәйкес, жа­затайым оқиғаларға негізінен ескірген, моральдық және фи­зи­калық тұрғыдан тозған, қыз­меттің нормативтік мерзімін өте­ген жаб­дықтарды пайдалану себеп­кер. Осы мәселені шешу үшін ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік коми­теті кәсіпорындармен бірлесіп, жыл сайын техникалық қайта жа­рақ­тандырудың жиынтық жоспа­рын әзірледі. Оның аясында 1 424 тех­ни­калық құрылғы мен 66 техноло­гия­лық желі ауыстырылды. Мамандардың мәліметінше, апаттарға өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары мен ережелерін бұзу, өндірістік бақылаудың нашар болуы немесе мүлдем жүргізілмеуі, қызметкерлердің біліктілігінің төмендігі ықпал етіпті. Осыған байланысты министрлік «Кейбір заңнамалық актілерге өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасын жазып, Парламентке енгізді. Өткен аптада Мәжіліс оны бірінші оқылымда мақұлдады. Енді екінші оқылымда қарау үшін талқылау жүруде.  

Депутаттардың батылы жетті

Бұл құжат Үкіметтің рейтинг құмарлығы кесірінен туындаған заңнамалық олқылықты жоюға бағытталған. Қарапайым тілмен айтқанда, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы кәсіби, жекеменшік апаттық-құтқару қызметтерін (АҚҚ) аттестаттауды қайта қал­пына келтіреді. Мемлекеттік қада­ғалау күшейтіледі. Өйткені кәсіби құтқару қызметін ұсынатын, сол үшін ірі компаниялардан қо­мақ­ты ақша алатын АҚҚ-тар бірін­шіден, оқыс оқиғаларға дайын емесі, екін­шіден, құтқарушы маман­дарының біліксіз екені белгілі бол­ды. Үшіншіден, штаттық саны толық болмай шықты. Төртін­шіден, автокөлік, техника, құрал-жабдық бойынша нормаға сай жабдықталмаған. Мысалы, салада осындай 40-тан аса компания табылыпты. Аттестаттау қайта ен­гізілсе, бұлардың көбі лицензиядан және миллиондаған заңсыз табы­сынан айырылады. – Көп кәсіпорындар елімізде 70-90-жылдары салынған. Құрал-жабдықтары әбден тозған. Қауіп­ті жабдықтар мен құ­рал­дар саны жылдан-жылға көбеюде. Оның бәрін ауыстыру керек, – дейді Ин­дустрия және инфрақұры­лым­дық даму министрі Бейбіт Атамқұлов. Министрдің айтуынша, кей­бір инвестор көзбояу үшін қағаз жүзіндегі, яғни қолында құ­жат­тан басқа ештеңесі жоқ құт­қару қызметімен шарттасады. «Құрал­дары дұрыс болмаса, оның жұмы­сын тоқтата аламыз. Заң қабыл­дан­­ғаннан кейін оның бәрін рет­тейміз», – дейді Б.Атамқұлов. Депутаттардың айтуынша, салада мемлекеттік аттестаттауды жойғызу бастамасын осыдан үш жыл бұрын сол кездегі Ұлттық эко­номика министрі ұсыныпты. Салаға жауапты индустрия ми­нистрі Бейбіт Атамқұлов оны сол қал­пында қалдырмақ бол­ды. Тиісінше, аталған заң жобасы­ның үкіметтік нұсқасында аттес­таттауды қайтару туралы бір сөз айтылмады. Құжаттың өз иелі­гіне өткенін пайдаланып, оны де­путат­тар енгізіп отыр. Ендеше, осы заң­намалық норма арқасында қауіпті өндірістердегі қазақстандықтарға қатер төндіретін жағдайлар жойы­лып, құтқару ісі жақсарады деген үміт бар.  

Айхан ШӘРІП