Тойхана иелері «2 ай бойғы карантин кезінде миллиондаған табысымыздан айырылдық» деп шыр-пыр болуда. «Тым құрығанда жүз адамдық тойға рұқсат берілсін», – дейді олар. Еліміздің бірқатар аймағында ірі мейрамхана, тойхана иелері мен жұмысшылар наразылық шеруін өткізді. Жиналған жұртшылық базарлар мен сауда орындары ашылған шақта мейрамханаларды ашуға рұқсат бермей отырған билікке наразылығын білдіріп, ендігі кезекте банкет залдарын ашуды сұрады. 3 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің алдына жиналған көпшілік 2,5 ай карантинде отырғанын, осы уақыт аралығында шығынға белшесінен батқанын айтып шуласты. – 15 наурызда мейрамханалар жабылды. Бірнеше адам жұмыс істейтін мейрамханалардың уақытша жұмысын тоқтатуынан көптеген адам жұмыссыз қалды. Олардың тең жартысының әлеуметтік жағдайы төмен. Басында несиелері бар. Қайта карантин кезінде несие төлеу мерзімін үш айға шегерді. Енді алдағы шілде айында несие төлеуіміз керек. Жұмыс ашылмаса, несиемізді қалай төлейміз? Санитарлық талаптарды сақтауға дайынбыз, бізге жұмыс істеуге рұқсат берсін, – дейді кәсіпкер Аслан Жақыпов. Әкімдік алдына жиналғандардың арасында мейрамхана қожайындарынан бөлек, аспаз, даяшы секілді қызметкерлер, сондай-ақ музыканттар мен асаба, мейрамхана мен банкет залдарының қызметкерлері де бар. – Жұмыссыз жүргеніме 3 ай болды. 100 мың теңге мөлшеріндегі пәтерақымды төлеген жоқпын. Маған 300 мың теңгені санитар дәрігер бере ме? – дейді тойхана әкімшісі Ерлан Есенмұратов. Көпшіліктің сұрақтарына жауап беру үшін қалалық әкімдіктен сауда және қызмет көрсету саласын дамыту бөлімінің жетекшісі Руслан Ыдырысов келді. Ол кәсіпкерлерге «өтініштеріңізді жазбаша қалдырыңыздар, дүйсенбіге дейін қараймыз, санитарлық дәрігермен ақылдасып, бір амалын табармыз» деп жауап берді. Бұдан соң наразы топпен сөйлесуге қалалық Тауар және қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті жетекшісінің орынбасары Айгүл Шағалтаева шықты. Ол тұрғындарға қоғамдық тамақтану орындарына 30-дан артық адамның жиналуына рұқсат бермеу себебін түсіндірді. Оның айтуынша, кішігірім тамақтану орындарында адамдар тойхана, банкет залдарындағыдай ұзақ отырмайды. Науқастар өсімі елордада азаймай отырғандықтан, мұндай орындарды ашу вирустың тарау жылдамдығын арттыруы мүмкін екенін айтады.
Шымкенттегі шу. Тұрғындар ұсыныстарын айтты
Елордадағыдай наразылық шеруі оңтүстікте де болды. Шымкентте бизнестің үлкені той бизнесі мен базарлар екенін көпшілігі жақсы біледі. Қазақы қаймағы бұзылмаған өңірде қысы-жазы той үзілген емес. Миллион тұрғыны бар қаладағы 120-дан аса тойхана мен 700-дей мейрамхана, кафелердің есігі бір күн болса да жабылған жоқ. Үйлену той, сүндет той, мерейтойдан бөлек, шілдехана, туған күн, тұсаукесер, тілашар да дәстүрге айналып, оны тоқтатуға ешкімнің де қауқары жетпей жүрген. Міне, әлем дүрліккен тұста амал жоқ, оңтүстіктегі тойшыл қауымның да аяғына тұсау салынып, тойханалардың есігі тарс жабылды. Табыстарынан айырылып, ақшаларынан қағылған тойхана иелері мен сол салада еңбек ететіндер тойханалардың ашылуын талап етіп, «Тойхана ашылсын» деген плакатпен қалалық әкімдіктің алдына жиналды. Бұл тақырып бұдан бұрын әлеуметтік желілерде де қызу талқыға түскен болатын. Бірі тойхана иелерін жау алмайтынын айтып, әзірге тойханалардың ашылмағаны дұрыс десе, тағы бір топ бір тойдың айналасында бірнеше қызмет көрсету түрінің жұмыс істеп нәпақа тауып жүргенін айтады. Наразылық білдірген тұрғындар тарапынан өтініш жасалды. Ал әкімдіктегілер тойханалардың арыз-талабын осы аптада қарастырмақ. Арнайы құрылатын штаб отырысы белгіленді. Тойхана иелерінің талабы қабылданатын болса, онда шымкенттіктер күндізгі 3-тен кешкі 9-ға дейін той өткізуге мүмкіндік алады.Ақтөбеліктер департамент басшысымен кездесті
Ақтөбеде де ірі базарлар мен мейрамхана иелері облыстық Тауарлар және көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысымен кездесті. Облыстық кәсіпкерлер палатасы бизнес иелерін жинап, облыстық Тауарлар және көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаевамен жүздестірді. Кездесуде сондай-ақ облыстық Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов, «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова да болды. Облыстық әкімдік ғимаратында өткен кездесу барысында кәсіпкерлер жағдайларын айтып, той жасауға рұқсат берулерін сұрады. Қазіргі таңда облыста көптеген нысанның жұмысын жалғастыруға рұқсат берілгенмен, қоғамдық тамақтану орындарында 50 адамға дейін қызмет етіледі. Алайда қоғамдық тамақтану орындары мен мейрамханаларда ұжымдық іс-шаралар, той-думан, садақа өткізуге уақытша тыйым салынған. Кездесуде кәсіпкерлер де бірнеше мәселені ортаға салды. Олар той иелерінің алдын ала төлеп қойған жарнасын кейін қайтарып алып, мерекелік шараларды өз аулаларында киіз үй құрып өткізіп жатқанын айтты. Талап пен тәртіпті бірдей сақтау үшін жергілікті билік өкілдерінен рейд шараларын ұйымдастыруды сұрады. – Біз де елдегі жағдайды көріп, түсініп отырмыз. Дәл қазіргі уақытта біздің алдымызда табыс табу емес, кәсібімізді сақтап қалу мәселесі тұр. Арамызда мейрамханаларды жалға алып отырған әріптестеріміз де бар. Банктегі несие, салықтан өзге, қызметкерлерімізді де жоғалтып алу қаупі тұр. Алып отырған жалақысы болмаған соң білікті қызметкерлеріміз басқа жұмыс орындарын іздейді. Сондай-ақ ай сайынғы төлейтін коммуналдық төлемдер де дәл қазіргі таңда мейрамхана иелері үшін үлкен мәселеге айналды. Тоқетері, бізге мемлекеттен көмек қажет емес, бізге жұмыс істеуге мүмкіндік берсе болғаны, – деді мейрамхана иелері атынан сөз алған кәсіпкер Қалауша Садықова. Кәсіпкерлердің өтініш-тілегін тыңдаған «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова аталған мәселелер бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын және нақты шешім қабылданған жағдайда міндетті түрде хабарланатынын айтты.Абылайхан ЖҰМАШ, Назгүл НАЗАРБЕК