Жалақыны көбейту – өз қолыңда
Жалақыны көбейту – өз қолыңда
182
оқылды
Елімізде мектеп директорлары мен олардың орын­басарларын аттестациядан өткізу институты енгізіледі. Сыннан сүрінбей өткен басшылардың жалақысы артады. Бұл туралы Білім және ғылым ми­нистрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді. «Педагогтардың сапалық құрамын арттыру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта 150 мыңнан астам педагог білік­тілік санатын растап, лауазымдық ең­бекақысының 30-50 пайызы көлемінде үстемеақы алып жатыр», – деді ведом­ство басшысы. Министрдің айтуынша, мектеп басшыларының жалақысын арттыру мәселесі де қарастырылған. «Жалпы ол – белгілі проблеманың бірі. Қазіргі уақытта директорлардың жала­қысы өте аз, жеткіліксіз. Ол үшін бір­не­ше шара қабылдадық. Біріншіден, биыл және келесі 4 жыл ішінде жалақының екі есе өсуі директорларға да қатысты болады. Екіншіден, директорлар мен олардың орынбасарларын аттеста­ция­дан өткізу институты енгізілді. Яғни, енді директорлар мен олардың орын­басарлары өз жұмысының тиімділігін көрсеткен жағдайда ай сайынғы жала­қысына 30-дан 100 пайызға дейін қо­сымша үстемеақы алатын болады» деп түсіндірді А.Аймағамбетов. Министр­дің сөзінше, осы айдан бастап мектеп ди­ректорлары мен олардың орынбасар­лары жаңа жүйе бойынша тест тапсыра бастайды. Сынақ нәтижесі бойынша кей директорларды орнынан алу немесе басқа мектепке жіберу туралы шешім қабылдануы мүмкін. Ал аттес­тациядан сүрінбей өткендер үстемеақы алып, өз жұмысын әрі қарай жал­ғас­тырмақ. Айта кетейік, бұған дейін Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің шамадан тыс есеп беру мәселесін тү­бегейлі шешетін бұйрықты егжей-тегжейлі түсіндірген. Министрдің ай­туынша, бұдан былай мұғалімдер екі-ақ құжатты толтырады. Сонымен қатар ауыл мұғалімдеріне жалақы төлеу жүйесі өзгеруі мүмкін. «Ауыл мен қала арасындағы алшақтықты азайту мәселесі – үнемі назарда. PISA рейтингі арқылы тек ауыл мен қала емес, өңір мен өңір арасындағы үлкен алшақтықты көріп отырмыз. Бұл, әрине кешенді шара қабылдауды қажет етеді. Ауыл мен қаланың қашықтығын айт­қанда, ең алдымен мұғалім тапшылығы мәселесі көрінеді. Сондықтан Мемлекет басшысы тиісті тапсырма беріп, ауылда істейтін мұғалімдердің жалақы алу жү­йе­сін өзгертуді ұсынды. Бұл неге ма­ңызды? Өйткені білім саласында бір мөл­шерлеме – 18 сағат. Ал шағын жи­нақ­талған мектептерде 18 сағат бол­май­ды, бір сынып екінші сыныппен қосы­лып оқиды немесе бала саны аз. Сон­дық­тан да 4-6 сағат үшін мұғалім ауылға бармайды. Мұғалім болмаған соң білім сапасы да болмайды», – деді министр.  

 width=Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ