Егемендігімізді алғалы отыз жылға жуықтаса да, әлі де еркін көсіле алмай, санамызды өткен ғасырдың 70 жылы улаған сұрқия саясатынан арыла алмай жүргеніміз жанымызды жаралайды. Бүгінгі әңгіме еліміздің Шығысындағы идеологиялық тұрғыдан әбден ескірген күн көсемдердің ескерткіштері мен олардың атындағы және кеңестік идеологияның шекпенін қымтап жамылған ауылдарға, көшелерге қатысты болмақ. Бірден басын ашып алайық, бұл Шығыс Қазақстанның барлық ауданы орыстанып тұр дегенді білдірмейді. Еліміз тәуелсіздігін алған бетте-ақ, өңірдің Зайсан, Тарбағатай, Күршім, Аягөз, Үржар, Жарма, Көкпекті секілді қазақы аудандары ешкімнен бұйрық күтпей-ақ өздері бастама көтеріп, барлық ауылдарын жүз пайыз қазақшаландырып алды. Кеңестік мазмұндағы көше атауларын да бір кісідей жұмылып, сыпырып тастады. Бұрынғы Семей облысының аудандары да еңсесін бірден тіктеп қазақыланды. Алайда осы аудандардың ерлігін өзгелер жалғастырып әкете алмады. Мәселен, Өскеменнің маңындағы Ұлан, Алтай, Шемонаиха, Бородулиха, Глубокое аудандары орысша атауларға әлі сыңсып тұр. Ул. Советская, Колхозная, Ленина, Мира, Кировская, Октябрьская, Комсомольская деп кете береді. Құдды бір ит тұмсығы батпайтын орман дерсің. Ол аздай Паровозная, Тракторная, Параллельная, Дорожная дегендерді қайтерсің. Тіпті, осыларға ақыл айтып, жол көрсетер бас шаһар Өскеменнің өзі қанатын еркін жазып, құлаштап самғай алмай келеді. Мақаланы оқығандар құр сөз екен ғой демесін, енді нақты мысалдарды алға тартайық.
Кировтың орнын Қасым батыр қашан басады?
Мәселен, Өскеменнің қақ ортасындағы Жастар саябағының орталығында алыстан менмұндалап, қолын алға қарай сермеген Сергей Кировтың ескерткіші тұр. Орнынан түсетін ойы да жоқ. Ал саябақтың сыртында, дәлірек айтсақ босағасында, жанар-жағармай бекетінің қасында нағыз батыр, даңқты партизан Қасым Қайсеновтің кеуде мүсіні жабырқап, жанарымен жер шұқып тұр. Әйтеуір, өзінің атындағы көшесінің басында тұр ғой деп өзіңді жұбатып қоясың. Бұрын аталған парк те, паркке іргелес орталықта жатқан көше де осы қызыл коммунистің атында болатын. Кейін саябақ жастарға, ал көшеге былтыр ғана Антон Чеховтың аты берілді. Енді ойлап көріңіздер, төрт жыл бойы жаумен түн қатып, ажалға неше мәрте бетпе-бет келіп соғысқан Қасым артық па, әлде бүкіл ғұмырында Өскеменде небәрі екі сағат қана болған Киров артық па? Сондай-ақ Өскемендегі ең ұзын даңғыл – Назарбаев даңғылының бойында Яков Ушановтың ескерткіші тұрған алаң бар. Кеңес үкіметін құрам деп жүріп, тірідей кеменің қазандығында отқа жанып кеткені болмаса, қазақ үшін атқарған қызметі шамалы. Биыл ерте көктемде қала басшылығы алаңды кішірейтіп, шыршаларды өзге жерге көшіріп, даңғылды кеңейту жұмыстарын жүргізгенде «Ушановты құлатқалы жатыр, барлық жердегі орыстар бірігіңдер» деп әлеуметтік желіде жандары шығып кете жаздады. Ушановтың атында қала іргесінде үлкен ауыл барын еске алсаң, қарадай ұйқың қашады. Ол аздай бұдан біраз жыл бұрын Бердібек Сапарбаев облыста әкім болып тұрған тұста солар Өскеменге, Ертіс пен Үлбінің қиылысына бірінші Петр патшаның ескерткішін қоймақ болып, Ресейден ескерткішін тегін жасатып, сол жақтан рұқсат алып, үй ішінен үй тікпек болғанын да қалай ұмытайық. Сол кезде олар қай елде тұрып жатқандарын шынымен-ақ ұмытқан еді. Шығыстағы қазақ зиялылары мен облыс басшылығы дер кезінде тосқауыл қоймағанда, шынымен бүкіл елге ұятты болар едік сонда. Сол кезде ғой, олардың «бізді Өскеменде қысып жатыр, күн көрсетпей жатыр» деп біздің Президентпен қатар Ресей Президенті Дмитрий Медведевке де бәрі жиналып хат жазатындары.Алтайдағы Ленинге ешбір әкімнің шамасы жетпей келеді
Енді мақаламыздың атауына арқау болған күн көсемдерді айтайық. Өскеменнен 180 шақырым жерде Алтай ауданы, Алтай қаласы орналасқан. Баспасөзде көп жазылғандай, бұл бұрын Зырян ауданы, Зырян қаласы болған. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің, қоғам өкілдерінің көп күш салуымен Алтай болды. Бірақ та ауылдары мен қалалары Алтай бола алмады. Сол күйінде қалды. Мысалы, аудан орталығы Алтай қаласының қақ төріндегі алаңда, «Казцинк» компаниясы ғимаратының алдында қасқайып Ленин «атамыздың» еңселі ескерткіші әлі тұр қолын сермеп. Ал сол Лениннің қаладағы ең ұзын әрі орталықтағы Советская көшесінің бойында тұрғанын ойласаң, қарадай қаның қайнап, ашуың басыңа тебеді. Алтай ауданындағы Первороссийское ауылы да қоғам мен жұртшылықты көп жыл шулатып барып, әрең дегенде Полянское болып таяуда ғана өзгерді. Советская, Ленина, Колхозная көшелері ауданның әрбір екінші ауылында бар деуге болады. Айтпақшы, аудандағы екінші үлкен қала да Серебрянка деп аталатынын біле жүріңіздер. Енді Алтай қаласындағы Ленинмен күресу кезегі Алтай ауданына биыл сәуірде ғана әкім болып барған бұрынғы Глубокое ауданының әкімі Қалихан Байғонысовқа келді. Мемқызметте өмірлік тәжірибесі мол, Катонқарағайдай Оралхан Бөкей шыққан текті жердің тумасы Ленинді тұғырдан тайдыратын ерлікке барса, есімі тарихта мәңгі қалары анық. Осы арада Лениндерге қатысты үнемі ойдан шықпайтын бір жайтты айта кеткім келеді. Жалпы, облыстағы Лениндердің, кеңестік тұлғалардың бәрін Өскемендегі халық ең көп жиналатын этнопаркке жинап, музей ашып қою қаншалықты дұрыс дүние?Абай мен Шәкәрімнен ұят болатын болды-ау
Семей демекші... Семейді қазақ руханиятының астанасы деп ерекше құрметпен қараймыз. Алайда сол Семейіміздегі тірліктер көңілден шықпай қалып жататыны бар. Мысалы, Лениннің көшесін абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың атына әрең ауыстырғанымыз күні кеше ғана. Бұған Интернациональнаяны тағы қосыңыз. Семейге кіреберістегі Приречное, қала ішіндегі Восточный, Холодный ключ елді мекендерін ауыстырсақ, ешкім бізге қой демесі анық. Алтайдан Ленинді қуа алмаған Ермак Сәлімов мырзаның осыларды өзгертуге шамасы жетеріне сеніммен қараймыз. Әйтпесе, тамызда Абай тойына алыс-жақыннан, шетелден келетін қонақтардан ұят болар.Тілдерді дамыту басқармасының да өз айтары бар
Осы фактілердің бәрін қағаз түсіріп, буып-түйіп алып облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысының міндетін атқарушы Роза Төлемісованың кеңсесіне барып, алдына жайып салдық. Бірінші кезекте ескерткіштерді алу, орнату мәселесімен тілдерді дамыту басқармасы емес, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы айналысатынын, өздерінің құзіретінде тек ономастика екенін айтқан Роза Әшімханқызы идеологиялық тұрғыдан мазмұны ескірген атауларды ауыстыруда облыста мүлдем жұмыс жүрмей жатыр деу дұрыс емес екенін, соңғы жылдарда біршама елді мекендер мен көше атаулары өзгергенін жеткізді. Дегенмен біздің тарапымыздан жоғарыда айтылғандармен келісетінін де мәлімдеді. Оның айтуынша, тәуелсіздік алған уақыттан бері 2020 жылға дейін облыста 141 әкімшілік аумақтық бірлік, 791 көше, 64 мектептің атауы қайта аталған. Мұның ішінде 441 көше, яғни 56 пайызы 2017-2019 жылдар аралығында ауысқан. – Мен сізге айтайын, 2018 жылдың басында облыста 51 Ленин, 21 Киров, 68 Советская, 47 Октябрьская, 29 Комсомольская, 15 Совхозная, 13 Колхозная көшесі болды. 2017-2019 жылдары қарқынды жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде идеологиялық тұрғыда ескірген 439 көшенің 291-нің, 46 әкімшілік-аумақтық бірліктің 17-нің, 11 мектептің 9-ның атауы ауысты. Әрине, мұның бәрі айтуға ғана оңай. Көп жерлерде қарсылық бар. Өзіңіз де білесіз, – дейді басқарма басшысының міндетін атқарушы Роза Төлемісова. Иә, бұл жұмыстарды үздіксіз жеделдете жалғастыра беру қажет. Себебі шығыста әлі ауыстыруды қажет ететін 148 көше, 29 елді мекен, 3 мектеп бар. Соның ішінде 24 көше Лениннің, 10 көше Кировтың атын әлі егеменді елімізде ұялмай иемденіп тұрса, Советская деген 35, Октябрская деген 14, Комсомольская атты 11 және бұлардан басқа тағы да идеологиялық тұрғыдан ескірген бірнеше көше бар. Сондықтан арқаны кеңге салуға әлі де ерте, еркінсуге әсте болмайды.Дәурен АЛЛАБЕРГЕН, Шығыс Қазақстан