Былтыр күзде Қытайдың «Өжеттер» (Lie huo ying xiong) көркем фильмі әлемдік прокатқа жол тартты. Туынды Биньхай порты аумағында орналасқан мұнай құбырындағы, тіпті теңіздің өзін қайнатқан алапат жарылыспен күрескен Гонконг өрт сөндірушілері мен құтқарушыларының жанқиярлық ерлігін суреттейді. Бетін ары қылсын, мұндай сценарий Қазақстанда қайталанса, оған қарсы тұрар күш таппайды екенбіз. Шындығы осы! Салаға жауапты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бұған бюрократияны айыптайды. Жасыратыны жоқ, кейінгі жылдары ел Үкіметі жаһандық рейтингтерде өрлеу ісіне тым елігіп кетті. Ал ар жағында алпауыттар тұрған рейтинг құрушы ұйымдар өзге елдерге негізсіз талаптарын да таңады. Мәселен, Қазақстан 2018 жылы кәсіби апаттық-құтқару қызметтерін аттестаттау рәсімін алып тастады. Кейін қабылданған «Азаматтық қорғау туралы» заңында өнеркәсіптік қауіпсіздік саласына жауапты ұйымдардың қызметін реттеу мәселелері кірмей қалды. Салдарынан бүгінде елімізде тау-кен металлургиясы, мұнай-газ кешені, экономиканың басқа салаларының барлық ірі кәсіпорындары кіретін қауіпті өндірістік нысандарда бақылау-аттестаттаудан өтпеген апаттық-құтқару қызметтері жұмыс істеп жатыр. Оны аз десеңіз, қазіргі кезде қауіпті өндірістік нысандарда тау-кен құтқару, газ апатынан құтқару, мұнай бұрқағына қарсы жұмыстарды жүргізу сияқты өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы қызметтер заңмен реттелмейді. Оларға қойылатын талаптарды меморган белгілей алмайды. Нәтижесінде, сала қасқырға қой бақтырғандай күйде. Заңның олқылығын пайдаланып, осы секторға дендей енген алаяқ компаниялар мол қаржы табады, бірақ елдің басын қатерге тігеді.
Бақылаусыз нарық – халықтың зары
Министрліктің мәліметінше, апаттық-құтқару қызметтері (АҚҚ) нарығын мемлекет бақыламайды. Тиісінше, олардың қаншалықты жабдықталғанына қатысты статистика жоқ. Бұл ақпаратты құзырлы орган тек апат болғаннан кейін тексеру барысында ғана біледі екен. Мысалы, 2018 жылдың 21 шілдесінде Altyntau Kokshetau АҚ карьерінде кен қазушы алып техника үстіне жартас құлады. Оның жүргізушісін үйінді астынан шұғыл алып шығу қажет еді. Бірақ кәсіпорынмен келісімге отырған «Өрт Сөндіруші» компаниясы құтқару жұмыстарын жүргізуге дайын болмай шықты. Себебі оның осыған қажетті жабдықтары жоқ екені әшкереленді. Ол карьерде алдын алу шараларын қабылдамаған. Ықтимал апатты жоюға өз дайындығын бағамдау үшін оқу жаттығуларын өткізбеген. Бұл Алтынтау карьерінде 25 жастағы қыршын жастың өліміне әкеліп соқты. Апаттан Altyntau Kokshetau АҚ-ына 97,8 миллион теңге экономикалық залал келді. Еліміздегі ірі «қара алтын» өндіруші «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ «ҚазМұнайГаздың» еншілес кәсіпорны «Семсер өрт сөндіруші» ЖШС-ның қызметін жалдап, шарт жасасады. Дегенмен ол 2019 жылдың наурыз айында Маңғыстау облысындағы «Қаламқас» кен орнында болған апат кезінде еш қауқар таныта алмаған. Арнайы комиссия «Си Бу» инженерлік бұрғылау компаниясы өнеркәсіп қауіпсіздігі талаптарын бұзғанын анықтады және жауапкершілікті соған жүктеді. Мәселен, ол цементтің қатуын күтпей, мерзімінен бұрын мұнай-газ ұңғысын бекітуге кіріскен. Салдарынан 13 наурызда Қаламқас кен орнында газды-сулы қойыртпақ қоршаған ортаға төгілген. Ұңғы сағасын герметизациялау талаптары нәтиже бермеді. Кейін улы қоспаның жайылуының 13 ошағы табылды. 25 наурызда олар өртене бастады. Гүрілдеген алапат өртті сөндіруге мемлекет 3 тәулік жұмсады. Оны жоюға өрт сөндірушілердің 80 адамнан тұратын жеке құрамы және 25 техника жұмылдырылды. Тексеру нәтижесінде «Семсер өрт сөндірушісі» ЖШС лицензиясы уақытша тоқтатылды. Оның біліксіздігі кесірінен «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ мен «Си Бу» ЖШС 143,7 миллион теңге экономикалық шығын шекті. Аса зиянды қоспа Каспий теңізінің қорғаныс бөгетіне небәрі бірер шақырым ғана жетпей қалды. Әйтпесе, ол іргелес бес елді қамтитын халықаралық техногендік зор апатқа соқтыруы мүмкін еді.Апат артып барады
Қазақстанда 221 мыңнан астам қауіпті өндірістік нысаны бар 9 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Оларда апат саны жыл сайын тек артып келеді. 2017 жылы өндірісте 16-дан астам оқыс оқиға тіркелді, 2 адам зардап шегіп, біреуі жантәсілім етті. 2018 жылы өндірістегі 18-ден аса апаттан 15 адам зардап шекті, 4 адам дүние салды. 2019 жылы осы қауіпті өндірістік объектілерде ірі 28 оқыс оқиға болды. Онда 24 адам зардап шекті: 11 адам қаза тапты, 7 адам мертікті, тағы 6 адам жеңіл жарақат алды. 2020 жылдың 3 айында 6 апат тіркеліп, 4 адам зардап шекті, 1 адам қаза болды.Депутаттардың батылы жетті
Бұл құжат Үкіметтің рейтинг құмарлығы кесірінен туындаған заңнамалық олқылықты жоюға бағытталған. Қарапайым тілмен айтқанда, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы кәсіби, жекеменшік апаттық-құтқару қызметтерін (АҚҚ) аттестаттауды қайта қалпына келтіреді. Мемлекеттік қадағалау күшейтіледі. Өйткені кәсіби құтқару қызметін ұсынатын, сол үшін ірі компаниялардан қомақты ақша алатын АҚҚ-тар біріншіден, оқыс оқиғаларға дайын емесі, екіншіден, құтқарушы мамандарының біліксіз екені белгілі болды. Үшіншіден, штаттық саны толық болмай шықты. Төртіншіден, автокөлік, техника, құрал-жабдық бойынша нормаға сай жабдықталмаған. Мысалы, салада осындай 40-тан аса компания табылыпты. Аттестаттау қайта енгізілсе, бұлардың көбі лицензиядан және миллиондаған заңсыз табысынан айырылады. – Көп кәсіпорындар елімізде 70-90-жылдары салынған. Құрал-жабдықтары әбден тозған. Қауіпті жабдықтар мен құралдар саны жылдан-жылға көбеюде. Оның бәрін ауыстыру керек, – дейді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов. Министрдің айтуынша, кейбір инвестор көзбояу үшін қағаз жүзіндегі, яғни қолында құжаттан басқа ештеңесі жоқ құтқару қызметімен шарттасады. «Құралдары дұрыс болмаса, оның жұмысын тоқтата аламыз. Заң қабылданғаннан кейін оның бәрін реттейміз», – дейді Б.Атамқұлов. Депутаттардың айтуынша, салада мемлекеттік аттестаттауды жойғызу бастамасын осыдан үш жыл бұрын сол кездегі Ұлттық экономика министрі ұсыныпты. Салаға жауапты индустрия министрі Бейбіт Атамқұлов оны сол қалпында қалдырмақ болды. Тиісінше, аталған заң жобасының үкіметтік нұсқасында аттестаттауды қайтару туралы бір сөз айтылмады. Құжаттың өз иелігіне өткенін пайдаланып, оны депутаттар енгізіп отыр. Ендеше, осы заңнамалық норма арқасында қауіпті өндірістердегі қазақстандықтарға қатер төндіретін жағдайлар жойылып, құтқару ісі жақсарады деген үміт бар.Айхан ШӘРІП