АҚШ-тың Миннеаполис қаласының 46 жастағы тұрғыны Джордж Флойдтың өлімі жаппай наразылық шерулерге түрткі болды. Себебі Джордж Флойд полиция қолынан қаза тапты деген күдік расталды. Алдымен сол қала тұрғындары полиция ғимаратының алдына келіп, қарсылығын білдірсе, кейін бүкіл ел бойынша бейбіт жиындар жаппай тәртіпсіздікке ұласып жатты. Халықтың бұлай толқуының басты себебі – Дж.Флойд қара нәсілді, ал оның мойнына 7 минут тізесін батырып, ұстап тұрған полицей ақ нәсілді еді. Яғни, расизм мәселесі қайта ушықты. Сол күні дүкен иесі кезекті клиент 20 долларлық жалған ақшамен есеп айырғысы келетінін хабарлап, полиция шақырады. Тәртіп сақшылары күдікті Джордж Флойдты құрықтайды. Дүкен сыртында полиция офицері Дерек Шовин оның қолына кісен салып, 7 минуттан аса уақыт мойнына тізесін батырып, бетін жерге тақап ұстап тұрады. Қалған үш полицей екеуін айналшақтап жүреді. Осы уақытта Джордж Флойд бірнеше рет «Тұншығып жатырмын» деп мойнын босатуын сұраған. Болып жатқан оқиғаны қала тұрғындары видеоға түсіріп, әлеуметтік желі арқылы таратып жібереді. Видеоны көрген қара нәсілді Миннеаполис жұрты қас қарая қалалық полиция ғимаратының алдына жиналып, бояулар лақтыра бастайды. Ертесіне оқиғаға қатысы болған 4 полицей де жұмыстан босатылғаны белгілі болды. Оқиға осылай бастау алып, ары қарай күрделене өрбіді. Карантин, жұмыссыздық, локдауннан шаршап отырған халыққа бұл оқиға от ұшқынындай болды. Бүгінде полицияның озбырлығына қарсы шығып, әділдікті талап еткен халық Сан-Франциско, Нью-Йорк, Атланта, Чикаго, Детройт, Хьюстон, Уашингтон және басқа да қалаларда көшеге шықты. Көбіне бейбіт шерулер көліктерді жағуға, дүкендер мен супермаркеттерді тонауға ұласып, наразылықтың о бастағы мақсат-мұраты жоғала бастады. Миннеаполис қаласының басшылығы жағдайды бақылай алмайтынын түсініп, АҚШ-тың Ұлттық гвардиясының 500 сарбазын көмекке шақырды. Бүгінде халқы бас көтерген қала саны 150-ге жетті деген мәлімет бар. 40 қалада комменданттық сағат енгізілген. Расизмге қарсы пикет жасаушылар АҚШ астанасы Уашингтон қаласында да шықты. Олар Ақ үйге жақындап, полициямен қақтығысты. Қауіп төнуіне орай АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үй бункерінде 1 сағатқа жуық жасырынуына тура келді. Ал полиция демонстранттарға қарсы көзден жас ағызатын газ қолданған. Алайда митингті басу әдістеріне қатысты көзқарас әртүрлі. Трамп «Митинг тоқтамаса, елге армияны кіргіземін» деп тістеніп отыр. Федералды билік мұны қажеттілік санаса, Уашингтон қаласының мэрі халыққа қарсы қару қолдануды масқара тірлік деп есептейді. Нью-Йорк мэрі де осы пікірде. Қос қалабасы пикетшілерге қарсы әскерилердің, тікұшақтың қолданылуына келіспейді. Ел астанасына 1 600 сарбаз кіргізілді. Бір қызығы, армияға жауапты Пентагон басшылары да әскердің полиция функциясын атқаруына қарсы екен. Әрине, осынша қару мен мыңдаған халық көшеде қақтығысқанда адам шығыны болары хақ. Әзірге 11 адам көз жұмды, жүздеген адам жарақат алды, мыңдаған адам тұтқындалды. Айтпақшы, кейбір қалаларда митингілерді басуға шыққан полицейлер бір аяғын бүгіп, елден кешірім сұраған. Яғни, халықтың ұстанымына, талабына келіскен. Сондай-ақ қара нәсілді азаматтардың алдында бір топ ақ нәсілді жұрт та аяғын бүгіп, осы уақытқа дейін созылған расизм үшін кешірім сұрады. Осы аптада Джордж Флойд отбасы жалдаған патологоанатомдар оның кісенделген жерде миға қан келмеуінен көз жұмғанын хабарлады. Яғни, полицей Дерек Шовин аяғымен Дж. Флойдтың ұйқы күретамырын басып, оған тыныс алуға мүмкіндік бермеген. Қазір Шовиннің өзі құрықталып, абайсызда кісі өлтіру айыбы тағылып отыр. Егер аталған айып дәлелденсе, ол 40 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. О баста Шовиннің жанында болған үш полицей тек жұмыстан шығарылса, қазір оларға да адам өлтіруге итермелеу, арандату айыбы тағылды. Сонымен, Шовинмен дүкенге барған Ту Тао, Томас Лэйн және Александр Куэнг те тұтқындалды. Ал мұндай қоғамдық қысымға шыдай алмады ма, әлде ар-ұяты жібермеді ме, Дерек Шовиннің жұбайы ажырасуға арыз беріпті. Қысқасы, бір полицейдің өз қызметін асыра пайдалануы елдің де, өз өмірінің де астан-кестеңін шығарды. Жалпы, АҚШ-та полиция ерекше құқыққа ие және қауіп туған жағдайда адамға оқ атуға мүмкіндігі бар. Мәселен, 2015 жылы Уашингтон пост газеті өз зерттеуін жүргізіп, полиция қолынан қаза табатындардың арасында қара нәсілділер басқаларға қарағанда 3 есе көп екенін анықтаған. Сол жылы полиция алғашқы 5 айда 385 адамды атып өлтірген, яғни күніне 2 адамды о дүние аттандырып отырған. Дегенмен АҚШ сарапшылары шынайы статистика бұдан да көп екенін, полиция көп жағдайда өз құрбандарын жасыратынын мәлімдеген. Ал 2019 жылы АҚШ-тың тәртіп сақшылары 1 004 кісінің көзін жойған. Әрине, олардың бәрі заңды қатаң орындаған үлгілі азаматтар деп айта алмаспыз, бірақ олардың 100 пайызы толық кінәлі әрі полицей оғынан өлуге лайық еді деп ешкім толық сеніммен айта алмайды. Бірақ 2017 жылдан бері полиция атып тастаған адамдардың 209-235 жуығы қара нәсілді азамат болған. Яғни, 3 жылда сан өзгермеген. Ал полицей қолынан көз жұмған ақ нәсілділер саны соңғы үш жылда кеміп отырған. Бұл нені білдіреді? Соңғылары тәртіп бұзуды азайтты ма? Дөп басып айту қиын. Бір адамның өлімі тек бір елде ғана емес, расизм жиі кездесетін басқа да мемлекеттердегі толқуларға себеп болды. Бір қызығы, бұл демократиялық деп есептелетін Франция, Ұлыбритания, Германии, Нидерланд, Австралия, Жаңа Зеландияда болды. Мәселен, Парижде 20 мың адам 2016 жылы полицейлер кісендегенде көз жұмған Адам Траорені еске алып, көшеге шықты. Ал Лондонда бетін жапқан бір топ жас премьер-министрдің кеңсесін шабуылдауға тырысты. Яғни, нәсілге қарай адам құқығын таптау не шектеу бүгіннің негізгі проблемаларына айналып отырғаны көрініп-ақ тұр. Мұны көптен бері аталған мәселеде іште жиналған запыранның сыртқа шығуы деп түсінсек те болар. Алайда бұл мәселеде бірден қару ұстаған құқық қорғаушыларды айыптауға тағы болмас. Нақты статистика істің мәнін ашады. Мәселен, көз жұмған Джордж Флойдқа ең алдымен жалған 20 долларды қолданды деп күдік түсті. Оған қоса, ол бұған дейін де ұрлық үшін 5 жыл бас бостандығынан айырылған адам еді. Әрине, кім болса да, оның мойнына тізені батыруға болмайды. Жалпы, АҚШ-та 328 млн халықтың 14 пайызы ғана қара нәсілді. Бірақ 2018 жылы есірткіге қатысты қылмыс үшін 100 мың қара нәсілді халыққа шаққанда 750 адам тұтқындалса, ақ нәсілділер арасында дәл осы қылмыс үшін 100 мың адамның 350-і ұсталған. Яғни, афро-америкалықтар есірткі саудасы, қолданысы және басқа да заң бұзушылықтарға бір табан жақын дегенді білдірсе керек. Айтпақшы, сөз болған «түсті азаматтар» АҚШ-та түрмеге жиі түсетіндер екен. Жоғарыда айтқандай, афро-америкалықтар үлесі елде 14 пайыз болса да, олар сотталғандардың 30 пайызын құраған, ал ақ нәсілділер елде 74 пайыз, бірақ абақтыдағылардың 30 пайызы. Сонымен, Джордж Флойд өлімі, халықтың оған наразылығы АҚШ-та расизм әлі де шешілмеген үлкен проблема екенін айшықтап берді. Алайда осыншама толқу, митинг келешекте адамдардың құқығын нәсіліне қарамай тең етуге ықпал ете ме, әлде тағы да тарих қойнауына еніп, ұмытылып кете ме, оны уақыт көрсетер. Себебі Джордж Флойд полицей қолынан көз жұмған алғашқы қара нәсілді емес.