Ауылдың маңы қоқыс сай
Ауылдың маңы қоқыс сай
471
оқылды
Қазір елімізде жалпы көлемі 150 миллион тонна қалдық бар екен. Жыл сайын 4,5-5 миллион тоннадай қатты тұр­мыс­тық қалдық жиналады. Ал елімізде 3,5 мың­нан астам қоқыс полигоны болса, оның 17 пайы­зы ғана эколо­гия­лық  санитарлық талаптарға сай кө­рінеді.  Полигондардың басым бөлігі толған.  Оның үстіне, ауылдарымыз да қоқысқа батып бара жатқаны жайлы деректер бар.  

Ауылдарда қоқыс контейнерлері өте аз

Ашығын айтсақ, мыңдаған қазақ ауылының маңы күл-қоқыс полигонына айналып кеткен. Онда не жоқ, қоқыс­тың бәрі бар. Қыс бойы ауыл тұр­ғындары тұрмыстық қал­дықтардан бастап малдың тезе­гіне дейін сонда төге­ді. Ең қауіптісі, ол күл-қоқыс по­ли­­гондарында малдың, ит-мы­сық­тың өлекселері үйіліп жатыр. Сол өлекселерді талап жеп жүрген ит-құстар. Олар жұқпа­лы ауру таратады. Қазір көп ауылды қара шыбын басқан. Қалыптасқан бұл сұмдықты қада­ғалап жатқан бір жанды көр­медік. Шұғыл шара қолдан­басақ, елге жұқпалы аурулар тарап кету қаупі бар» делінген. Сани­тарлық жағдайларына тек­серу жүргізіп, тиісті шара­лар­ды жүзеге асыру қажеті айтылып, арнайы қаулы қабылдау кере­гі жөнінде нақты ұсыныс қойыл­ды. Ақпараттық ағартушылық үгіт-насихат штабының басшы­сы, «Ұлы дала қырандары» ха­­лық­­­тық қозғалысының тең тө­­рағасы Сәдібек Түгел­мен тіл­­дескенімізде ол ауыл­дар­дың төңірегінде қоқыс көп еке­нін айтты. «Бірнеше ауыл­ды аралап, елді мекендердегі қоқыс пен ондағы эпидемио­ло­гия­лық жағдайды өз кө­зім­­мен көріп қайттым. Ауыл­ды қай­­та­­­дан қалпына кел­тіріп, жан­дан­дырып, түбе­гейлі кө­теру керек. Ауыл рефор­ма­сын жүр­гізу қажет. 1984 жылы бізде 12 714 ауыл болды. Қазір оңтай­лан­дырудан кейін қал­ғаны 6 612 ғана. Екі есеге кеміп отыр. Соның өзін қо­қыс­­тан арылтып, таза­лығын сақтай алмай отыр­мыз», – деді Сәдібек Түгел. Былтыр Экология департа­мен­­тінің тексерісі барысында ауылдардың маңында үйіліп жатқан 300-ден астам қоқыс орны анықталған. Бұл қоқыс төгуге рұқсат етілмеген жер­лер. Алайда бұл деректердің өзі нақты болмауы мүмкін. Мәсе­лен, «Қазақстан ғарыш сапары» ҰК» АҚ жүргізген ғарыштық мониторингте 2018-2019 жыл­дары Маңғыстау облысынан – 346, Павлодар облысынан – 700-ден астам, Жамбыл облысынан 346 қоқыс төгілген алаң та­был­ған. Бұл деректер жыл сайын өзгеріп тұратыны тағы бар. 2018 жылы рұқсат етілме­ген қоқыс полигонының саны еліміз бойын­ша 8,6 мың болса, 2019 жылы 9,2 мыңға жетті. Деген­­мен ауыл­дық жерлер­дегі қоқыс жайлы жеке мони­то­ринг жоқ. Әр аудан мен қала, ауыл өзінше жасайды. Ал республика бойынша қо­қыс­­ты сұрыптауға арналған арнайы орны бар жалғыз ауыл‒Павлодар облысындағы Те­рең­­көл елді мекені. Тұрмыс­тық қалдықтар Тереңкөл ау­да­­нының орталығына жа­қын аумақтағы арнайы поли­­­гонында сұрыпталады. «Те­рең­көл тазалық» ЖШС қо­қыс­тарды қабылдап қана қой­май, оны сұрыптау үшін алаң ұйымдас­тырған. Кейін бұл ауылдың тұр­ғын­дары қал­дық­тарды сұрыптау үшін көшелерге жеке-жеке қоқыс жәшіктерін орнатқан. Сөйтіп, бұрынғыдай қоқысты бір жерге үюден бас тартып, сұрыптап төгуді мең­геріпті. Өкінішке қарай, елі­міздегі өзге 6 мыңнан астам ауылға мұн­дай бақ бұйырмаған. Одан бөлек, мекендердің басым бөлігінде қалдықтарды за­лалсыздандыру бойынша жұ­­­мыс жүргізілмейді, қоқыс поли­гон­дарының шекаралары анық­талып, қоршалмайды. Эко­логтар мен санитарлық ма­ман­дар осы күнге дейін айтып келеді. Тыңдар құлақ жоқ. Ша­масы, төңіректің ластан­бауы­на жауапты құрылымдар да, тұрғындар да сал­ғырттық таны­татын болса керек. Әйт­песе, елімізде заңнама бо­­йын­­ша, кез келген қоқыс тасы­мал­данып, сұрыпталуы тиіс. Соны­мен қатар оны өңдеу үшін инфрақұрылым жүргізілуі қажет. Сондай-ақ еліміздегі  тұрмыстық қалдықтар арнайы полигондарға сұрыпталған күйінде шығарылуы тиіс. Қоқыс полигондары пласт­мас­са, плас­тик, полиэтилен, қа­ғаз, құры­лыс материалдары қал­дық­­тарын қабылдамайды және сақ­та­­­майды. Сондықтан арнайы контейнер орнатылған. Негізі­нен, мұндай ыдыстар қалаларда бар. Ал ауылдарда контейнерлер туралы айтудың өзі артық.  

Қоқыс өңдеуден үздік отыздыққа кіре алмаймыз

Қазақстан – дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мақсат етіп отырған ел. Үздік болу үшін кез келген істе көш басында бол­мақ керек. Алайда қоқыс өң­деу ісінде Қазақстан үздіктер қатарына әзірге кіре қоймайтын тәрізді. Өйткені дүниежүзіндегі көшбасшы, дамыған отыз елде қоқыс 90 пайыз өңделеді, тек 2 пайызы ғана жерге көмі­ле­ді. Ал бізде, керісінше екенін сан­дық көрсеткіштен аңғаруға болады. Негізінен, қағаз, плас­­тик, полиэтилен ғана ірік­­теліп алынады. Қалғаны сы­ғым­далып, жерге көміліп жатыр. Елі­­мізде қоқысты жою­дың не­­гізгі екі жолы бар. Бірін­шісі – бактериямен шірітіп ты­­­ңайт­­қышқа айналдыру. Ал оның өзі бірден шірімей ұзақ уа­қыт бойы жататынын ескеру қажет. Екіншісі – өртеу. Эко­лог­тар екінші әдіске күрделі қон­дырғымен қатар отын көп керек екенін айтады. Сондай-ақ ауаға да зиянды заттар бөледі. Ол жағын да қаперге алған дұрыс болар. Халықаралық экология ака­де­миясының президенті, техни­ка ғылымдарының докторы, про­фессор Мұсағали Дуамбеков қал­дықтардың артуының басты се­бе­бін кеңестік кезең­­дегі ши­кізат мемлекеті бол­ға­нымызбен, жерасты пайда­лы қазбаларын игеруде қалдықтар­дың көптеп жиналып қалуымен түсіндірді. Жалпы, бұл салаға ерекше көңіл бөлетін уақыт жеткенін айтты. «150 млн тонна тұрмыстық қалдық бар. Оған жыл сайын 5 млн тоннадай қосы­лып отырады. Яғни, тек жи­нап жатырмыз. Әр адам ба­сына шаққандағы қалдықты есеп­­тер болсақ, дүниежүзінде көш­басшы болар едік. Мәселен, Нұр-Сұлтан мен Алматыда қоқыс өңдейтін ірі қондырғылар бар. Олардың өзі қоқыстың тек 10 пайызын ғана сұрыптайды. Құ­рылғылар бірде істейді, бір­де істемей жатады. Жалпы, бұл салаға тиісті көңіл бөлінуі керек», – дейді Мұсағали Дуам­бе­ков. Бұл еліміздегі тұр­мыс­­­тық қатты қалдықтардың қор­­шаған ортаға кері әсерін ти­гізіп, экологиялық ахуалға ай­тарлықтай нұқсан келтіріп жат­қанын көрсе­теді. Әрине, тұр­мыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеп, игілікке жарату жо­баларының жасалып жатқа­нын жоққа шығармаймыз. Де­ген­­мен олардың саны саусақ­пен са­нарлықтай ғана. Әрі әлеуеті аз.     Түйін:  

Тұрмыстық қатты қалдықтар көлемінің шектен тыс ұлғаюы – алаңдатарлық ахуал. Оның үстіне,  қоқыстың ауылды жерлерде көптеп шашылуы мәселені тіптен күрделендіре түседі. Қалаларда  сенбіліктер арқылы төңіректі тазалаудың,  тұр­мыстық қатты қалдықтарды ком­муналдық шаруашылық қыз­меті арқылы  жинап алудың мүм­кіндігі бар. Ал ауылдарда күл-қоқысты жинайтын қызмет түгілі  бірлі-жарым техника да табыла қоймайды. Әрі тұрғындар да  төңіректегі қоқысқа назар аудар­­май­тын кездер кездеседі. Бәл­кім, еттері үйреніп кете ме, кім білсін?!

 

Сұңқарбек БАТАНҰЛЫ

 width=